Соған орай «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра» жобасы аясында студент жастарға арналып «Ұрпақ аманаты» тақырыбында қоғамдық дәріс оқылды.
Тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбектеріне негізделген дәрісте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ұлт зиялылары жайында деректер мен мұраларын сөз етіп, ой-толғамдарын ортаға салды.
Жалпы, «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы 2020 жылы бастау алған болатын. Содан бері елімізде жоба аясында 5 мыңға жуық тағылымды тарихымызды, тұғырлы тұлғаларымызды, мәдениетіміз бен руханиятымызды насихаттауға бағытталған шаралар өткізілген.
«Солардың ішінде республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі ақындар айтысын ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде республика бойынша 30-дан астам мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 200-ге жуық мәдени орын абаттандырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды партия филиалдары жыл бойы жүзеге асырып келеді. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын ұлықтауға арналған кезекті іс-шара Алаш арыстарының құрметіне арналып отыр. Тарихи тұлғалардың негізгі идеясы қазақ елінің тәуелсіздігіне қол жеткізу еді. Бүгінгі еліміздің ұстанып отырған негізгі ұстанымы да осы бабалар арманы, аталар ерлігімен келген тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны кейінгі ұрпаққа аманаттау», – деді тағылымды шарада облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев.
Қоғамдық дәріс барысында ғалымдар тарапынан М.Жұмабаевтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, М.Көпейұлы еңбектеріндегі тарихи деректерінің маңызы, С.Торайғыров шығармалары, Ш.Құдайбердіұлынан қалған мұралар тарихы туралы баяндамалар жасалып, тың деректер айтылды.
«Мұндай тағылымы мол қоғамдық дәрістерді көптеп өткізу қажет. Осы арқылы тарихи тұлғалардың өмір деректерін, төл мәдениетіміз бен тарихымызды өскелең ұрпақ жадында жаңғыртып, саналы да саламатты азамат болып қалыптасуына негіз қаланады. Бүгінде оқу орнында білімін шыңдап жатқан студенттердің төл тарихымызды біліп, тануға деген ынтасы зор екені байқалады. Ал мұндай дәрістер білім алуға, көп білуге қүштар жастарымызға рухани азық болары сөзсіз», – дейді бізге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Тарих кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақыттан Ахметбек.
Шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұлттық тәрбиені арттыру мақсатында тарихи тұлғаларымыздың тағылымды жолын насихаттауда осындай дәрістер кейінгі буынға қажет екенін алға тартты. Жастарды белсенді болуға шақырды. Шара соңында облыстық және қалалық мәслихаттың фракция мүшелері Ә.Шаймағамбетов, А.Мұсабаев, М.Бисенова, университеттің профессор-оқытушылары мен жастар ой-пікірлерімен бөлісті.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы