«AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиа­лында өткен өңірлік қоғам­дық кеңес отырысында Мақат ауданындағы келелі мәселелер қозғалып, олар­ды шешу жолдары талқы­ланды.
Келелі мәселелер қозғалды
857
оқылды

Аталған ауданның экология бойынша басты мәселесі – аумақтағы көлемі үлкен сорларды көму. Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкиннің айтуынша, мәселені шешу мақсатында 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Құны 11 млрд 213 млн 636 мың теңгені құрайтын жобада Мақат және Доссор кенттеріндегі 165,06 гектар тұзды көлдерді көму жоспарланыпты. Бүгінде Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 500 млн теңгеге бюджеттік өтінім жолданған. Енді облыстық мәслихаттың кезекті бюджеттік нақтылау сессиясында қаражат бөлінген жағдайда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жария­ланып, мердігер анықталмақ. 

Мақаттықтарды алаңдатқан тағы бір жайт – қос кенттегі ғасырдан астам тарихы бар, апатты жағдайда тұрған үйлер. Президенттің сайлауалды бағ­дарламасы бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа үймен қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы, Мақат ауданындағы апатты және көне үйлердің мәселесін шешу үшін 12 млрд теңге қажет. Облыс әкімі бекіткен Жол картасына сәйкес Доссор кенті Қ.Құдабаев кө­шесіндегі №21, 22 үйлерді көшіру 2025 жылға жоспарланғанымен, тұрғындардың өтінішімен олар­ды биыл көшіру көзделіп отыр. Қазір аталған тұрғын үйлерді кө­шіру үшін 128 млн теңге қара­жат қажет. Кеңес отырысында көтерілген аудандағы түйткілді мәселенің барлығының шешімі қаражат бөлуді қажет етеді. Тиісті қаржы бөлінгеннен кейін кезең-кезеңімен шешімін таппақ.