– Қазақшаны мұншалықты таза сөйлеуді қалай үйрендіңіз?
– Мен ауылдың қызымын. Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бақанас деген ауылда туып-өскенмін. Үйдегілердің бәрі орысша сөйлегенімен, далаға ойнауға шыққанда көрші қыздармен қазақша сөйлесуге тырысатынмын. Бірте-бірте тілім сынып, қазақшам тәп-тәуір болды. Мектепте қазақ тілінен байқауларға қатыса бастадым. Қазақша кітап оқуды қолға алдым, қазақ әндерін сүйіп тыңдауға көштім. Кейін университеттің де қазақ бөліміне оқуға түстім. Айналамның бәрі қазақтың ұл-қыздары болатын. Осылайша, қазақ тілін табиғи түрде, табиғи ортада жүріп үйрендім.
– Қазір сіз «Сөйле» тілдесу клубында қазақ тілін оқытып жатырсыз. Одан бөлек, әлеуметтік желіде қазақ тілін үйретіп жүрсіз. Шәкірттеріңіздің көбі кімдер? Қазақша білмейтін қазақтар ма, әлде өзге ұлт өкілдері ме? Шетелдік азаматтар да бар ма?
– Шәкірттерімнің қатары бірте-бірте толығып келе жатыр. «Сөйле» тілдесу клубындағы сабақтарыма 70-80 адам қатысады. Одан бөлек, әлеуметтік желіде «бізге қазақша үйретіңізші» деп өтініп сұрайтын оқырмандар қаншама? Алла қаласа, 2 мамырдан бастап онлайн сабақ беруді де бастамақпын. Бір сөзбен айтсам, адамдардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жаман емес. Алдыма келген шәкірттердің ішінде 12-13 жасар жеткіншектер де, 85-тен асқан ата-әжелер де бар. Шамамен 30 пайызы – қазақтар. Қалғанының бәрі-дерлік – елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері. Шетелге көшіп кеткен қазақтар да бар.
– Адамдардың қазақ тілін үйренуінде қандай проблемаларды байқадыңыз?
– Қазақ тілін үйреніп жатқандар алғашында жалғау-жұрнақтардан қиналады. Бір жұрнақтан жаңа сөз туғанда, соның мағынасын түсінбей жатады. Бірақ шынымен үйренгім келеді деген адам үшін бұлардың бәрі уақытша қиындық қой.
Қазақшаны қарапайым сөздермен-ақ оңай үйренуге болады. Қазақ тілі мұғалімі көп, олардың бәрі қазақшаға ағып тұр, бірақ тілді үйретуде нәтиже аз. Неге? Өйткені тілді жаңадан үйренушілерге барынша оңайлатылған әдіснама керек. Менің алдыма келген шәкіртімнің барлығы-дерлік аз уақыттың ішінде қазақша ойын жеткізе алатындай дәрежеге жетті. Грамматиканы қазбалағаннан бұрын күнделікті ауызекі қазақшаны үйретуге көп мән беремін.
– Неліктен кейбір адамдар өмір бойы Қазақстанда тұрып, бірақ қазақ тілін үйрене алмайды деп ойлайсыз?
– Мен осы сұрақты кейде айыптап емес, шынымен себебін білгім келіп қоямын. Сонда кейбір кісілер «бәрі онсыз да орысша сөйлей алады, қазақ тілін білуге қажеттілік жоқ» дегенді айтады. Енді бірі тек орыстілді ортада өскендіктен, қазақша үйренуді қиын көреді. Енді бір кісілердің тіл үйренуге мүлдем қабілеті жоқ, ондайлар да бар.
– Қазақ тілін білу сізге қандай мүмкіндіктерді ашты?
– Қазақ тілін білу – мен үшін құдды бір бағдаршамның жасыл түсі сияқты, көп мүмкіндікті ашты. Ең үлкен мүмкіндік – мен қазақша сөйлей алғандықтан, қазақтың жанын түсінемін, оның менталитетінде маған түсініксіз дүниелер жоқ. Неғұрлым көп тіл білген сайын соғұрлым дүниетанымың кеңейіп, әлемді қабылдауың жақсара түседі емес пе?!
Сұхбаттасқан
Азат ҚАЗАҚ