Алина Кан: Мен қазақтың жанын түсінемін

Ұлты неміс болса да, қазақшаға судай Алинаны жұртшылық әлеу­меттік желіден-ақ жақсы таниды. Оның қа­зақ тілін үйрететін видео­лары 2 мил­лиондай қаралым жи­най­ды. Бүгінде ол «Сөйле» тілдесу клубында қазақ тілін оқытады. 1 мамыр – Қазақстан халқының бір­лігі күні қарсаңында Алина Мем­лекет басшы­сының Жарлығымен халықтар арасында бей­бiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты ны­ғайтуға сiңiрген еңбегi үшiн «Ша­пағат» медалімен марапатталды.

– Қазақшаны мұншалықты таза сөй­леуді қалай үйрендіңіз? 

– Мен ауылдың қызымын. Ал­маты облысы Балқаш ауданындағы Бақанас деген ауылда туып-өскен­мін. Үйдегілер­дің бәрі орысша сөй­легенімен, далаға ойнауға шық­­қанда көрші қыздармен қа­зақ­­ша сөйлесуге тырысатынмын. Бірте-бірте тілім сынып, қазақшам тәп-тәуір болды. Мек­тепте қазақ тілінен байқауларға қатыса бас­тадым. Қазақша кітап оқуды қолға алдым, қазақ әндерін сүйіп тың­дауға көштім. Кейін уни­верситеттің де қазақ бөліміне оқуға түстім. Айналамның бәрі қазақтың ұл-қыз­дары болатын. Осылайша, қазақ тілін табиғи түрде, табиғи ортада жүріп үйрендім. 

– Қазір сіз «Сөйле» тілдесу клубында қазақ тілін оқытып жатырсыз. Одан бөлек, әлеуметтік желіде қазақ тілін үйретіп жүр­сіз. Шәкірт­теріңіздің көбі кімдер? Қазақша білмейтін қазақтар ма, әлде өзге ұлт өкіл­дері ме? Шетел­дік азаматтар да бар ма?

– Шәкірттерімнің қатары бірте-бірте толығып келе жатыр. «Сөйле» тілдесу клу­бындағы сабақтарыма 70-80 адам қатысады. Одан бөлек, әлеуметтік желіде «бізге қазақша үйретіңізші» деп өтініп сұрайтын оқырмандар қаншама? Алла қаласа, 2 мамырдан бастап онлайн сабақ беруді де бастамақпын. Бір сөзбен айтсам, адамдардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жаман емес. Алды­ма келген шәкірттердің ішінде 12-13 жасар жет­кіншектер де, 85-тен асқан ата-әже­лер де бар. Шамамен 30 пайызы – қа­зақтар. Қал­ғанының бәрі-дерлік – елі­мізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері. Шетелге көшіп кеткен қа­зақтар да бар. 

– Адамдардың қазақ тілін үйренуінде қандай проблемаларды байқадыңыз?

– Қазақ тілін үйреніп жатқандар ал­ға­шында жалғау-жұрнақтардан қиналады. Бір жұрнақтан жаңа сөз ту­ғанда, соның мағы­насын түсінбей жа­тады. Бірақ шы­нымен үйренгім келеді деген адам үшін бұлардың бәрі уақытша қиындық қой. 

Қазақшаны қарапайым сөздермен-ақ оңай үйренуге болады. Қазақ тілі мұғалімі көп, олардың бәрі қазақшаға ағып тұр, бірақ тілді үйретуде нәтиже аз. Неге? Өйт­кені тілді жаңа­дан үйренушілерге барын­ша оңайлатыл­ған әдіснама керек. Менің алдыма келген шәкір­тім­нің бар­лығы-дерлік аз уақыттың ішінде қазақша ойын жеткізе алатындай дәрежеге жетті. Грамматиканы қазбалағаннан бұрын күнделікті ауызекі қазақшаны үйретуге көп мән беремін. 

– Неліктен кейбір адамдар өмір бойы Қазақстанда тұрып, бірақ қазақ тілін үйрене алмайды деп ойлайсыз? 

– Мен осы сұрақты кейде айыптап емес, шы­нымен себебін білгім келіп қоя­мын. Сон­да кейбір кісілер «бәрі онсыз да орысша сөйлей алады, қазақ тілін білуге қажеттілік жоқ» дегенді айтады. Енді бірі тек орыстілді ортада өскендіктен, қа­зақша үйренуді қиын көреді. Енді бір кісілердің тіл үй­ренуге мүл­дем қабілеті жоқ, ондайлар да бар.

– Қазақ тілін білу сізге қандай мүм­кін­діктерді ашты? 

– Қазақ тілін білу – мен үшін құдды бір бағ­дар­шамның жасыл түсі сияқты, көп мүм­кіндікті ашты. Ең үлкен мүмкін­дік – мен қа­зақша сөйлей алғандықтан, қа­зақ­тың жанын түсінемін, оның мен­тали­тетінде маған түсі­ніксіз дүниелер жоқ. Неғұрлым көп тіл білген сайын соғұрлым дүниетанымың кеңейіп, әлем­ді қабылдауың жақсара түседі емес пе?! 

Сұхбаттасқан 

Азат ҚАЗАҚ