Халық қалаулылары онда кесене қабырғаларының ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын айтты. Кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүруінің салдарынан ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болғанын жеткізді. Депутаттар «ғалымдардың кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей» деген пікірін атап өтті.
Біз депутаттық сауалдан соң мәселемен танысу үшін Түркістан қаласына арнайы барып, кейбір жайттарға көз жеткіздік.
Кесене шынында апатты жағдайда ма?
Түркі жұртының қасиет тұтатын мекені, еліміздегі аса құнды жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген бірегей сәулет ескерткіші екені белгілі. Сондықтан жылдың 365 күнінде де үздіксіз туристер ағыны толастамайтын осынау әлем назарындағы киелі орынның мінсіз болғаны мемлекетімізге абырой. Одан бөлек, XIV ғасырдан бері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан сүйегі мықты ғимараттың әрбір бөлшегі – елдің назарында.
Сонымен архитектуралық ғимараттың бүгінгі жағдайы қандай? Шынында да кесененің негізгі есігінен кірер тұстың оң қапталының іргетасы тұзданыпты. Сақтандыру шаралары үшін қызыл лентамен қоршалған. Одан соң ішке енгендегі Тайқазан тұрған орталық Қазандық бөлмесінің батыс бөлігін қызыл лентамен қоршапты. Музей-қорықтың жылу ылғалдылық режимін бақылайтын инженер Серік Рүстемов және осындағы басқа да қызметкерлер төбенің сыланған қабаты тұзданып, ақ қабыршақ түсіп жатқан соң, келушілерге зияны тимесін деп қоршап қойғанын айтады. Қоршалған аумақтың еденіне төселген плиталар да айқыш-ұйқыштанып жарамсыздана бастапты. Соған қарағанда, жаңбырдың суы аққан сыңайлы.
Дәл осындай күмбездің астынан әктеліп, сыланған тұстары түсіп жатқан бірнеше бөлмені кезіктірдік. Әсіресе, құдықхана, асхана бөлмесінің төбесі жаңбыр суынан ылғалданып, бірнеше жерінен сылағы үгітіліп түскен. Көрер көзге оғаш көрінген бұл бейнелер депутаттардың сауалын дәлелдей түскендей. Үлкен Ақсарай да, кіші Ақсарай да, Көрханада да осы көріністер. Кейбір бөлмелердің төменгі қабаты да ылғалданып, сылағы үгітіліп тұр.
Ылғалдануы мен тұздануы сияқты шешілмеген мәселелер бар
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық» РМҚК-ы баспасөз қызметі Орта Азияда теңдесі жоқ сәулеттік туындының сақталуы әрдайым мемлекеттің және ЮНЕСКО-ның бақылауында екенін есімізге салды. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының негізгі міндеті – кесенеге келуші туристер мен зияратшыларға қызмет көрсету, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың еңбектерін зерттеу, насихаттау, кесенені тиімді пайдалану, іші-сыртының тазалығын қамтамасыз ету, күзету сияқты қызметтерді атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар депутаттар айтып отырған мәселенің өткен жылдан бері көтеріліп келе жатқанын жеткізді. «Былтыр кесененің қазіргі жағдайы төңірегінде әлеуметтік желілерде мәселелер қозғалғандықтан біздің тарапымыздан бастама көтеріліп, 24-25 маусым күндері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы» атты екі күндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткіздік. Мәдениет комитетінің төрағасы Р.Кәрібжанованың жетекшілігімен өткен жиынға еліміздің және Өзбекстан мен Әзірбайжан мемлекеттерінен келген ғалымдар, мамандар кесененің сақталу жағдайын көзбен көріп, танысып, мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты талқылады. Олар кесене күмбезі мен қабырғаларындағы ылғалдану, тұздануға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Алайда нақты себептерін анықтау үшін ауқымды және жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап көрсетті. Шетелдік мамандар Ясауи кесенесімен жасы шамалас Әзербайжандағы, Өзбекстандағы ескерткіштермен салыстырғанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жалпы жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екендігін айтқан», – делінген баспасөз қызметі берген ақпаратта. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайын бақылау және зерделеу жөніндегі» жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының алғашқы отырысында кесененің жай-күйін зерделеу және мониторингілеу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасы талқыланып, отырысқа қатысушы ғылыми ұйымдардың қорытынды беруі туралы шешім қабылданыпты. Қыркүйекте А.Балаеваның қатысуымен жұмыс тобының қорытынды кеңесі өтіп, оған осы салаға қатысы бар барлық құзырлы орган басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері, ғалымдар қатысқан. Нәтижесінде, Ясауи кесенесіне тұрақты мониторинг жүргізіп, кесененің сақталуына теріс әсер ететін жағдайлардың алдын алу үшін 2023 жылы кесененің техникалық жағдайына кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған. Осылайша, музейдің баспасөз қызметі кесененің сақталу жағдайы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті. Президент былтыр қыркүйек айында Түркістанға жасаған іс-сапары кезінде ескерткіштің сақталуын бақылауды тапсырған. 28 наурызда Президент тапсырмасына орай Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те арнайы басқосу өткізіпті. Отырысқа Мәдениет және Спорт министрі А.Оралов, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы, «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесі, бірнеше ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысқан. Осы жиында Алтай Көлгінов кесенені кешенді зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды тездетуді тапсырған.
Мәселе кешенді жоспарлау бағдарламасынан соң шешілмек
Хош, сонымен әлем көз тіккен кесененің қазіргі жағдайы биліктің назарында екен. Көне жәдігердің техникалық жай-күйін зерттеп, бақылап және қалпына келтіру жұмыстарына тікелей жауапты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бұған не дейді?
«Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Исабек Нұрмағамбетов ескерткішті жөндеп, қалпына келтірудің тарихы сонау ХIХ ғасырдан бастау алатынын айтады. «Әр кезеңде жүргізілген жөндеу жұмыстары нақты бір мәселелерді шешуге бағытталған. Мысалы, ғимаратты апаттық жағдайдан шығару, ескерткіштің сәулеттік келбетін қалпына келтіру, қабырғалардың жарылуын тоқтату тағы басқа. Кесененің қазіргі жай-күйі бойынша көтеріліп отырған мәселелер бізге бұрыннан белгілі және мамандарымыздың жіті назарында. Қазір кесененің тікелей өзіне қатысты бірқатар проблемалардың барын жоққа шығармаймыз. Қазандық бөлмесінің декоративті күмбезінің физикалық жай-күйі, кесененің жылу-ылғалдық режимі, сондай-ақ қабырға қалауының кейбір бөліктерінің, материалдарының ылғалдануы және тұздануы сияқты шешілмеген мәселелері бар», – дейді Исабек Маратұлы. Сонымен қатар ылғалдану проблемалары мен кірпіш бетіндегі тұздар бүгін ғана пайда болмағанын, бұл континентальды климат аймағында орналасқан барлық жылытылмайтын ескерткіштердің өзекті мәселесі екенін жеткізді.
Кәсіпорын басшылығы да қорық-музейінің өкілі айтып кеткен мемлекеттік деңгейдегі басқосуларды қайталады. Қорытындысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы келісіммен бір шешімге келген. Исабек Маратұлы қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кешенді жоспарлау бағдарламасын әзірлеп жатқанын, оған отандық және шетелдік ғылыми институттардың түрлі салалардағы сарапшылары шақырылғанын айтып өтті. Іргетасы бойынша зерттеуге геология, гидрогеология, сейсмология, физика және химия, экология саласы, ботаника, құрылыс конструкциялары мен материалдары саласының сарапшылары, сондай-ақ жылу-ылғалдық режим инженерлері қатыспақ. Электронды мәліметтер базасын да құрмақ. Бұл бағытта кесененің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Министрлікке 317 млн теңге қаражат көлемінде бюджеттік тапсырыс беріліпті. «Ескерткіш дәл қазір опырылып, құлайын деп тұрған жоқ. Ал көптеген таласты сұрақтардың жауабы кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен шешімін табады деген ойдамыз», – деді «Қазқайтажаңарту» мекемесінің басшылығы.
Асан ақсақалдың нұсқасы басқа...
Алайда 40 жыл кесененің ыстығы мен суығына тоңып сонда инженер болып жұмыс істеген, ескерткіштің әрбір бөлшегін жатқа білетін, бүгінде зейнеткер, жәдігер жанашыры, жергілікті азамат Асан Мырзабеков қария мұнда әлі де мәселенің көптігін айтады. «Проблема бүгін ғана емес, жылдар бойы жалғасып келеді. Бір жылдары жұмыс істеген түрік фирмасы кесененің негізін мықты етіп кетті. Қабырғалары өте жақсы, одан келер қауіп жоқ. Қауіптің ең қиыны – сталактитте (үңгірлердің, кеніштердің төбесінде және жоғарғы қабырғаларында түзілетін минералдық тассүңгі тізілімдер. Ол әк құрамды болады). Күмбез бен сталактиттің ортасы ашық. Бірақ күмбезден өткен ауаның ылғалын сталактит гипс өзіне ауадан тартып алады. Жауын қатты болғанда ауада қатты қысым көтерілген кезде іші суланып, өзінен-өзі тартады. Бірақ жел болған уақытта ол өз-өзінен кеуіп кетеді. Бұл табиғи желдеткіш. Өзін-өзі кептіріп тұрады. Күмбездің өзін-өзі ұзақ жылдан бері сақтап келе жатқанының сыры осында», – дейді қария бізбен әңгімесінде.
Асан Жүсіпұлы ақсақал жыл сайын мұның қайталанатынын, тіпті бір жылдары төбесінің опырылып түскенін де айтады. Оған қыруар қаржы бөлінсе де шешімін таппай жүргенін жеткізді. 40 жылғы еңбек өтілінде қанша жөндеу жұмыстарын жасаса да, мұндай дақтың, ылғалдың бола беретінін ашық айтты. «Қазқайтажөндеу» мекемесінің қолдан келгенінше жұмыс істегенін, бірақ жергілікті мамандардың мұның сырын толыққанды біле алмай жатқанын мойындау керек екенін еске салды. Ақсақал бұл мәселенің шешімін бірі білсе, ирандық мамандардың, құрылысшылардың таба алатынына сенім білдіреді. Себебі Әмір Темірдің өзі әу баста сол жақтың мамандарын әкеліп, кесене тұрғызған. Сонымен қатар Түркістан қаласының ауа райы да жазда +40 градусқа дейін жоғарылап, Пәкістанның ауа райына сәйкес келеді дейді. «Ирандық реставраторлардың сапалы, мықты жұмыс істейтіні туралы жиі естимін. Тіпті, бір жылдары олар кесенеге келгенде тілдескен де едім. Егер кесенені толыққанды сақтап қаламыз деп жанашырлықпен қарасақ Пәкістандықтарды шақырып, кесенемізді бұдан да сәулетті етер едік деген ойдамын», – дейді ақсақал.
Демек, қалай болғанда да, еліміздегі республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткішімізді сақтап қалу үшін тек ғалымдарды ғана емес, сондағы әрбір тасын қызғыштай қорғап жүрген жанашыр жандарды да тыңдағаннан ұтылмасымыз анық. Ал мәселе, «Қазқайтажөндеу» мекемесі басшылығы айтқандай, 1-2 жылда емес, жуық арада тездетіп шешілуі тиіс. Себебі мұнда күн сайын жүздеген адам келіп жатыр.
Мәселен, 2021 жылы мұнда 1,5 миллион, 2022 жылы 800 мың турист келіпті.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы