«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
Кейіпкердің пікірінше, бүгінгі қоғам Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін еске түсіреді.
«Біз құдды бір қансонарда өмір сүріп жатқандаймыз. Олай дейтінім, бұл ат ізі мен ит ізінің шатасқан заманы секілді. Бала тәрбиесінде қайсысы оң, қайсысы теріс деген сұраққа ата-ана да, мұғалім де жауап бере алмай аң-таң отырған қоғамдамыз», – дейді ол.
Н.Асанов бүгінде жастардың бойындағы кертартпа мінезден құтылудың бір жолы – ата-бабамыздың ұлағатты тәрбиесін сіз болып, біз болып, мемлекет болып қолға алып, балаға жастайынан егу екенін айтты.
«Малда, итте құтырма деген ауру болады. Одан тек хайуанды өлтіріп, оны көміп құтыласыз. Неге? Өйткені әлгі ауру қалғандарына жұғады. Біздің жастарымызда осындай құтырма ауруы пайда болды. Оны вакциналау керек, әйтпесе оның тоқтауы болмайды. Вакцинаның ішіне не кіреді? Ата-бабаларымыздың өсиет еткен тәрбиесі, ұлағатты тәлімі кіреді. Бұл қайдан табылады? Бұл отбасы, ошақ қасы, дастарқанда табылады. Үйде күнде сонымен сусындап өскен баладан есейгенде жаман адам шықпайды», – дейді спикер.
Оның ойынша, ұстаздың мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана.
«Мұны аксиома ретінде қабылдауымыз керек. Біз қазір ата-ана ретінде мектепке «не үшін», «неге» деген сұрақпен барамыз. Соның орнына «не істей аламыз» деген сұрақпен бару керек. Мұғалімді әңгімеге тартып, балаларымызға не істей аламыз деген сұрақты көтеретін болсақ, екі тарап та бір-бірімен түсінісер еді. Ал біз баламыз есіктен кірмей жатып «мектепте не болды?», «мұғалімің не деді?» деген провокациялық сұрақтарды балаға қоятын болсақ, «Маша мен медведьтің» күнін кешеміз. «Маша мен медведь» көріп өскен бала өтірік жылай салады, өтірік күле салады. Бұрын бізде қалай еді? Мектепте мұғалімнен таяқ жеп келсек, ата-анамыз бізге «өзің кінәлісің», «неге ол жерде дұрыс жасамадың» деп басатын», – деді меценат.
Алайда Нұркен Асанов бір тарапты ғана кінәлай беруге болмайтынын, мұғалімдердің арасында да өз ісіне салғырт қарайтындары бар екенін айтты.
«Тойда отырып, ZOOM-ға қатысып жүрген мұғалімді көрдім. Құдалық болып жатыр еді, бір жеңгеміз атып тұрып, телефонын алып, сабақ беріп келе жатыр. Ұстаздық ету ондай болмаса керек. Сіз кешегі Ахметтердің ізін жалғастырамын деп осы салаға келдіңіз екен, әуелі айнаға қарап, рухыңызды түзеңіз. «Алты алаш жиналса, төр – ұстаздікі» деген нақыл бүгінде жай сөз болып қалды. Оның түбіріне үңілген ұстаз өзінің принциптерінен айнымайды», – деді ол.
Н.Асановтың ойынша, мемлекет мектептер арасындағы текетіресті қатты дамытып жіберді.
«Мысалы, хоккей мен мәнерлеп сырғанаудың адамға базалық берері бір. Бірақ мен мәнерлеп сырғанауды таңдаймын. Екеуінде де текетірес бар, бірақ біреуінде дөрекі, біреуінде көркем бәсеке. Біз, өкінішке қарай, хоккеистерді дайындап жатырмыз. Бәрі де бір-бірін езіп жаншып, өтіп кеткісі келеді», – деп қынжылысын білдірді ол.
Меценат өз әңгімесінде бүгінгі күйімізді жемтік үшін жаны қиналған қоғамға теңеді.
«Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр,
Босаға мен төріңді аласта бір.
Адамзатта болмаған алтын заман
Келе жатыр Алладан Алашқа бұл, – деген Мәшһүр Жүсіптің өлеңі бар. Бізге рухты өсіру керек. Рух немен қоректенеді? Ата-баба өсиетімен, ізгілік жолымен», – деді ол.
Н.Асановтың пікірінше, министрлік жанынан Отбасы агенттігін құру ешқандай мәселені шешпейді. Оның орнынан Ата-аналар инспекциясын құру қажет. Ол ведомство Ішкі істер министрлігіне де, Оқу-ағарту министрлігіне де бағынбайтын тәуелсіз ұйым болады. Сол инспекцияның бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді шешуде ата-аналарға да, ұстаздарға да сөзі өтімді болар еді.
А.ҚАЗАҚ