Қоқыс шығару қымбаттады

Петропавлда қоқыс шығару тарифі өзгермегелі бес жылдың жүзі болды. Соның салдарынан қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорындар шығынға белшесінен батып, өлместің күйін кешуде. Нәтижесінде, қала қоқысқа толды. Бұл экологиялық жағдайды нашар­латып, тұрғындардың денсау­лығына кері әсерін тигізуде.

Солтүстік Қазақстан облысының орта­лығында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын төрт кәсіпорын бар: «Мюльсервис», «КоммунСевер», «Коммунхоз Петропавловск», «Чистый Петропавловск». Олар күніне 100 тонна қоқыс шығарады. Бірақ соңғы кезде петропавлдықтар аулалардағы қоқыс уақытылы шығарылмайтынын айтып, жиі шағымдануда. 

Осы қызметті 2012 жылдан бері көр­сетіп келе жатқан «КоммунСевер» кәсіп­орнының директоры Мұрат Есмұқановтың айтуынша, кез-келген тариф екі жылдан соң өзектілігін жоятынын тәжірибе көрсетіпті. Қоқыс тарифі соңғы рет 2018 жылы қымбаттаған. Ендеше бүгінгі күні ол кәсіпорындардың шығындарын жап­пайды, сондықтан үш жыл бойы қала қоқысқа белшесінен батты. 

«Бүгінгі күні біздің кәсіпорын үшін қиын жағдай қалыптасып отыр. Мұны қаланың қоқысқа батқанынан да көруге болады. Техника ескі, жиі істен шығады. Күрделі жөндеуге жағдайымыз жоқ, ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Осылайша, техникамыз күніне сегіз сағат жұмыс істемейді. Төрт сағаты жөндеуге жұмсала­ды. Қалған төрт сағатта ғана жұмыс істей­ді. Бүгінде қолда бар 7 техниканың екеуі істен шығып тұр. Сондықтан қаланы қоқыс басуда, қатты тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды. Әрі жұмысшы­ларға еңбекақысын төлеуге қаржы жоқ», – деп түсіндірді кәсіпорын директоры.  

Бүгінде кәсіпорынның қатты тұрмыс­тық қалдықтарды полигонға орналастыру үшін және автоқосалқы бөлшектер, автомай сататын дүкендерге берешегі 10 миллион теңгеге жетіп жығылады. Сауда орындары оларға өз тауарын қарызға беруден бас тартып отырған көрінеді. Оның үстіне, өз міндетін тиісінше орын­дамағаны үшін хаттама толтырылып, айып­пұл салынғаны тағы бар. 

Мұрат Әнуарбекұлы түсіндіргеніндей, қаладағы 60 мың абоненттен айына 13 мил­лион теңге жиналса, ай сайынғы шығын­дары  – 15 миллион теңгеден астам. Сөйтіп, қарыз қордалана берген. 

Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеуге шамасы келмейтіндіктен, кәсіпорын келісімшарт көлемін едәуір азайтыпты. 

Қымбатшылық салдары

Бұл жайт қоқыс шығаратын барлық кәсіп­орындарға ортақ. Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың түсіндіруінше, соңғы жылдары жанар-жағармайдың, техника­ның, қосалқы бөлшектердің қымбат­тауына байланысты қоқыс бойынша осындай жағдай қалыптасып отыр. «Бес жыл ішінде баға айтарлықтай өсті, ал тариф өзгеріссіз. Технопарк жаңа­р­тылмаған. Бұған қоса қала тұр­ғын­дарының қоқыс шығарумен ай­­­­н­алысатын төрт кәсіпорын алдындағы берешегі – 23 миллион теңгеден астам», – деді Эльмира Сәдуақасова.  

«Бәрі бір қоқыс шығарылмаса, ол үшін төлеп қажеті не?» деушілер жағдайды одан сайын ушықтыра түскен. 

Жалпы, қолданыстағы 220 теңге тариф – ел бойынша ең төменгісі. Оны өзгерту қажет­тілігі осыдан үш жыл бұрын туында­ға­нымен, түрлі себептер кедергі келтірген. Мәселен, 2020 жылы коронавирусқа байланысты карантин, 2021 жылы мораторий бөгет болыпты. Ал былтырғы  жылды кәсіпорындар есеп-қисап жүргізуге жұмсаған. Осы уақыт ішінде барлық тауарлар мен қызметтер бағасы айтарлық­тай қымбаттап,  шығындары бастан асып кеткен. 

«Қатты тұрмыстық қалдықтар шығару тарифін қарастыру туралы мәселе былтыр­дан бері көтеріліп келген болатын», –  деп түсіндірді баспасөз хатшысы.

Қоқыс шығарушы кәсіпорындар қала­лық мәслихатқа тарифті көтеру туралы өтініш жасады. Жуырда мәслихаттың сессиясында  депутаттар оларды қолдап, тарифті екі есе қымбаттату туралы шешім қа­былдады. Бұған дейін көпқабатты үй­лер­дің тұрғындары 220 теңге төлеп келсе, енді 480 теңгесін шығындайтын болады. Ал жер үйлер үшін тариф бұрынғы 234 теңгенің орнына енді – 510 теңге, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін 1 текше метріне 2530 теңге емес, 2782 теңге. Бұл тариф 1 мамырдан бастап енгізіл­мек. Әзірге қалалық мәслихат жаңа тарифті әділет департаментіне тіркеуге жіберді. Тіркелген соң он күн өткеннен кейін жаңа тариф заңды күшіне енбек. 

Бір күннің шаруасы емес

Бұл халықтың көңілінен шықпауы мүмкін екенін біле тұра, бірақ депутаттар бұл шешім үшін бірауыздан дауыс берді. Себебі көрсетілетін қызметтің тиімділігіне жүргізілген талдау қолданыстағы тариф кәсіпорындардың шығындарын өтеуге жеткіліксіз екенін анықтады.  Ал бұл өз кезе­гінде көрсетілетін қызметтердің сапасына теріс әсер етіп отыр. 

Кәсіпорын директоры Мұрат Есмұқа­новтың айтуынша, 480 теңгелік тариф қаланы таза ұстауға, жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлеуге, полигон үшін ақы төлеуге, автопарк пен контейнер паркін тиісті жағдайда күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Бірақ мұның барлығы – бір күннің шаруасы емес. 

«Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіледі. Қаржыны біз маусым айының соңында аламыз, ал жұмысты шілдеден бастаймыз. Кәсіпорынды, техникамызды қалпына келтіріп, қарыздарымыздан құтылып, аяқ­қа тұру үшін 2-3 ай уақыт керек. Бірінші айда біз техникамызды жөндеп, қарыз­дарымызды жабамыз. Одан кейінгі айда қоқыс алаңының кейпін жақсарту үшін дезинфекция жүргіземіз, контейнер пар­кін жаңартамыз. Олардың барлығының доңғалақтарын алмастыру қажет. Сондай-ақ автопаркімізді толықтырмақ ойымыз бар. Бірақ бұл тариф жаңа техника сатып алуға жеткіліксіз. Сондықтан тым болмаса қолданыста болған көлік алу туралы ойымыз бар. Жаңа көлікке лизинг жеті жылға беріледі. Ал тариф өз өзектілігін екі жылдан соң жояды. Сондай-ақ бізге қо­сым­ша жұмыс орындарын ашып, жұмыс­шы қабылдау қажет. Бұл да қосымша шығын. Орташа жалақы – 200 мың теңге көлемінде. Жүргізушілердің еңбекақысын арттыру үшін штатты қысқартуға мәжбүр болдық. Сонымен қатар салық төлемдері, басқа да шығындар көбейеді. Сондықтан ертең бірден барлығы қалпына келеді деп күтуге әлі ерте, бәріне уақыт керек. Үш жыл бойы қаланы қоқыс басты, енді біздің алдымызда соның бәрін қалпына келтіру міндеті тұр», – дейді Мұрат Есмұқанов. Қоқыс шығарушылар бірінші кезекте өз қарыздарын жабуды жоспарлап отыр.  Себебі дүкендер оларға өз тауарын қарызға беруден бас тартыпты. 

Бұл жаңалықты тұрғындар қуана қабылдады деу қиын. Әсіресе, жер үйлер­дің иелері барлық қоқысты пешке жаға­тынын айтып, көпқабатты үйлерге қара­ғанда қымбатырақ төлеу әділетсіз деп са­найды. Бірақ пластиктің де пешке өртеліп, ауаны ластайтынына көпшілік қарсы. «КоммунСевер» кәсіпорнының директоры Мұрат Есмұқанов қаладағы кей­бір жекеменшік секторларға тегін қызмет көрсетіп келгенін айтады. Мұндай шағын аудандарда қатты тұрмыстық қалдықтар тау болып үйіліп қалған соң ғана  биліктің араласуымен шығарылатын. Енді жер үйлердің тұрғындарымен де келісімшарт жасалып, контейнерлер орнатылмақ. Сөйтіп, заңсыз қоқыс орындары деп жоспарланып отыр. 

Петропавлдықтардың кейбіреулері тариф бірден екі есе қымбаттағанына қар­сы. «Еңбекақымыз бірден екі есе көте­ріл­мейді ғой. Сондықтан тарифті де біртіндеп қымбаттату керек еді», – дейді. Бірақ көп­шілігі қаланың таза болғанын, қоқыстың уақытылы шығарылғанын қалайды. Сондықтан бұл қымбаттатудың қайыры болса екен деп, жаңа тарифпен келісіп отыр. Тек бұдан былай қоқыстың уақы­тында шығарылуын бақылап отырмақ. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы