Түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы фракцияның және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жағдайларын бақылап, бірқатар кемшілігі анықталды. Мәселен, Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабыр мен партияның Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Әсел Сарманова №39 мектепке бақылау жұмыстарын жүргізу барысында қоршауы жоқ екенін анықтады. Кезінде кешенді салған уақытта мектептің артындағы қоршауы алынып тасталған екен. Енді бүгінге дейін ашық күйде тұр. Бұл жерде тұрғылықты жері жоқ адамдар мекен етіп, мектеп оқушыларына қауіп төндіреді. Мектеп үйлердің ортасында орналасқан. Ал жалғыз ғана кіреберіс жолдың алдында «Сара» моншасы және көлік жуу кешені орналасқан.
«Біздің мақсатымыз – қала аумағындағы ашық жатқан люктерге, аулаларды жарықтандыруға, қозғалыс қауіпсіздігіне, мектеп асханаларының тазалығына мониторинг жүргізу. Балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс», – деді Қайрат Сабыр.
Алдағы аптада «Сара» монша және көлік жуу кешенің иесімен, жергілікті атқарушы органдармен, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары және мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, мектептің қоршауы мен өзге де мәселелер бойынша кездесу жоспарланды.
Ал 11-шағынауданда орналасқан №35 мектеп аумағында тікенді сыммен қоршалған жылыжай орналасқан. Жылыжайды бұзу немесе шұғыл жөндеу қажет. Сондай-ақ электр желілерін тарту бойынша қауіп бар. Мұны қалалық мәслихат депутаттары анықтады. Кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ