Петропавлдағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының базасында құрылған бұл театр бишілері бірнеше номинация бойынша жеңіске байқауда жетті. Атап айтқанда, «Соло» (Даниал Кангожин) және «Дуэт» (Евгений Кузьмин және Екатерина Воропаева) санаттарында үздік атанды. Ал мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің аға құрамы «Вена вальсі» және «Самба» хореографиялық қойылымдарымен бірінші орын иеленді. Сондай-ақ Sensitive театры қазылар алқасының да арнайы сыйлығына ие болды.
Жеңімпаздарды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов құттықтады.
«Мен театрдың шығармашылық ұжымын және Солтүстік Қазақстан облыстық арнайы мектеп-интернатының түлектерін толайым табыстарымен құттықтаймын. Бұл – отандық инклюзивті театр мен Қазақстанның театр өнері үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар бұл – біздің ерекше қажеттіліктері бар отандастарымызды шабыттандыратын тамаша нәтиже. Бұл – қандай жағдай болсын, шығармашылық әлеуетіңізді жүзеге асыруға болатынының айқын дәлелі. Театрға болашақ байқауларда шығармашылық табыс пен жарқын жеңістер тілеймін!», – деді министр.
Айта кетейік, ерекше театрдың талантты қыз-жігіттерін хореограф Ольга Ростовщикова жаттықтырады. Ол осы шығармашылық ұжымның негізін 17 жыл бұрын қалаған.
Би ансамблі 2011 жылдан бастап байқауларда өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін олар АҚШ, Болгария, Италия, Испания, БАӘ секілді елдердегі жарыстардан олжалы оралған.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ