Биліктің қандай түсініктемесі бар? Елде бұл тұрғыда не өзгереді? Мысалы, Үкімет адам құқығын қорғауды автоматтандыруға, оны жасанды интеллектінің модерациясына беруге тыйым салу қажет деп санайды. Мемлекеттің тілдің ғаламтордағы өрісін кеңейту, онлайн алаяқтықпен күрес те осы реформа аясында жүргізіледі. Осы салаға қатысты заңнама түзу арқылы Қазақстан дамыған елдердің үлгісін қабылдауы мүмкін.
Түріктің тәжірибесі
Бүкіл әлемде ақпараттық технологиялар өркен жайған заманда адамзат әлеуметтік желі арқылы тілдесіп, жаңалығымен бөлісіп, сол арқылы өзара қарым-қатынасқа түсуді көбірек таңдай бастады. Бірақ GeekBrains интернет тұғырнамаларды дамыту жөніндегі сарапшысы Александр Сагунның түсіндіруінше, тіпті дамыған елдердің заңнамасында «әлеуметтік желі» деген ұғым жоқ көрінеді.
Мысалы, Сингапур оларға қатысты төл заңнамасында «интернет-делдал» терминін пайдаланады. Ал АҚШ пен Еуропада «интернет-платформа» ұғымы енгізілген. Қазақстан да осыны үлгі етпек.
«Заң қабылдау көбіне кешігіп жүреді. Әлеуметтік желілердің танымал болғанына жиырма жылдай уақыт өтті. Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдерде онлайн-платформаларды заңнамалық реттеу, оларға контентті тарату, пайдаланушылардың дербес деректерін өңдеуді бақылау, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен ықпалдасу бойынша міндеттемелер жүктеу белсенді жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан саланы реттеудің лайықты тетігін енгізгісі келсе, бірінші кезекте әлеуметтік желінің, кең ұғымда алғанда, онлайн-платформалардың құқықтық мәртебесіне анықтама бергені жөн», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Еуропа елдері, Түркия, Аустралия, Латын Америкасы мемлекеттері және басқалары шетелдік онлайн тұғырнамаларға және соған жататын әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтуге кірісті. Бұл жерде олардың басым көпшілігі америкалық екені мәлім. Бір ғажабы, АҚШ Президенті де арнайы Жарлығымен оларға міндеттеме артты. Жарлық «Онлайн-цензураның алдын алу туралы» деп аталады және онда онлайн тұғырнамалар мен әлеуметтік желілердің міндеттемелері белгіленген. Ұжымдық Еуропада Еуропарламент пен ЕО Кеңесі «Электронды коммерциядағы, ішкі нарықтағы ақпараттық қызметтердің кейбір құқықтық аспектілері туралы» және «Аудиовизуалды медиа қызметтер туралы» директиваларын қабылдады. Бразилияда бұл саланы «Интернет желісіндегі азаматтық құқықтар тұжырымдамасы», Аустралияда «БАҚ-пен келіссөз жүргізу кодексі», Түркияда «Шетелдік әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту туралы» заңы реттейді.
Түрік заңына сәйкес, пайдаланушыларының саны 1 миллионнан асатын шетелдік компаниялар, яғни Twitter, Facebook, Instagram (Мета) және басқасының Түркиядағы өкілдігі болады. Ол Үкіметтің және жеке тұлғалар жариялаған құқыққа қарсы, қорлау және жала жабу сипатындағы контентті жою немесе бұғаттау талабына жауап береді. Сұрауды орындауға әлеуметтік желіге 48 сағат бөлінген. Бұғаттаудан не жоюдан бас тарту нақты дәйектелген, негізді болуы тиіс. Кесілген мерзімде талапты орындамаса немесе дәлелді жауап беруден бас тартса, Ақпараттық технологиялар және байланыс агенттігі онлайн тұғырнамаға 700 мың доллардан асатын айыппұл сала алады екен.
Сарапшының түсіндіруінше, озық елдердің заңнамасына сәйкес, егер онлайн тұғырнамаларда, соның ішінде әлеуметтік желіде үшінші тұлғалар, яғни пайдаланушылар заңға қайшы, теріс ақпараттар орналастырса, ол үшін YouTube, Meta немесе басқа да онлайн-платформа иелері жауапкершілік арқаламайды. Бірақ соны жоюдан бас тартса, жауапқа тартылуы мүмкін.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде интернетті, электронды ақпараттық ресурстарды пайдаланып жасалған қылмыстар үшін түрлі жаза қарастырылған. Бірақ тек ақпарат орналастырған адамдар ғана жазаланады, ал заңсыз контент онлайн тұғырнамаларда ары қарай қала береді. Сондықтан сарапшылар құқығы бұзылған пайдаланушылардың шағымына уақытылы ден қоймаған немесе мүлдем үн қатпаған әлеуметтік желі иелеріне қатысты жауапкершілік көзделуі керектігін айтады. Мұндай заңнамалық өзгерістер интернет тұғырнамалардың Қазақстан аумағындағы қызметін жетілдіруге, пайдаланушылар шағымының рөлін күшейтуге әкеледі. Интернеттегі заңға қайшы контентті бұғаттауда қоғам белсенділігін арттырады.
Батыс үлгісі бізге не береді?
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заңының жобасында әлеуметтік желілер үшін жазалар қарастырылмаған. Бірақ мемлекеттік реттеу тетіктері пысықталады деп күтілуде.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан бұл жерде Еуропаның тәжірибесін, соның ішінде Digital Services Act (DSA) немесе «Цифрлық қызметтер туралы» жаңа заңын үлгі етпек. Еуропарламент пен Еуропа кеңесі 2022 жылғы 23 сәуірде жаңа ережелер туралы саяси келісімге келді. Нәтижесінде, DSA 2022 жылғы 16 қарашада ЕО ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енді.
Digital Services Act заңын қолданудың басты бағыттарының бірі – онлайн тұғырнамалардағы жарнама. Мәселен, онда тек қана балалардың аккаунттарын іріктеп алып, соларға нысаналанған, таргеттелген жарнама көрсетуге тыйым салынады. Тек ересектерді ғана топтарға бөліп, жарнаманы соған бейімдеуге рұқсат. Дегенмен мұнда да шектеу бар: атап айтқанда, пайдаланушылардың дербес деректеріне, соның ішінде ұлтына, нәсіліне, саяси көзқарастарына немесе сексуалды бағдарына бағытталған жарнамаларды нысаналап көрсетуге жол берілмейді.
Мұның сыртында жаңа заң нормалары онлайн-платформалардағы және инфлюенсерлердің коммерциялық коммуникацияларындағы бүкіл жарнаманы «мөлдір», айқын ету тетіктерін қарастырады. Қазақстандық заң да осы кейіпте қабылданса, онда мысалға, вайнерлердің нені жарнамалап, насихаттап жүргені бақылауға алынбақ. Ұсынылған қағидалар қабыл алынса, онда танымал пайдаланушылар, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, вайнерлер және онлайн тұғырнамаларда коммерциялық қызметпен айналысатын өзге тұлғалар онысын тек құқықтық өрісте жүзеге асыруға міндеттеледі. Әйтпесе, қазір белгілі бір интернет қайраткердің үстінен нақты адам полицияға шағым түсірмесе, оған қарсы ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды.
Күңгірт тұстарға жарық түсірмек
Мамандар интернет-жарнама – әлемдік экономиканың қарқынды дамушы сегменттерінің бірі екеніне назар аудартады. Бір ғана Facebook-те қаншама адам өз постын көбірек адам көруі үшін күн сайын ақылы түрде насихаттайды. Бұл қызметке әсіресе, биылғы парламенттік сайлаудың үгіт науқаны барысында сұраныс күрт өсті.
Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жарнаманың белсенді өсуі креативті индустрияның дамуына айтарлықтай серпін береді. Жыл сайын әлемде интернет-жарнамаға бағытталатын шығындар орта есеппен 15 пайызға өсіп келеді. eMarketer мәліметінше, жаһанда тек бір жыл ішінде интернет желісінде таргетке 491,7 миллиард доллар құйылған. Соның ішінде Қазақстанда былтыр интернет-жарнама нарығы бірден 20,18 пайызға өсіп, 34,4 миллиард теңгеден асты. Биылғы парламенттік дода бұл көлемді ары қарай қарқынды арттырғаны даусыз.
Пандемия кезінде көпшілік әлеуметтік желілерде тіркеліп, онда суда жүзген балықтай еркін бағдарлана алатын болды. Kepios дерегінше, нәтижесінде әлеуметтік желілердің жалпы аудиториясы шамамен 30 пайызға өскен. Соңғы 3 жылда 1 миллиардтан астам жаңа пайдаланушы қосылыпты. Қазақстан да бұдан шет қалмады: интернеттің отандық сегментінде барлық негізгі көрсеткіш артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, пандемиядан соң республикада 6–74 жас аралығындағы тұрғындар арасында интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 90 пайыздан асты. Яғни, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сонда отыр. Ендеше мемлекет олардың құқықтарын аяққа таптатпағаны жөн.
«Интернет-жарнама құралдары үнемі жетілдіріліп отырады және алуан түрі пайда болуда. Соған қарамастан, Қазақстанда олардың құқықтық өрісте жұмыс істеуі үшін қажетті заңнамалық негіз толыққанды қалыптастырылмаған. Өзекті тұжырымдамалық аппарат жоқ, пайдаланушылардың өзара және онлайн-платформалар әкімшілігімен іс-қимылы нақтыланбаған, ол сектор реттелмейтін «сұр аймаққа» толы. Мұның бәрі нақты реттелген құқықтық салада жұмыс істейтін кәсіби журналистер мен дәстүрлі БАҚ арасындағы теңсіздікті жояды. Өйткені олар аудитория үшін онлайн-платформалар субъектілерімен де бәсекелесуге мәжбүр» деген түсініктеме берді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Тағы бір мәселе: әлеуметтік желілердің бәрінің интерфейсі, пайдаланушылық келісімдері тек орыс тілінде болып келеді. Интернет тұғырнамалардағы шет тілдеріндегі мәтіндік контентті қазақшаға аудару жүйесі қарастырылмаған. Жаңа заң қазақ тілді аудиторияға ыңғайлы және толық түсінікті болуы үшін бұларды да мемлекеттік тілге ыңғайлауды талап етуге жол ашуы ықтимал.
Сөз бостандығы шектелмей ме?
Талдау және ақпарат орталығы жүргізген мониторинг онлайн-платформаларда адам құқығын аяқасты ету жайттары жиі кездесетінін көрсетті. Қылмыс саны жыл сайын өршіп барады. Суицидті насихаттау деректері 2021 жылғы 28-ден былтыр 88-ге дейін, яғни бірден 3,1 есеге күрт көбейді. Басқа адамды қорлаудың деректері де 2021 жылғы 27-ден былтыр 147-ге ұлғайды.
Бұрын-соңды болмаған «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заңы жобасын талқылау жалғасып жатыр. БҰҰ сөз бостандығы құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселелері бойынша эксперті Дэвид Кайе Қазақстан бұл салада Қытай, Ресей сияқты оқшауланған мемлекеттердің емес, демократияға ұмтылған дамыған елдердің заңнамалық реттеу тәжірибесін басшылыққа алғаны жөн деген пікірде.
«Қазіргі алмағайып заманда сөз бостандығына, демократияға төнген үлкен қатерлердің бірі – заңдар арқылы бекітілетін қағидалардың нақты еместігі, бұлыңғырлығы. Салдарынан құзырлы органдар және оларды қолдаған соттар кез келген бапты өз қалауынша қолданып, өзіне ұнамаған кез келген адамды жазалаудың тетігіне айналдыруы ықтимал. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп: осы жолға түскен мемлекет өзінің құқық қорғаушы міндеттемелерін тәрк етеді. Әлеуметтік желіден шын мәнінде зиянды ақпараттарды елемей, тек өзіне ұнамсыз ақпараттарды жойғызумен елігіп кетеді», – деп алаңдаушылығын білдірді БҰҰ маманы.
Оның байламынша, мемлекет интернет тұғырнамалардан қандай да бір контентті өшіруді және есептік жазбаларды бұғаттауды тек сұрау, тілек түрінде жолдай салады. Шынында, бұл тұрғыда заңмен регламенттелген заңды процедуралары сақталуы шарт. Әрбір қазақстандық әлеуметтік желіде өзіне қатысты нақты қандай заңнамалық қағидалар әрекет ететінін, өзінен не талап етілетінін түсінгені маңызды. Сөз бостандығы негізсіз шектелмеуі үшін қағидалар айқын болуы шарт.
Елдос СЕНБАЙ