Тау-кен саласының түйткілді тұсы

Ел қазынасын молайтып отыр­ған санаулы сала бар екені бәріне белгілі. Оның бірі мұнай болса, келесі маңыздысы – тау-кен өнер­кәсібі. Әйтсе де, атал­ған саланың мәселесі бастан асады.

Пайдасы мол болғаны­мен, дендеп көңіл бөлінбегенге ұқсайды. Ескірген технологияны «ескек» етіп жүрген өнеркәсіпке қолдау керек-ақ. 

Барлығы барлаудан басталады

Ең алдымен тау-кен өнеркәсібі ел экономикасын дамытуға атсалысып қана қоймай, 273 мың адамды жұ­мыспен қамтып отырғанын айта кет­кен жөн. Сондықтан саланың мем­лекет үшін маңызы зор.

Жалпы, тау-кен металлургия өнеркәсі­бінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17,5 пайыз ша­масында, экспорт құны 10,5 млрд дол­ларға жуықтайды. 2021 жылы мемлекеттік бюд­жетке салық түсімдері 25 пайызға өсіпті. Се­бебі әлемдік шикізат нарығындағы ба­ғалар біршама өскен болатын. Алайда был­тыр тау-кен өнеркәсібіне шетелдік ин­вес­тицияның 11,7 пайызға артуына қара­мастан, сектордағы өсім қайта төмендеді. Жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық нарық қанша құбылғанымен, салада жаңа техника жоқтың қасы, көбі – кеңес дәуірінен қалған, әбден тозған технологиялар, оның үстіне басқару тәжірибесінде қиындықтар бар.

Бұл жайттардан құзырлы органдар да хабарсыз емес, мәселені ашып айтудан қашпайды. Сөйте тұра, күрделі мәселелер бүгін-ертең шешіле қоймасы тағы анық. Ендеше, қазынаны қампайтып отырған саланың үдерісіне көңіл толмастық қашанға дейін созылары белгісіз. Жер қойнауын игеру мен аса маңызды пайдалы қазба­лардың өндірісін дамытуға қатысты өзекті мәселелер көтерілуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, пайдалы қаз­балардың қоры жағынан еліміз үздік мем­лекеттердің қатарында. 2017 жылы жүр­гізілген құқықтық реформа арқылы гео­логиялық барлауға жеке инвестицияларды тартуға жол ашылыпты.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 700-ден астам отандық юниор компания құрылып, сондай-ақ республикаға әлемдік нарықтың ірі ойыншылары тартылды. Қазір белгіленген учаскелерде зерттеу жұмыс­та­рын нығайтып, геологиялық мәлімет алу­дың перспективаларын айқындау үшін мем­лекеттік бюджеттің есебінен жер қой­науына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр», – дейді ол.

Зерттеу демекші, еліміз расында пай­далы қазбаларға бай болғанымен, игеріл­мей жатқаны жетерлік. Соның бәрі, түптеп кел­генде, салада жүйелі зерттеудің аздығын көрсетеді. Енді кеш те болса Геология комитеті 2027 жылға дейін белгіленген отандық геология саласын дамыту тұжы­рымдамасын іске асыруда.

«Қазақстанда геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын күшейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура кел­ді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді ше­шудің те­тіктері Геология саласын да­мытудың 2027 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында айқын­далған. Маңызды құ­жат­тың негізгі мақса­ты – пайдалы қаз­ба­ларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жа­сау», – деп мә­лімдеген комитет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, «Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану тура­лы» кодекс қабылданғаннан бері Қазақстан 2023 жылдың 27 наурызы мен 1 қыркүйегі аралығындағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына шамамен 1,6 миллион шаршы шақырым аумақты енгізген. 

Ендігі мәселе – ескі технология. Қазақ­стан Үкіметінің бағалауынша, цифрлы технологияның жұмыс істеуі 25 млрд доллар пайда әкелуі мүмкін. Соның 9 миллиарды тау-кен секторынан алынбақ. Алайда елде 2017 жылы өткізілген талдау деңгейіне қарасақ, жағдай мәз емес. Себебі көптеген тау-кен байыту және металлургиялық ком­бинаттар Кеңес заманында тұрғызылған, тиімділік пен өндіріс қауіпсіздігі бойынша талаптарға сай емес. Тау-кен кәсіпорында­рының жартысынан астамы әлі 2.0 Ин­дустрия кезеңінде, толық автоматтан­дырылмаған. Сала бойынша сарапшы Артур Поляковтың айтуынша, елде қатты қазба байлықтың түр-түрі бар, бірақ соны іздес­тіру, барлау жұмыстары кенжелеген. Ши­кізат потенциалын айта келе тоқтайтын бір байлам – жер қойнауын пайдалану сала­сында жаңа саясат енгізу қажет.

«Жаңа саясат енгізгенде ғана тәуір эко­номикалық нәтижеге қол жеткізіп қоймай, жаңа зауыт салуға дайын шетелдік ірі ком­паниялар үшін перспективалы болып көрі­нуге болар еді», – дейді ол.

Көмір өңдеуге де көңіл бөлу керек 

Жалпы, тау-кен өнеркәсібін айтқан тұста көмір өңдеуді де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазір көгілдір отынмен қамту үлесі артуда, балама қуат көздері дами бастады. Соның нәтижесінде, отандық энергетика нарығында көмірге деген сұра­ныс біршама азайған. Әйтсе де, қатты отынның бұл түрін кәдеге жаратудың басқа да амалдары жетерлік. Ресми дерекке жү­гінсек, жыл сайын елімізде шамамен кө­мірден 3,5-4 мың тонна көлемінде кокс өнімі өндіріледі. Сөйте тұра 2016-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанға өзге елдерден 4 млн 500 мың тоннадан астам кокс им­портталған. Тау-кен кәсіпорындарында атал­ған өнімге тапшылық байқалып отыр­ғанын, сондай-ақ оны сырттан қымбат ба­ғаға алуға мәжбүр екені байқалады. Сала мамандары көмірді ұқыпты өңдеу арқылы одан жасанды графит, нафталин және антрацен сынды пайдалы өнімдер өндіруге болатынын көптен айтып жүр. Тұтастай алғанда, көмірді қайта өңдеу ісі 400-ден астам түрлі өнімнің өндірісіне жол ашады. Ал олардың құны кәдімгі көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары.

Көмір-химия саласының дамуы қатты отынның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, Ұлыбританияда түтінсіз жанатын көмірді өндіру тәсілдері зерттеліп, оны жағу кезінде атмосфераға заттар таратпаудың технологиясы меңгерілген. Сондықтан көмір шикізатының маңыздылығын ескеруіміз қажет. Еліміздегі жылу электр стан­саларында электр энергиясының ша­мамен 70 пайызы көмірді жағу арқылы өн­діріледі. Бір жағынан Қазақстандағы кө­мірді өңдеу саласының кенжелеп қалуы тиісті жобаларды іске асырудың қымбат­тылығы мен мемлекеттік қолдаудың жоқ­тығымен тікелей байланысты. 34 млрд тонна көлеміндегі көмірдің үлкен қоры бар, әлемдік көмір қорының 4 пайызына иеміз. Бұл тұста жанымыздағы Ресейдің тәжі­рибесіне жүгінсек те артық етпейді. Көрші елде көмір өнеркәсібін дамыту бағдарлама­сы аясында көмір өнеркәсібінің перс­пективалы бағыты ретінде өңірлердегі көмірді терең өңдеуге басымдық берілген. Салықтық жеңілдіктер береді, өндірушілерді ынталандыра алады.

Түйіндей келгенде, тау-кен саласында ең маңызды екі мәселе тұрғанын аңғардық. Біріншісі әлі күнге дейін жүйелі зерттеудің дамымағаны болса, екіншісі – ескірген технологияның өрге шығармай тұрғаны. Ал оның бәрі сайып келгенде қаржыға ті­релетіні анық. Шетелдік ірі компаниялар атсалыспайынша, проблемаларды толық шешу мүмкін емес секілді.

М.ТӨЛЕУ