Былтыр дәл осы уақытта ауданға қарасты барлық ауылды шіркей басып, жұрт көшеге шыға алмай қалған. Төрт түлік мал мен егін шаруашылығымен жан бағатын жұрт ерте көктемнен бастап, жаздың бел ортасына дейін үсті-басын тұмшалап, шіркеймен арпалысып шыққан. Облыс басшылығы мамандардың зиянкестерді дәрілеу жұмыстарына үлгермей қалғанын, жағдай ушығып бара жатқан соң ғана жергілікті билік әрекетке көшкенін ашық айтқан. Сөйтіп, жергілікті билік шектен тыс көбейген шіркейге қарсы қауқарсыз болып шыққан. Жұрт тор бас киіммен, үсті-басын тұмшалаумен әбіржіп, «Өлмес құлға келер жаздың» кебімен шіркей жойылатын шілдеге де жеткен-ді.
Малдың төлін талап өлтірді
Өкінішке қарай, билік өткен жылдан сәл де болса сабақ алмапты. Баяғы жартас – сол жартас. Кабинеттерінде өз жұмыстарын алаңсыз атқарып отыр. Ал Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасының маңайында орналасқан ауыл-аймақ тұрғындарын наурыз айынан бері шіркей әбігерге салып қойды. Қазір күн жылынған соң тіпті көбейді. Шаруалардың нағыз қарбаласы қызатын уақытта қол байлап қойған шіркейлердің әлегі әбден титықтатып тұрғанын айтады. Ауыл азаматтары әлеуметтік желі, БАҚ құралдары арқылы дабыл қағып жатса да, құзырлы орган өкілдері дәрілеп жатырмыз деген сырғытпа жауапты айтып, алаңсыз отыр.
Шеңгелді ауылының тұрғыны Хамит Адасқанов ауыл жұрты соңғы 10 жылдан бері, яғни Көксарай су қоймасы салынғалы шіркеймен алысып, азапты күндерін өткізіп жатқанын айтты. Әсіресе, былтыр және биыл шіркейдің жөні бөлек. «Мұның барлығы да жүйелі дәріленбегеннің салдары. Ауыл шетінде дәрі шашып жүрген көлікті көріп қалдық жақында. Оның әлі пайдасын көрген жоқпыз. Сол баяғы жартас. Демалсаң мұрныңа, сөйлесең аузыңа кіреді. Мал жайылымға түнде шығады. Күндіз қораға қамап отырамыз. Онда да қанатты жәндіктер қораның ашық жерлерінен ішке кіріп кетеді. Тауық балапан басуды қойды. Малды үйдің ішіне кіргізіп төлдетіп жатырмыз. Тіпті, кейде шіркей үйдің ішін де басып қалады. Аллергиясы бар адамдардың бет-аузы ісіп кетіп жатыр», – деп шырылдайды ауыл тұрғыны. Кеше ғана туған бұзау қаумалаған қанатты жәндіктерге таланып өліп қалыпты. Шіркейдің талауына түскен құлындар да тосыннан келген тажалға шыдас бермей өліп жатыр.
Бұл – Шеңгелдідегі 100 шақты түтіннің жанайқайы. Одан бөлек, Балтакөл, Байырқұм, Көксарай, Арыс ауданының бірнеше ауылы да қосқанатты жәндіктермен арпалысып, күн өткізіп жатыр. Жасы мен кәрісіне дейін көшеде торлы бас киім, үсті-басы тұмшаланған киіммен жүреді.
Балтакөлдік шаруалар егіс алқабына бару үшін жәндіктері сәл саябырситын уақытты, яғни қас қарайғанын күтетінін айтты.
Дәрілеуге 643 млн теңге бөлінген
Осыдан бір апта бұрын Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг өткізген жауапты сала өкілдері шіркеймен күресте қыруар тірлік атқарылып жатқанын айтқан-ды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстарына, яғни 4 аудан мен 2 қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалса, қалғаны аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысын беруге бағытталған. Демек, дәрілеу шараларына 600 млн теңге қаралған. «Көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қосқанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі салдарынан елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6 492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды», – деген Б.Полатбеков.
Ал зиянкестермен күресуге бірден-бір жауапты мекеме – Satti Tulik ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменұлы шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырғанын жеткізді. «Өңір бойынша 7 нүкте анықталды. Бұл жерде биологиялық препараттар талапқа сай 2 рет қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды серіктестік директорының орынбасары.
Серіктестік директоры орынбасарының айтуынша, мамандар шіркей ұяшықтарының 85 пайызын жойған. Сонда ауыл халқы ұяшықтардың 10-15 пайызынан шыққан шіркеймен ғана алысып жүрген болып шығады. Жауаптылардың мұнымен шектелмей «Дер кезінде жұмыс жүргізілмегенде қазір Түркістан облысын шіркей басып қалар еді» деп шіренуін қалай түсінуге болады?! Бұл орайда шіркейге қатысты жауаптылар айтқан цифрмен нақты жағдайдың арасы жер мен көктей сияқты.
Желмен жан сақтаған жұрт
Отырар ауданының әкімдігі Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отырғанын растайды. Отырар ауданы аумағындағы қанатты жәндіктерге қарсы гидрофаунаға зияны жоқ залалсыздандыру жұмыстары соңғы рет 2020 жылы «Көксарай» су реттегішінің шлюздері арқылы Түркістан облысы әкімдігінің Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жүргізілген екен.
Осы орайда 2020 жылы өңірде қанатты жәндіктерге зерттеу жүргізіп, олармен күрес жүргізуде едәуір нәтиже көрсеткен Алматы қаласындағы Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Перизат Есенбекованы сөзге тартқан едік. Ғалым былтыр және биыл шіркейдің шектен тыс көбейгені туралы естіп жатқанын айтты. «Біз 2020 жылы Түркістан облысында ғылыми жұмыстармен айналыстық. Қосқанатталырдың таралу ошағын зерттеп, оның әрбір нүктесіне мән беріп, бірнеше даму сатысын күнделікті микроскоппен қарау арқылы анықтадық. Дернәсілдерді соңғы даму сатысына жетер-жетпес уақытында өлтіріп үлгеру керек. Соңғы даму сатысына жеткенде өлтіріп үлгере алмаса, ол ұшып кетсе пайдасы жоқ. Алайда біздің жұмыстың нәтижесіне ешкім мән бермеді. Қаражат та төлеген жоқ. Ол кезде залалсыздандыру бойынша тендерді сайрамдық компания жеңіп алған», – дейді ғылыми қызметкер.
Сала маманы биыл халықтың шулап жатқанына қарағанда дернәсілдер дер кезінде өлтірілмей қалып жатуы мүмкін екенін айтады. «Әйтпесе, сөзсіз бір нәтижесі болуы керек қой. Қорытындысы неге көрінбей жатыр? Мұны облыс әкімдігінің өзі тікелей бақыламаса болмайды», – дейді ғалым.
Ал біздің зиянкестермен күрес жүргізу тапсырысын ұтып алған серіктестік басшылығы 85 пайызын жойдық деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұны құр есеп үшін айтылған деуден басқа лажымыз жоқ. Себебі ауыл халқының дәл қазіргі жағдайы мәз емес.
Дәл бүгін оларды жел құтқарып тұр. «Бір кездері желден зәрезап болушы едік. Қазір жел тұрғанын тілейтін болдық. Жел болса шіркей де ұшып кетеді. Ауыл тұрғындарының барлығы көшеге шығып, жел басылғанға дейін шаруаларын бітіруге асығады», – дейді шеңгелділік Хамит Адасқанов.
Жауаптылардың шіркейді қағаздағы есеппен жоюға тырысқан әрекетінің салдарынан жұрт желдің басылмауын тілейтіндей халге жеткен.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы