Есіл өзенінің Атбасар ауданы тұсындағы бірнеше ауылдың тұрғындары дабыл қақты. Сәуір айының басында суға кеткен малдың өлекселері әлі күнге өзеннен шығарылмаған екен.
Өзенде өлексе қалқып жүр
1,784
оқылды

Аталған мәселе аудан әкімдігі мен басқа да құзырлы органдардың назарынан тыс қалғандай. Өлексенің қолқаны қабатын иісіне әбден тұншыққан көпшілік бұдан экологиялық жағдай тіптен нашарлай түсер деп алаңдаулы.

Естеріңізге сала кетсек, сәуір айының алғашқы күн­дері қатты боранның салдарынан Атбасар ауданындағы Ақан Құрманов, Қосбармақ, Қаракөл, Сергеевка, Алғабас сияқты бірнеше ауылда ондаған жыл­қы мен сиыр суға батып арам өлген. Ал ауыл тұрғындары суға кеткен малдың саны жүзден асып жығылатынын айтады. Әрі өлген малдың әлі күнге өзеннен шығарылмай жатқаны жұрттың шамына тиген. Себебі өлексе қалқып жүрген айдыннан жақын маңдағы ауылдың малы суы ішеді. Бұдан  түрлі ауру­лардың таралу мүмкіндігін де ешкім жоққа шығара алмайды. 

–  Есіл өзенінде суға батқан малдың өлекселері толып жатыр. Теңкейіп-теңкейіп жатқан мал әлі күнге дейін суда жатыр. Қолқаны қабатын жағымсыз иісі қазір ауылдарды алып кетті. Бұл экологиялық жағдайдың ушығып, түрлі аурулардың таралуына себепші болуы әбден мүмкін ғой. Малдар да осы өзен суынан су ішеді. Аудан әкімдігі де, жергілікті полиция қызметкерлері де хабардар. Бірақ еш назар аудармай жатыр, – дейді Жақсы ауданы Қима ауылының тұр­ғыны Рамазан Сейтжапаров. 

Біз алдымен мәселенің мән-жайын Атбасар ауданы әкімдігінен анықтамақ болдық. Аудан әкімдігі өзеннің маңындағы жердің әлі құрғамауынан техниканың малды шығаруға мүмкіндік болмағанын алға тартты. 

– Аталған мәселе жергілікті атқарушы органдар мен ауданның ветеринарлық қызметінің тікелей бақылауында. Алдағы күндері малдың өлекселері жойылмаған барлық учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілмек. Өйткені бүгінге дейін өзен маңындағы аумақ тұтастай батпақ болып жатқандықтан техниканы кіргізу мүмкін болмады. Техника суға батқан малды алып шығуға жете алмады. Қазір арнайы топтар құрылып, техникалар бөлінген. Бүгін-ертең малдың өлекселерін жою бойынша жұмыстар жүргізіледі, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер. 

Ал өңірдің Экология департаменті мен санитар­лық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі бұл жағдайдан мүлде хабарсыз болып шықты. Департамент басшылары аудандағы мұндай жағдайды бізден естігенін айтып, айды аспанға шығарды. 

– Бізге мұндай хабар түспеді. Дегенмен мал өлекселері ағын суда жатқан болса экологиялық жағдайға әсер ететіні анық. Бірақ аталған мәселені санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандары қарап, судан сараптамалық талдау алып, тексеруі керек. Тиісті органдарға хабар береміз, – дейді Ақмола облыстық Экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев. 

Әйтсе де, өңірдің бас санитар дәрігері де бұл мәселе туралы еш естімеген болып шықты. 

– Мұндай оқиға туралы сізден естіп отырмын. Әзірге ешқандай жұмыс жүргізілмегендіктен  нақты еш нәрсе  деп айта алмаймын. Аудандағы мамандарға судан тиісті талдау сынамаларын алуды тапсырамын. Апта соңына дейін нәтижесі шығуы тиіс. Малдың өлексесі суда жатқан болса расында да аса қауіпті аурулар туындауы әбден мүмкін. Тиісті шараларды жүргіземіз, – дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина. 

Мал өлексесі суда айлап жатуына алаңдаған тұрғындардың жанайқайы, әрине, орынды. Дегенмен әкімдіктен бастап құзырлы органдардың ешқайсысы мәселеге еш назар аудармаған. Түрлі қауіпті аурулардың пайда болып, мал өлекселері жатқан өзеннен су ішкен малдың арасында індет шығып кетпеуіне де ешкім кепілдік бере алмайды. Сайып келгенде, мәселенің туындауына  тиісті органдардың жауапкершілігінің жоқтығы мен сылбыр әрекеті себепші болғаны анық. Енді одан әрі жағдайды ушықтырмас үшін құзырлы органдар дереу әрекетке көшкені жөн.   

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы