«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасының 300 жылдығына және Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай эстафеталық ультрамарафон 2 мамырда Қарағанды университетінің алаңынан басталды. Оның жалпы ұзындығы 1 300 шақырымды құрайды.
Қарағанды облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбеков, рухани-танымдық сапармен жолға шыққандарға ізгі тілек жолдап, сәтті сапар тіледі.
Таң ата Бөкетов университетінің «Жастар» алаңынан эстафеталық ульрамарафон желаяқтары «Қарағанды-Түркістан» бағытындағы 1 300 шақырымдық жүгіруді бастап кетті.
Buketov runners желаяқтар тобында 40 шақты адам бар. Айтулы ультрамарафонға өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жүгіру мәдениетін насихаттап жүрген белгілі тұлғалар шақырылды.
Супермарафон Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Жарысқа ЖОО оқытушылары мен студенттері, арнайы шақырылған ультрамарафоншылар қатысады.
– 21 шақырым жүгіріп, эстафетаны бастап беремін. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараны қолдау үшін Алматыдан арнайы келдім. Өзім білім алған университеттің осындай игі шараны ұйымдастырып жатқаны қуантады. Жалпы, жүгіру деген көп адам түсінетіндей тек іс-әрекет, қимылмен шектеліп қалмайды. Бұның философиясы бар. Бұл – жігер, бұл – тәртіп, бұл – жеңіс, бұл – саламатты өмір салты. Наурыз айының басында Токиода марафонға қатыстым. Қыркүйек айында Берлин марафонында бағымды сынап көру жоспарда бар, – дейді Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі, желаяқ Еренғайып Қуатайұлы.
Жарыс кезінде тарихи және мәдени көрікті жерлерге бару жоспарланған. Тарихи-танымдық марафон Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аллеясында аяқталады.
Бұқар жыраудың мерейтойы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай «Рухани KZ» жастар рухани-ағарту керуені жолға шығады.
– Білім беру керуеніне 180 адам қатысады. Бұл тек Қарағанды университеті емес, Еуразия университеті мен Сәтбаев атындағы университеттің белсенді студенттері мен оқытушылары. Тарихшы ғалымдар біздің жеріміз туралы қызықты деректерді жастарға айтып беремін, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов.
Керуенге қатысушылардың бір бөлігі Ұлытау облысына, енді бір тобы Павлодар облысының Баянауыл ауданына, қалғандары Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласына барады. Жол бойында керуен тарих және мәдениет ескерткіштеріне тоқтайды. Соңғы нүкте Жошы хан кесенесі болады. Кесенеде ғылыми конференция өтпек.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы