Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына халықтың көңілі толмайды
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына халықтың көңілі толмайды
276
оқылды
Шығыс Қазақстан тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды. Nur Otan партиясының облыстық филиалындағы мемлекеттік қызмет бағыты бойынша куратор Олег Чернышевтің айтуынша, өткен жылдың қортындысы бойынша қызмет көрсету сапасының рейтингі бірінші орыннан төртіншіге бірақ түскен. Дегенмен, қызмет көрсету саласы қағазбастылықтан арылып келе жатқандығын атап өткен жөн. Өткен жылы облыс тұрғындарына 7,9 млн мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 7,1 миллионы электрондық форматта жүзеге асырылған. Қызмет көрсетуді электрондық форматқа көшіру мақсатында облыс шеңберінде қызметкерлер мен тұрғындардың қатысумен 700-ден астам оқыту семинарлары мен курстары ұйымдастырылған. ­­­­­– Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында осыған қатысы бар барлық мекемелерде 260 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1062 тәртіп бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі ­­– қажетсіз құжаттарды сұраумен байланысты. Мұндай жағдайлардың көбі Көкпекті, Шемонайха, Бородулиха аудандары мен Риддер қаласында тіркелген. 52 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Олег Чернышев. Қызмет көрсету сапасының төмендеуіне қызмет көрсетушілердің салғырттығы мен дөрекілігі, халыққа ақпараттың дұрыс жеткізілмейтіндігі, интернет байланысының нашарлығына техникалық ақау себеп болған. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан