Елордадағы кәсіптік-техникалық колледжде «Студенттік құрылыс» және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХIX еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті.
Еңбек маусымы ашылды
599
оқылды

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, ал «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының ұйымдас­тыруымен жүзеге асқан игі істің игілігін көріп жатқандардың көптігі көңіл қуантады. 

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдар­лама­сы 2005 жылдан бастап республиканың барлық өңір­інде және Астана қаласы бойынша жүзеге асырыла бастады. Осы 18 жыл ішінде Ас­тана қала­лық «Жасыл ел» штабы елордада елеулі еңбектер ат­қа­рып, 14  және 35 жас аралығында жұмыссыз жас­тар мен студент­терді жазғы еңбек маусымында жұмысқа орналастыруға атсалы­сып келеді.

Астана қаласы «Жасыл ел» штабы ел бойынша еңбек ету және сарбаздарды жұмыспен қам­ту жағынан оң нәтиже көр­сетуде. Оған сәйкес жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарын­да жұмыс істеуге өтініш білдіруші жастардың саны да артып отыр. Олар қаланың құрылыс ныса­нын­да әртүрлі санаттағы шебер­лердің, оның ішінде құрылыс инженерлері, технологтар, мон­таж-құрылыс жұмыс­тарының шеберлері көмекшісі қызметтерін атқарып, қала маңындағы жасыл белдеуде ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына кө­мегін тигізуде. Одан бөлек, елор­далық «Жасыл ел» сарбаздары қаладағы қарттардың үйін қысқы мезгілге дайындап, қолғабыс етуде де елеулі еңбек етіп жатыр. «Бұл бағдарламаға 14 жастан бас­тап мектеп оқушылары, студент­тер және 35 жасқа дейінгі жұмыс­сыз жастар қатыса ала­ды. Қа­тысу­шыларға 65 мың теңге кө­лемінде сыйақы төленеді. Жас­тар қаламыздың саябақ­тарында, құры­лыс нысандарын­да, «Жа­сыл белдеуде» еңбек ете­ді», – дейді Астана қаласы Жастар сая­саты мәселе­лері бас­қарма­сының бөлім басшысы Атымтай Бағ­дат. Ал «Жасыл ел» жобасы­ның жетек­шісі Абдура­шид Асылбектің айтуынша, ашылу сал­танатымен қатар, кол­ледж ай­мағында ағаш отырғызу шара­сы да өткізілген. 

Биыл жоба аясында 4 200 жасөспірім мен жасты жұмыспен қамтып, оларды ақшалай сы­й­ақы­мен қамтамасыз ету көздел­ген. Олардың қатарында көпба­лалы, әлеуметтік аз қамтылған от­басылардан шыққан балалар да бар. Жобаға қатысатын жастар­дың барлығы арнайы экипиров­камен қамтамасыз етілсе, жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемесі, 20-ға жуық колледж және 10-нан ас­там жоғары оқу орны се­рік­тес болуға келісім беріп отыр. 

Бағдарлама бойынша биыл осымен екінші рет жұмыс істегелі отырған 1-курс студенті Ислам Айтқалиев: «Мұнда жаңа орта таптым және жаңа достармен танысуға мүмкіндік алдым. Ай сайын бізге жалақы төленеді. Тапқан табысымды күнделікті қажеттілікке жұмсасам, бір бө­лігіне ата-анама сыйлық сатып алдым. Жаз мезгілімен қоса, күз­де де жұмыс істедім. Ең маңыз­ды­сы, бағдарлама ұсынған жұ­мыс­ты күзде оқумен қатар алып жүруге болады. Уақыты да бізге қолайлы екен», – дейді. 

Айта кету керек, еңбек жаса­ғына қатысуға өтінім қабылдау  20 мамырға дейін жүргізіледі. Жо­баға қатысқысы келетін мектеп оқушылары болса, өз мектебіне жүгіну керек. 

Ж.МҮСІЛІМ