Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша Түркістан облысының командасы бас жүлде алды, жеңімпаздарды партия Хатшысы Дәулет Кәрібек құттықтады.
«Ұлан ғайыр жерімізді ата-бабамыз бізге аманат етіп қалдырды. Оны қорғау– біздің қасиетті борышымыз. Өскелең ұрпақ барған жерде біздің даңқты әскеріміз туралы айта жүріңіздер. Өйткені ел мен жер біздікі! Оны мынау тұрған сіздер мен біз қорғаймыз! Қазақта жақсы сөз бар: «Жер елге аманат, ел ерге аманат». Осында тұрған әрбіріңіз ерсіз! Бізге берілген аманатты аман сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді Дәулет Кәрібек.
Қарағанды құрамасы 2-орын (700 мың теңге), Алматы 3-орын (500 мың теңге) алды. Қатысушылар жүлделі орындардан бөлек арнайы номинацияларға ие болды. Ерлер арасында жүгіруден Қарағанды облысынан Амантай Нұртілеу – 1-орын, қарағандылық Сатпай Боранқұлов – 2-орын, Ұлытау облысынан Болат Ануар 3-орын алды. Ал қыздар арасында жүгіруден Милена Бардаш – 1-орын, Дильназ Касимова – 2 орын, Нұрай Сатталы 3-орын алды. Кедергілер жолағындағы жарыста да үздік атанғандар арнайы аталым бойынша марапатталды.
Салтанатты іс-шараға партия Хатшысы Дәулет Кәрібек, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, депутаттар және Қарулы Күштер ардагерлері, танымал спортшылар қатысты.
Qaisar әскери-патриоттық ойындарының іріктеу кезеңіне былтыр 1 700-ге жуық жас азамат қатысса, биыл қатысушылар саны 3 000-нан асқан. 17 облыс пен 3 қаладан келген 120 жас ақтық кезеңде аянып қалмай, бар күш-жігерін салды. 15-25 сәуір аралығында іріктеу ойындары өткізілді. Финалдық кезеңге жолдама алған 120 қатысушы 4-5 мамыр аралығында елордада бақ сынады. Ақтық кезең екі күнді қамтып, қатысушылар өздерін қашықтыққа жүгіру, арнайы әскери жаттықтырушылар дайындаған кедергілер жолағынан өту, саптық дайындық және танымын кеңейту бойынша викторинада жарысты. Ойынға қатысу үшін әр өңірден 10-11-сынып оқушыларынан 6 адамнан (4 ұл, 2 қыз) тұратын командалар құрылды. Іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлері соғыстағы ұрыс барысын бейнелейтін көрініс қойды. Одан бөлек, жастар Qaisar jalyny алауы маңында бас қосып, достық қарым-қатынасты нығайтып, гитарамен ән шырқады. Ойынның екінші күнінде қашықтыққа жүгіру мен «Менің елім – Қазақстан» тақырыбындағы әскери-танымдық викторинадан жарыс болды. Сондай-ақ қатысушылар үшін арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында «68655 әскери бөлімінің» тыныс-тіршілігімен, әскерилердің өмір тынысымен, қару-жарақтардың түрімен, әскерлердің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Былтыр «AMANAT»-тың кезектен тыс XXII съезінде партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты Qaisar жобасын іске қосатынын мәлімдеді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияның съезінде берген тапсырмасын орындау бойынша жүзеге асуда. Былтыр бұл ойындар Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тұңғыш рет өтіп, дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңіре отырып, патриотизмге тәрбиелеу. Оқушылардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.
Асыл ТҰМАР