Біз бүгін әскер қатарында жүріп, екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік жасаған сарбаздар жайында айтпақпыз.
Қарулы топқа тосқауыл
Әскеріміздің айбыны сонау тәуелсіздік алған жылдардан кейін көп өтпей-ақ біліне бастаған еді. Мәселен, 1995 жылдың 7 сәуір күні Қарулы Күштеріміздің сарбаздары тәжік-ауған шекарасында қаруланған лаңкестермен шайқасып, ерліктің, қайсарлықтың үлгісін көрсеткені әлі күнге дейін көптің есінде. Тепсе, темір үзетін жауынгерлер шекараны заңсыз қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақ болған қарулы топқа тосқауыл қойды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 8 жарым мың сарбаз аттанған. Соғыс қашан да қантөгіссіз болмайтыны белгілі. Пшихвар шатқалындағы ұрыста 17 қазақстандық ерлікпен ажал құшқан еді. Бұл күндері ол батырлардың құрметіне әр жерден ескерткіштер ашылған. Жыл сайын еске алатындардың да қарасы аз емес.
Алтыншы бекеттің адуыны
Бір өзі талайды жайратқан ерлер жайлы көбіне көркем шығарма немесе кинодан ғана оқып-көріп жатамыз. Дегенмен шын өмірде де мұндай батырлардың бары рас. 2010 жылы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түрмеде үлкен дүмпу болып, бас бостандығынан айырылғандар қашпақ болады. 21 қашқынды жалғыз тоқтатуға ұмтылған Ербол Отарбаевтың ерлігін айтпай өтуге болмас. Көпшілік білер, кейін сол қылмыскерлердің қанқұйлы іс-әрекеті «Алтыншы бекет» фильмінің шығуына арқау болды. Отарбаевтың өзі оқиғадан соң ІІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сарбаз кейінгі өмірінде әскер қатарынан алыстаған жоқ. Жанқиярлығымен әр адамның Отаннан қымбат емес екенін ұғындырған оның ерлігі ел есінен кете қоймасы даусыз. Қазақ армиясының атын баршаға танытқан жауынгерді үлгі ететін сарбаздар көп болары анық.
Мәңгілік тағзымның иелері
Осыдан 7 жыл бұрын Ақтөбеде болған теракті есімізде. 2016 жылы 5 маусымда 17 адамнан тұратын экстремистер тобы қаладағы екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, сондай-ақ 6655 әскери бөлімінің аумағында орналасқан қару-жарақ қоймасын басып алуға тырысқан еді. Әскери қалашыққа жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін қақтығысқа шыққан кезінде үш әскери қызметші оқиға орнында қаза тауып, 6 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Экстремистер қару-жарақ қоймасын иемденсе, әрі қарай не боларын болжау қиын еді. Онда қарапайым азаматтарға да қауіп төнетін. Міндетін ерлікпен атқарған жауынгерлердің әрекетін батырлыққа баламаса болмас.
Қаза тапқан әскери қызметшілер арасында ҰҚК «Батыс» әскери қарсы барлау бөлімінің аға жедел уәкілі, майор Даниэль Майлыбаев, 6655 әскери бөлімінің келісімшарт қызметінің сержанты Берікжан Қалиев, 6655 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің сарбазы қатардағы Досбол Сапар болды. Дегенмен қару-жарақ қоймасын қорғағандардың бәрі де елеусіз қалған жоқ. Аға сержант Ғабит Балжанов, бөлім медициналық пунктінің фельдшері сержант Ирина Балмағамбетова, сержант Сатыбай Рахмет, ефрейтор Еламан Жанділдаев, ефрейтор Жеңіс Табынбаев, қатардағы жауынгерлер Артем Авдеев, Ілияс Қарақойшиев, Ақжол Шайсұлтан, Исламжан Тұрсын Ішкі істер министрінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
2017 жылы 10 қаңтарда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін мемориалдық тақта ашылған болатын. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының 2016 жылғы 22 маусымдағы №180 бұйрығымен әскери борышын орындау кезінде ерлік жасаған және қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу мақсатында тізімге мәңгілікке енгізілді. Қоғамның қауіпсіздігі үшін жан қиған ерлерге құрмет шексіз болуы тиіс.
Батырлар бағасыз қалмасын
Әскери қызметінен тыс уақытта да ерлік жасап, көмегін тигізіп жүретін сарбаздар аз емес. Сондықтан жауынгер болу тек қызметпен ғана емес, азаматтық позициясымен де өлшенсе керек. Сондай азаматтың бірі – Бақыт Ташкенбаев. Былтыр тамызда Алматыдағы Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің қызметшісі Ташкенбаев отбасымен Есік елді мекеніне жолға шыққан. Әскери қызметші жол бойындағы кафеден шыққан қалың түтінді байқап, бірден оқиға орнына жақын жерге тоқтап, көмек сұраған дауыс шыққан жаққа жүгірген екен. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өрттің арасынан екі газ баллонды ажыратып, жиһаздарды көшіріп, адамдарды қауіпсіз жерге алып шыққан. Одан соң өз бетімен өртті сөндіруге тырысып, көмек көрсеткен екен. Бір қызығы, азамат өрт сөнгеннен кейін ешкімнен алғыс күтпей, түк болмағандай жолымен кете берген. Оны мейрамхана иелері іздеп тауып, ерлігін елге аян етіпті. Яғни, ерлік тек қызметтегілерге ғана тән дүние емес.
Былтыр күзде Қостанайда болған өртті сөндіру оңай болмағаны белгілі. Өрт сөндірушілермен қоса бұл іске сарбаздар да тартылған еді. Олардың арасында өлшеусіз еңбек сіңіргендері де болды. Мәселен, тілсіз жау басылған соң Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін 31775 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Александр Аликович «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бар болғаны 18 жастағы сарбаз қауіп-қатерге қарамастан төрт күн бойы әскери инженерлік техникамен тілсіз жаудың таралуына қарсы тұрып, өртке қарсы бірнеше арықтар қазған.
Абай облысы Үржар ауданының тумасы сол оқиғадан 4 ай бұрын ғана Қарулы күштер қатарына шақырылған екен. Жас батыр кейін Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімде материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонында қызмет етті. Ауылда туып-өсіп, жергілікті ауылшаруашылығы колледжінде оқып, механизатор мамандығын алған бозбаланың ерлігі де көпті сүйсіндірді.
Қорыта айтқанда, халқымыз «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілекті бекерге көп айтпайды. Бейбіт күнге не жетсін, дегенмен тосыннан келген не түрлі қауіпке кеудесін тосқан сарбаздарды құрметтей білгеніміз артық емес.
Мадияр ТӨЛЕУ