Соңғы жылдары бұл тақырыпқа жиі қалам тартып жүрген тарихшы Дина Игсатова мен Зәуреш Сақтағанованың жазбаларынан 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері туралы деректерді кездестіруге болады.
Батыр қыздардың қатарында Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі жиі аталады. Әлия мен Мәншүк туралы тарихи деректер де көп, тіпті көркем фильмдер де түсірілді. Хиуаз апайдың өмірінің соңғы сәтін көзбен көрдік. Үйіне барып, тілдескен де кезіміз бар. Батыр қыздың батасын да алдық.
Майданға аттанған қыздарымыз түрлі әскери құрамаларда қызмет етті. Бірі ұшқыш, енді бірі радист болса, енді бірі танкист, партизан, барлаушылар қатарында болды. Батыр қыздар туралы тарихшы Дина Игсатова «1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері» атты еңбегін жазды. Бұл ғылыми жинақ Динара Асановамен бірігіп дайындалған. Қан майданға аттанған қазақ қыздарының қатарында ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкист қыздар Күлкен Тоқбергенова, Жамал Байтасова, пулеметші Жәмила Бейсенбаева, зенитші Ажар Оразғалиева, десантшылар Қалзия Асанова, барлаушы Жәмила Сәлімовалар бар.
Тарихшы Дина Игсатованың айтуынша, брондалған танкі әскерилері қатарына да қазақ әйелдері кірген. Олардың кейбіреулері радиотелефонистер, кейбірі пулеметші болыпты. Тек бір экипаж толығымен қыздардан тұрған. Ол Қазақстаннан келген қыздар құрамасы еді. Олар: Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаевалар болатын.
«Ерлігі үшін» медалін алған кіші сержант Жамал Байтасованы бөлімшедегілердің бәрі құрмет тұтты. Өз ісінің шебері, көңілді Жамал ұрыста қашан да төзімділіктің үлгісін көрсетті. Соғыста қазақ қыздары көрсеткен ерліктері өте көп. Бір Күлжәмиланың өзі жаудың бес атыс нүктесін жойған. Батыр қыздар туралы ақпараттар толық емес. Өйткені олар Литва жерінде қайтыс болған» деп жазады Дина Игсатова. Тарихшының айтуынша, Литва жерінде тарихи құжаттардың көбі әлі құпия сақтаулы.
Ғалым кітабының бір тарауын мәскеулік қазақ қызы Алтыншаш Нұрғазиноваға арнаған екен. Ол 1924 жылы Мәскеуде туған, 1941 жылы Мәскеу қаласындағы Сталин аудандық әскери бөліміне барып, сол жерден алты айлық курсқа аттанған. Кейін орталықта, Воронеж, Украина майданында соғысқан. Алғашында 8-гвардиялық дивизияның 235-і атқыштар полкінің 1-батальонының комсомол ұйымдастырушысы болды. Бірнеше рет ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. 1944 жылдың шілде айынан бастап 70 атқыштар дивизиясының 207-і атқыштар полкінің 2 батальоны сапында болды.
«Ол 1944 жылы 2 қазанда қайтыс болды. Польшадағы Краков жауынгерлік бейітінде жерленген. Қайтыс болғаннан кейін оған Қызыл Жұлдыз ордені берілді» деп жазылған тарихи деректерде. Бұл туралы ақпарат КСРО Қорғаныс министрлігі мұрағатында сақтаулы тұр. Алайда тарихшы Дина Игсатова Польшада жарық көрген екі томдық «Естелік» кітабына Алтыншаш Нұрғазинованың есімі енбегенін жазады. Кейінірек оны Польшаның Дукла қаласындағы әскери бауырластар зиратына жерлегені туралы деректер табылған. Онда Алтыншаш есімі Ақлынша деп жазылып кеткен.
Қан майданға аттанған қыздардың бірі – Сара Сартбаева. Ол туралы тарихшы Жұмабай Доспановтың зерттеу еңбектерінен кездестіруге болады. Семейде туған қыз соғысқа Ашхабадтан аттанған. Медицина қызметінің лейтенанты атанған. Там-тұм деректер ғана болмаса, басқа көлемді дүние таба алмадық.
Қазақтың батыр қызы Халида Маманова туралы да қызықты деректер көп. Оның тегі атақты Маман әулетіне қатысты екені белгілі. Заманында ең бай, бақуатты әулет саналған Маман байдың ұрпағының да даңқы аспандап тұрған еді. Бір кездері «Қазақ» газеті тоқтап қалмауы үшін қаржылай қолдау көрсеткен де осы әулет болатын. Тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған да Маман әулетінің ұрпақтары еді. Мамания мектебінің негізін салған бұл әулет туралы көптеп жаза беруге болады.
Журналист Қарагөз Серікқызы Халида Маманова туралы жазбасында: «Ол 1942 жылдың ақпанында соғысқа аттанады. Медицина институтын бітірген әр түлекке берілуі тиіс кіші лейтенант шені Халида Мамановаға бұйырмады. Тіпті, соғыс даласында медбике болып жұмыс істеуге де рұқсат етілмеді. Себебі ол «бай тұқымы», сенімсіз элемент саналады. Сөйтіп, Халида соғыс даласында бейіт пен окоп қазу жұмысына жегіледі. Міне, осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады. Хаттың мазмұны «Халық жауы» болсам, айыпкерлер ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз» дегенге саятын. Осылайша, Халида айыпкерлер батальоны – штрафбатқа кетеді» дейді.
Соғыстан оралған соң да ол өзінің тартқан тауқыметі туралы ешкімге ақтарылып айтпаған. Халида елге капитан шенімен оралған. 1946 жылы Қазақ медициналық институтына патологиялық физиология кафедрасына жұмысқа тұрып, 1950 жылы кандидаттық диссертациясын жазып бітеді. Өкінішке қарай, бірақ ол жұмысын қорғай алмаған. Бай тұқымы болғаны үшін қорғатпаған. Кейінірек ол жұмысын Мәскеуде қорғауға мүмкіндік алып, медицина ғылымының кандидаты атағын алады.
Ғазиза Момынова – Батыс Қазақстанда дүниеге келген. Алматыдан соғысқа аттанған қазақ қызы. 391 атқыштар дивизиясының 473 дербес медициналық-санитарлық батальонында болған. 1943 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Жұмабай Доспанов өз энциклопедиясында Ғазиза Момынова деп алса, кей деректерде Роза Момынова деп те жазылып жүр.
Шығыс Қазақстаннан әскер қатарына шақырылған батыр қыздардың бірі – Баян Байғожина. Ол майданға аттанғанда бар-жоғы 18 жаста болыпты. Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста жараланғанына қарамастан, ерлік көрсетіп, табандылық танытқан. Өкінішке қарай, жеңіске 12 күн қалғанда ерлікпен қаза табады. Оның денесі Гинденбург қаласында жерленген.
Қызылордалық ару Майра Қанатова да майданға өз еркімен аттанған. Ол Тереңөзек ауданы, «Қызыл Диқан» колхозында туған. Соғыста ерлік көрсетіп, жауынгерлердің арасында батылдығымен есте қалған батыр қызға «Ерлігі үшін» медалі берілген. Ал Оралдан аттанған Нұрғаным Байсейітова да соғысқа өз еркімен аттанғандардың бірі. 1942 жылы Мәскеудегі радиомамандар дайындау мектебіне курсант болып қабылданған. 1943 жылы Белорус майданы штабының тапсырмасымен сегізінші партизан бригадасының радисткасы ретінде жау тылына жіберген. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
Партизан отрядында болған Торғаш Жұмабаева соғыс басталған кезде Минск облысында жау тылында қалып қойған. 1943 жылы Минскідегі «Большевик» партизан отряды қатарына кіреді. «Ұлы Отан соғысының партизаны» медаліне ие болған.
Мәриям Сырлыбаева да соғыс басталған жылы Алматы медицина институтын бітіріп шыққан екен. Ол қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барып, бригадамен бірге майдан шебіне аттанған. Калинин майданына қатысқан. Оған әскери медицина қызметінің капитаны атағы берілген. Әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева Невель түбінен бастап, Польшаның Спот қаласына дейін барған. Брест қамалын алуға атсалысып, Торн, Тухель қалаларын азат ету соғыстарына қатысқан батыр қыздардың бірі.
Тарихшылар майданға аттанған қазақ қыздары туралы соңғы жылдары ғана зерттеле бастағанын айтады. Әзірге барлық құжаттар жария болған жоқ. Құпия сақталған деректер өте көп.
Тарихшы Дина Игсатованың қорында бірнеше кітапқа жетерлік зерттеулер жинақталған. Ол осы күнге дейін 5120 қазақ әйелдері туралы мағлұматтар тапқан. Ал тағы бір зерттеуші Жұмабай Доспанов 7747 қазақстандық әйелдер туралы мәліметтер жинап, «Қазақстанның майдангер әйелдері» атты энциклопедиясын дайындады. Ғалым, профессор Зәуреш Сақтағанова да соңғы жылдары майдангер әйелдер туралы ғылыми зерттеулер жариялап жүр.
Бірі – пулеметші, бірі – санитар, бірі – ұшқыш, бірі – радист болған қазақ қыздарының әрқайсысының тағдыры бір-бір көлемді шығармаға айналары сөзсіз. Бір әттеген-айы, ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл өтсе де, бұл тақырыптың әлі де толыққанды зерттелмей жатқаны. Санаулы тарихшы қыздарымыз зерттеп жүргені болмаса, құпия құжаттар әлі де жабық күйінде қалған. Ол құпия көмбені қай уақытта ашатынымыз тағы белгісіз...
Айна ХАСАН