Сырға жеткен сырлы хаттар

Екінші дүниежүзілік со­ғысы басталған шақта май­дан даласынан елге, елден майданға жазыл­ған сағынышқа толы хаттар легі аз болмады. Бүгінде өткен күндер өрнегінен сыр шертетін мұндай үшбу хаттар Сыр елі мұра­жайында құнды жәдігер ретінде сақтаулы.

Соғыс жылдары қаншама жан тағдырдың тауқыметін тартты. Сол уақытта ел ағалары қолына қару ұстап, жауға қарсы шапқанда, ауылда қалған еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін шаруаға араласты. Ері елі үшін жанын пида етіп, қан майданда жауға қарсы қару кезеніп жүргенде, ауыр жұмысқа белсене араласып, еңіреген ерлерін жоқтатпаған қыз-келіншектердің ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Майдангерлерден көптеген алғыс хаттар келіп тұрды. Басқасын айт­пағанда, тіпті Сталиннің өзі де олар­дың атқарған еңбектеріне жылы лебізін білдіріп, хат жолдаған. Сондай хаттардың бірі Сыр өңіріне, оның ішінде Арал қаласының азаматшаларына жазылған.

Иә, сол кезеңнің замандас­та­рына бұл хат үлкен қуаныш әкелгені сөзсіз. Ал біздер, яғни бүгінгі ұрпақ буындары үшін бұл хатпен танысу айтарлықтай қызығушылығымызды тудыратыны анық. Бүгінде көне құн­ды құжаттардың қатарын тол­тырған ол хат 1944 жылдың 1 мамы­рында «Аральская правда» газетінде жарық көріпті. Онда былай деп жазылған;

«Арал теңізі Қызылорда облысы Арал балық колхоздар одағы әйел­дер кеңесінің төрайымы Қожа­қаеваға, көшірмесі үй шаруа­сын­дағы; Рысқалова Торғынға, Құ­дай­бергенова Балманға, Сырлы­баева Патимаға, Қиынбаева Жоланға, Қо­жасова Дәмегүлге, Үмбетова Та­разыға, Ансімбетоваға, Байызарова Набатқа, Ранова Орынайға, Қара­манова Ақтеңгеге, Мықбасова Кү­міске, Ибрагимова Жанғанымға, Керімбердиева Дәржанға.

Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киім-кешек дайындаған­да­рыңыз, әскери қару-жарақ жасауға 27 мың сом ақша жинап жібер­гендеріңіз үшін үй шаруасындағы әйелдерге, колхозшы әйелдерге менің туысқандық сәлемім мен алғысымды жеткізуіңізді сұраймын И.В.Сталин.»

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сұра­пыл соғыс кезінен сыр тартатын сағынышқа толы 90-ға жуық хат та­бысталған. Оның әрбірі майдан да­ласының бір күнінен өрнек береді. 

«Бұл хаттардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Бір жауынгер қан майданды кешіп жүріп күнделік жазса, бірі жыр жазып, өлең шы­ғарған. Осы хаттарды оқып оты­рып, түрлі тағдырға, тарихқа кезі­гесің», – дейді бұл жайында Қызыл­орда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Еңлік Баймырзаева.

Солардың бірі – Шиелі ауданы Жөлек ауылында майданға аттанған Батырхан Айтуғановтың хаты. Со­ғыс ардагері майданда отан үшін от кешіп жүріп, қолдағы қаруды бір сәтке қаламға алмастырып, елге хат жазған екен.

Сол сияқты отанын қорғау үшін майданға аттанған жауынгер ағала­рымыздың ұрыста жүріп, шалғайда қалған туған-туыс­қан­дарына жаз­ған хаттары да бар. Оның ішінде Шиелі ауданының тумасы Жүсіпов Базармұхаммедтің және басқа да майдангерлердің хат­тары сақтаулы.

Жалпы соғыс жағдайында елдегі басылымды тарату ісі тұралап қал­ған. Есесіне, майданның алғы шебіне бірінші кезекте қару-жарақ пен азық-түліктер жеткізу қолға алынды. Сондықтан конверттер мен ашық хаттар толық көлемде шығарылмаған. Нәтижесінде, «сол­даттық» деп аталып кеткен үшбұ­рышты хаттар пайда болады.

Үшбұрышты хаттардың да өзін­дік жасалу үлгісі болады екен. Бір ерекшелігі, бұндай хаттар кон­верт секілді желімделмеді, әрі олар­ға пошталық марка жапсырылмады. Себебі жауынгерлердің хаттары мін­детті түрде әскери цензурадан өтетін. Сондықтан оны желім­демей, хаттың сыртына жіберілетін мекен­жайын ғана жазып отырды. Жалпы Ұлы Отан соғысы кезінде майданнан жазылған хаттарда далалық пошта мөрі мен оның жіберілген күнін көрсетуге қатаң тыйым салынған екен. Музейдің бөлім меңгерушісі бізге осылай деп мәлімдеді.

«Сол кездегі елге жазылған үш­бұрышты хаттардың әрқайсысында қаншама сағыныш жырлар жазы­лып жатты. Жауынгерлердің бір мезгіл окопта отырып жазған хат­тарды ауылда қалған аналары мен сүйген жарларының, іні-қарын­дастырының сенімдерін нығайтты. Жеңіс жолындағы еңбекке деген құлшыныстарын арттыра түскендігі де белгілі. Жалпы алғанда майдан­нан келген хаттарды сыртқы түріне, рәсімделуіне байланысты бірнеше топқа бөлуге болады. Олар кон­верт­ке салынған хаттар, пошталық кар­точкі немесе ашық хаттар. Сондай-ақ қарапайым дәптер беттеріне жа­зылып, үшбұрышты етіп бүктел­ген хаттар да болады», – деп түсін­дірді Еңлік Әбілқасымқызы.

Қазір музей қорында сақталған хаттардың көпшілігінде Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі кеңес әскерінің әскери қимылдарынан көрініс, кеңес жауынгерінің мылтықпен ату сәті бейнеленіп, патриоттық сөздер жазылған. Соғыс жыл­да­рында май­дандық хаттар арнайы қатты қа­ғаздан жасалып, кон­вертсіз жібе­ріліп отырған. Барлық карточка­лардың сыртында үйіне хат жазып отырған автоматты жауынгер суреті немесе кішкентай қызды бауырына қысып, фа­шистерден қорғап тұрған кеңестік жауынгер бейнесі, ор­дендер, лен­талар, мәңгі алау секілді иллюс­трациялық, символикалық сурет­тер салынған. Сондай-ақ май­дан­нан жазылған пошталық кар­талар, ашық хаттар мен ұшбұрышты хат­тарда міндетті түрде шифр­лан­ған үш мөрдің түрлері кездеседі. 

Жалпы Сыр мұражайындағы ғасырға жуық уақыт аралығында жазылған үшбу хаттар құндылығын жоғалтқан емес. Есесіне, патриот­тық сезімге тола бұл хаттар бүгінде өткен күндер тізбегінен сыр шер­тетін құнды жәдігерлерге айналып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы