Әсіресе, ақпарат аламанында түркі дүниесіне бірлесіп шешетін мәселе жеткілікті. Жаңа медиа дәуірінде жарықтың жылдамдығымен тарап, көпшіліктің санасын сан саққа жүгірететін жалған ақпаратпен күресте күш біріктіру күн тәртібінде. Түркітілдес 8 мемлекеттің БАҚ өкілдерінің басын қосқан түркі дүниесі шолушыларының симпозиумында да дәл осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен шараға Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының журналистерімен бірге Мажарстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр сияқты байқаушы мемлекеттердің БАҚ өкілдері қатысты.
Ақпарат қалай бұрмаланады?
Шара Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Коммуникация басқармасының қолдауымен өтті. Жиынды аталған басқарманың бөлім басшысы Оғыз Гөксу алғысөзімен ашты. Өз сөзінде Коммуникация басқармасының өкілі симпозиумды түркі әлемінің ақпарат кеңістігіндегі ортақ мәселелерді талқылаудың, шешімін ұсынудың алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті.
– Сонымен қатар жалған ақпарат таратуға қарсы күрес жүргізу мәселесіне қатысты ұсыныс пікірлерді ортаға саламыз. Бүгінде адамзат баласы медиаконтентті тұтынушыдан оны өндірушіге айналды. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуынан біз цифрлық құпиялылық, киберимпериализм, цифрлық диктатура, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтау, цифрлық фашизм сияқты мәселелермен бетпе-бет келдік. Бұл алаңда шындықты, нақты ақпаратты қорғау – біздің басты басымдығымыз.
Ақпараттық кеңістікте Түркияға қатысты жалған ақпарат жиі таралады. Әрі кейіннен олардың тең жартысы расталмай жатады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жалған ақпарат ұлттық қауіпсіздіктің мәселесіне айналып қана қоймай, жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін атап өтті. Түркия үшін жалған ақпаратпен күрес – ұлттық қауіпсіздікті сақтау стратегиясының бір бөлігіне айналды, – деді О.Гөксу.
Ал мұндай сәтте түркітілдес елдерге стратегиялық коммуникация саласында бірлескен талдау жүргізу ауадай қажет. Бұл талдау жалған ақпараттың таралуының, деректерді бұрмалау мен жала жабу фактілеріне тосқауыл болуға мүмкіндік бермек.
Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Коммуникация басқармасының бөлім басшысы әлемдік ақпараттық кеңістіктегі негізгі қатер ретінде исламофобияны атап өтті.
– 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін ақпараттық кеңістікте бұл мәселе өзекті бола түсті. 2015 жылдан бастап жыл сайын шығарылатын исламофобия туралы Еуропалық есепте «исламофобия» ұғымы мұсылмандарға гегемония орнатқысы келетіндер қолданатын нәсілшілдік түрі ретінде анықталады. Демек, бұл мәселеде Түркия ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанымен, оған жалғыз тойтарыс бере алмайтыны түсінікті, – деді Оғыз Гөксу.
Бұл орайда Коммуникация басқармасы Түркияның тәжірибесі негізінде халықаралық әріптестік аясында жалған ақпаратқа қарсы күресті жалғастыруды ұсынады. Мәселен, Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде Түркия мен Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, ақпарат тарату ісіне жұмылған. Нәтижесінде, әлемдік медиа жағдайды дәлме-дәл бағамдауға мүмкіндік алды.
– Біз әрбір әлеуметтік платформаны цифрлық майдан деп қарастырамыз. Сол алаңда елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі айтулы жаңалықтарды жеткізуге күш саламыз. Дәл қазіргі сәтте жаңа медиа елдің имиджіне әсер ететін бірден-бір тетікке айналады. Қайткен күнде де мемлекеттік тәуелсіздігі ендігі жерде оның ақпараттық кеңістігінде цифрлық бостандық арқылы танылады. Бұл орайда Түркияның қорғаныс өнеркәсібі сияқты ақпараттандыру саласында да импортқа тәуелділікті төмендетіп, ондағы төл өнімдеріміздің үлесін 70-80 пайызға көтеруіміз қажет, – деді Коммуникация басқармасының өкілі.
Жиында сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарайтын фейк ақпараттың қауіптілігі де сөз болды. Бұл орайда әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратушыларды заң аясында жауапкершілікке тартатын елдердің тәжірибесіне назар аударылды. Ал Түркияның өзі 2020 жылдан бастап 1 миллионнан астам қолданушысы бар әлеуметтік медианың елде арнаулы өкілін тағайындауды талап ете бастады. Мамандар бұл талаптың қазірдің өзінде әлеуметтік желі қолданушыларының құқығын қорғауға ықпал еткенін айтып отыр. Яғни, адамның жеке шекарасына қол сұғатын ақпараттар желіден алынады. Ал оны таратқандар заң алдында жауап береді.
– Жалған ақпараттың жылдам таралуы расында адамдарға дәл, шынайы және ең қажетті деректерді жеткізуге кедергі болып отыр. Мәселен, жыл басындағы Кахраманмараш өлкесіндегі жер сілкінісі кезінде жақын маңдағы су қоймасының қирап, сел қаупі төнгені туралы ақпарат тарады. Осы ақпаратқа сенгендер уақытша паналау орындарын тастап қашты. Бұл оқиға іздеу-құтқару жұмыстарына да кедергі келтірді. Құтқарушылар да жұмысты тоқтатып, қаладан шықты. Әрине, олар аз уақыттан кейін өздерінің негізгі жұмысына кірісті. Бірақ осы аралықта олар үйінді астында қалған қаншама адамды құтқарып үлгеретін еді, – дейді О.Гөксу.
«Жұмсақ» күштің құдіреті
Ақпарат кеңістігіндегі ұлттық өнімдердің үлесін арттыруда мамандар түрік телесериалдар индустриясының даму қарқынына тоқталды. Түрік тілі мен мәдениетін, тарихын насихаттаудың «жұмсақ» күші саналатын түрік сериалдары қазір әлемнің 156 елінде көрсетіліп, 700 миллион көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Кино индустриясы елге 500 миллион доллардан астам пайда әкелген. Юнус Эмре институты түрік сериалдары көрсетілетін елдерде түрік тілін үйретуге кіріскен. Бұл институттың қызметіне түрік халқының өмір сүру салтына қызыққандар да жиі жүгінеді екен. Танымал телесериалдар түсірілген орындарды көру үшін Түркияға турист көп келеді.
Симпозиумның келесі бөлігі талқылауға ұласып, оған симпозиум қатысушылары үн қосты. Өзбекстан делегациясының өкілі Аброр Гулямов өзбек медиасындағы жалған ақпаратпен күрестің тәсілдерін тілге тиек етті. Ал Әзербайжан журналисі Юнус Оғыз Таулы Қарабақтағы оқиғаны ақпараттандыру тәжірибесімен бөлісті.
– Таулы Қарабақ оқиғасы кезінде түрік әріптестерімізбен бірлесіп оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, нақты ақпарат таратуға тырыстық. Сол кезде бір байқағанымыз, жеңіс үшін әскери әлеует пен экономика, қару-жарақтан бөлек тұрақты ішкі саясат та керек екені аңғарылды. Ал оны қалыптастаруда медианың ықпалы зор, – деді Юнус Оғыз.
Солтүстік Кипрден келген Сабахаттин Сагироғлу Түркі дүниесінің ынтымақ-бірлігін арттыруда Еуропалық ұйымды үлгі етуге шақырды. Сондай-ақ ол ұйымға ортақ тіл ретінде түрік тілін қарастыруға болатынын атап өтті.
– Қайткен күнде де біздің ұйымға ортақ әліпби, жазу, сөйлеу тілі керек. Түрік тілі ортақ тіліміз болғаны жөн. Ортақ тарих оқулығын шығарғанымыз жөн. Бұған ешқандай кедергі жоқ сияқты, – деді ол.
Бақылаудың да өз шегі бар
Түркиядағы ең ірі «Анадолу» ақпарат агенттінің редактор-координаторы Яхья Бостон «Жаңа ғасырдағы медиа» тақырыбында баяндама жасады.
– Жаңа 100 жылдықтағы медиа бұл – қызықты тақырып. Мен журналистикадағы еңбек жолымды 1995 жылы бастадым. Осыдан 28 жыл бұрынғы журналистикамен қазіргі журналистиканы салыстыруға келмейді. Бұрын бұқаралық ақпарат құралдарын «төртінші күш» деп атайтын. Қазір бұл тенденция жойылып, медиа түрлі сипатқа ие болды. Тіпті, әлеуметтік желінің қоғамдық көзқарасқа ықпал ететінін байқап отырмыз. Шынайы ақпарат бұрмаланатын жағдайға жеттік, – дейді Яхья Бостон.
Сонымен бірге ол әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушыларының табысына назар аударуға шақырды. Оның пікірінше, мұның заңды тетігі жоқ. Яғни, нарық бақыланбайды. Бұл фактор жаңа медиадағы ақпараттың бұрмалаудың бірден-бір себебі.
– Қазір қолында смартфоны бар кез келген адам журналист бола алады. Осыдан барып корреспондент қызметінің маңыздылығы жоғалды. Есесіне ақпараттық қауіпсіздік пен сөз бостандығы өзекті бола түсті. Әрине, жалған ақпарат таратуда Үкіметтің әлеуметтік желіні реттегені керек. Бірақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғау деп жүріп, азаматтардың сөз бостандығын шектеуге болмайды, – дейді Яхья Бостон.
Өз сөзінде спикер ақпараттық қауіпсіздікті реттеудегі әлемдік тәжірибеге тоқталып, түрік медиасында таралатын мәліметтерді жоққа шығарудағы, шынайылығына көз жеткізудегі «Анадолу» агенттігінің жұмыс тәртібін мысал етті. Сондай-ақ ол бұл істе жасанды интеллекті пайдалану мәселесін бірлесе ойластыру қажеттігіне тоқталды.
– Жасанды интеллект мақала жазып шықты. Демек, оның журналистикадағы рөлін айқындайтын кез жетті. Жасанды интеллект мақалаға деректі цифрлық медиадан алады. Ал журналист мақала жазуда қарапайым адамдармен пікірлеседі.
Жаңа медиада икемді ақпарат тарату құбылысы байқалады. Мәселен, АҚШ, Франция тәжірибесінде ақпараттың сайлауға ықпалы байқалады. Мұның бәрі әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру ісін жүргізетіндердің әрекетіндегі ашықтық жоғын көрсетеді. Әсіресе, қаржыландыру көзін ашық көрсетілмей, тұтынушыға жеткізілетін ақпараттың шынайылығына күмәндануға болады. Шетелдік қорлардан қаржыландыратын медиалар да қаржыландыру көзін көрсетуі қажет. Осының бәрінің шешімі ретінде түркі мемлекеттеріне ортақ YouTube, Facebook деңгейіндегі платформа жасақтауымыз керек, – деді Я.Бостон.
Жастардың аудиториясы да ескерусіз қалмайды
Өзбекстаннан келген медианарықты зерттеуші ғалым Умид Жакыпов адамзат баласының қазіргі ақпарат алу тәсілдеріне тоқталып, кеңістікте әлеуметтік желіні пайдаланушылардың саны артып бара жатқанын айтты.
– Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесіне көз жүгіртсек. Бүгінде адамдар тәуліктің 6 сағатын смартфонның немесе ноутбук, компьютердің экранына үңілумен өткізеді екен. Олардың 90 пайызы осы уақыт аралығында әлеуметтік желіні ақтарып шығады. Біздегі халықтың 43 пайызы күндізгі уақытта интернетке кіретіні анықталды. Ал цифрлық технологияның даму қарқыны көш ілгері Жапония тұрғындарының 21 пайызы ғана интернетке күндіз кіреді. Теледидар көретіндер де азайып келеді. Бұл зерттеу 16-64 жас аралығындағы отандастарымызға сұрау арқылы жүргізілді. Ал 14-16 жастағы жасөспірімдердің ақпаратты қайдан алатыны, олардың дәстүрлі медиаөнімдерін тұтыну үдерісі зерттелмеген,– деді өзбек ғалым.
Солтүстік Кипр журналисі Аттила Ковач өзбек ғалымның ойын жалғастырып, медианың альфа ұрпақпен тіл табысу заман талабы екеніне назар аударды. Ал Қырғыз Республикасының bulak.kg сайтының бас редакторы Семетей Аманбеков медианарықты аудиторияның сұранысына сай бейімдеу қажет деп санайды.
– Табиғи процеске қарсы келмеуіміз керек. Аудиторияның ыңғайына қарай жүргеніміз жөн. Визуальды өнімге сұраныс жоғары болса, демек бұл халықтың талабы. Осыны ескеріп, түркі дүниесіне ортақ тарихты, құндылықтарды насихаттайтын анимациялық туындылар жасауымыз керек. Ең бастысы, бұл іске блогерлерді де көптеп тартсақ ұтарымыз көп болмақ, – дейді С.Аманбеков.
Симпозиумды жаңа ғасырдағы энергетикалық ынтымақтастық тақырыбында өткен панелдік сессия қорытындылады.
Шынболат КҮЗЕКБАЙ,
Астана–Ыстанбұл–Астана