Форум барысында Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері инвесторларға кеңінен таныстырылып, ауыл шаруашылығы бағыты, жаңғыратын энергия көздері, туризм, жер қойнауын тиімді пайдалану салалары бойынша инвесторлар тарту үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді. 900-ге жуық шетелдік инвестор мен консулдық корпус өкілдері, еліміздің өзге облыстарынан келген кәсіпкерлер аймақтың инвестициялық тұрғыдан аса тартымды тұстарымен танысты. Мәселен, меймандар шараның алғашқы күні Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін бағамдады. Онда қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтың инфрақұрылыммен жабдықталу деңгейі таныстырылып, оларға парк тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды. Сонымен қатар кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсары түсіндірілді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Осы күні инвесторлар Жамбыл ауданындағы еуропалық үлгідегі этно-туристік демалыс аймағының ашылуына қатысып, өңірдің туристік бизнесті дамытудағы мүмкіндіктеріне көз жеткізді. Сондай-ақ Қордай ауданындағы жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіретін зауыттың құрылыс алаңында болып, аталмыш салаға инвестиция құюдың тиімділігі жайында өзара пікір алмасты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, қомақты инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа жалпы сомасы 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал биыл 3 айда облыстың негізгі капиталына 70 млрд теңгеге жуық инвестиция салынды. Бүгінде облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаның пулы жасақталып, онда 4 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, – дейді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жоғарыда атап өткеніміздей, аймақ ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Форум аясында қонақтар бірқатар агроөнеркәсіп нысанын аралап, арнайы семинар-кеңес өткізді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы GreenwiII ЖШС-нің жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты. Жиынға көрші Қырғыз Республикасы Талас облысының әкімі, Ауылшаруашылық министрлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты.
Ал цифрландыру бағыты бойынша Иран, Литва, Қытай, Сауд Арабиясы және республиканың барлық аймағынан келген қонақтар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасындағы IT академияның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин форумының қатысушыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Ауқымды шара аясында Байзақ ауданында «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауыты, картон және қаптама шығаратын бірегей зауытының іске қосылу рәсімі өтті.
Халықаралық форумының екінші күні пленарлық отырыстармен басталды. Жиынның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов форумның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ауқымды шара ең алдымен, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен өзара тиімді ынтымақтастықты, бизнес бастамаларды іске асыруға әзірлікті көрсетуге бағытталғанын жеткізді. Жамбыл облысы жоғары экономикалық және зияткерлік әлеует шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін айтқан аймақ басшысы өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті.
– Аймақтың климаттық жағдайы қоңыржай континенталды, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біздің облыс баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады. Келесі артықшылығымыз – жоғары логистикалық әлеует. Яғни, облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор.
Біз, өз өнімдерімізді әлемнің 17 еліне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналып келеді.
Жергілікті билік тарапынан инвестициялық климатты жақсарту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жамбыл облысы Еуропа мен Азиядағы алпауыт мемлекеттерінің ірі трансұлттық компанияларымен ұзақмерзімді әріптестік ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие.
Өңірде 350-ден астам ірі және орта кәсіпорын болса, олар негізінен химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісіне ден қойған. Аймақта 200-ден астам түрлі пайдалы химиялық элемент кездеседі.
Облыс – фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы. Әрі мұнда түрлі түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының да қоры жеткілікті.
Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 млрд АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз, – дей келе Нұржан Нұржігітов облыс шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және аймаққа туристерді тартуға мүдделі екендігін баса айтты.
Басқосу қорытындысы бойынша 7 ірі шетелдік тауар өндіруші компаниямен құны 700 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында Үндістан, Сингапур, Германия, Венгрия секілді мемлекеттердің инвесторлары бар. Шетелдік компаниялар Жамбыл облысы аумағында ферроқорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн электр станцияларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі секілді жобаларды жүзе асырмақ.
Форум аясында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар отандық және шетелдік компанияның өкілдерімен 20-ға жуық іскерлік келіссөз жүргізді.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы консулдық корпус өкілдерімен жеке кездесті. Кездесуге Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы Ван ден Вейх қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуетін талқылады. Облыс әкімі өз кезегінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Консулдық корпус өкілдері Жамбыл облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Форум барысында кәсіпкерлер үшін В2В кездесулер ұйымдастырылды. Кәсіпорындар арасында тауарларды жеткізу және серіктестік байланыстарды дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және шетелдік және отандық кәсіпкерлер қатысты. В2В форматында қол қойылған келісімдер мен меморандумдардың құны 96,5 млн долларды құрады. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 17 стратегиялық келісім мен меморандум жасасуға мүмкіндіктер береді.
Халықаралық ауқымды шараның қорытындысы бойынша жоғарыда айтылған жетістіктерден бөлек, өнімді экспорттау үшін жаңа нарықтар ашу, экономиканы әртараптандыру бойынша 6 компаниямен құны 42 млн АҚШ долларына тең келісімдер жасалды. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 20 стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасалып, облыстың ауыл шаруашылығы саласы, туристік нысандары мен жер қойнауын пайдалану бойынша жаңа жобалар ұсынылды.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы