Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты басталып кетті. Халықтың назары да сонда ауған. Себебі соңғы жылдары Олимпиададан боксшыларымыз құралақан қайтты деп еңсеміз түскендей болып еді. Қателіктің орны толды ма? Әлде Қазақстанда бірінші спорт саналатын бокстың деңгейі шынымен құлдырады ма? Бұл сұрақтардың жауабын Ташкенттегі тартысты дода көрсететін болады.
Үкілеген үміттер үдеден шыға ма?
939
оқылды

Чемпионаттың алғашқы күні еліміз үшін жеңіспен бас­тал­ды. Дүниежүзілік додаға алғаш рет қа­тысып отырған 22 жастағы Талғат Сы­рымбетов 60 келіге дейінгі сал­мақ­та таиландтық Сакда Руамтхаммен жұ­дырықтасты. Талғат үш раунд бойы ша­буылдап, төрешілердің бірауыздан ше­шімімен жеңіске жетті. Ал Айбек Орал­бай 92 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының қо­ла жүлдегері, болгариялық Радослав Пан­талеевпен шеберлік байқасты. Ай­бек бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Қазылар есебі – 5:0. Дегенмен қуануға әлі ерте. Айбек­тің келесі қарсыласы да осал емес. Ол 1/16 финалда әлем чемпионатының кү­міс жүлдегері, италиялық Азиз Аббес Мухийдинмен кездеседі.

Тартысты сынның екінші күні Са­ғындық Тоғамбай қарсыласын но­каут­пен ұтты. Жастар арасында Азия­ның үш мәрте чемпионы, дәл осындай әлем­дік додада финалға дейін жеткен қа­зақстандық боксшы 86 келіге дейін­гі салмақта бастапқы кездесуін кон­го­лық Натан Нланду Мбелимен өт­кіз­ді.

Сағындық екінші раундта қар­сы­ласын екі рет нокдаунға жіберді. Үшін­ші кезеңде төреші жекпе-жекті тоқ­­­татты. Жеңісті жолды әрі қарай Са­натәлі Төлтаев жалғастырды. Ол 1/32 финалда Израиль өкілі Ахмад Штивимен жұдырықтасты. Нәти­же­сінде, С.Төлтаев қарсыласын ұпай са­­­нымен ұтып, 1/16 кезеңге шықты. 

Әлем чемпионатының үшінші кү­ні жеңілістің ащы дәмімен басталды. Тал­ғат Сырымбетов 60 келіге дейінгі сал­­мақта 1/16 финалда Азия чем­пио­ны, иорданиялық Мохамед Абу-Джад­жехпен жұдырықтасты. Бұл әлем чем­пионатына бірінші рет қатысып отырған 22 жастағы Талғаттың екінші жекпе-жегі еді.Талғат бірден шабуылға кө­шіп, соққыларын жиі дарытуға ты­рысты. Бірақ бірінші раундта тө­ре­ші­лер иорданиялық боксшы басым деп тап­ты. Екінші кезеңде М.Абу-Джад­жех ескерту де алды. Бұл жолы таразы ба­сы Т.Сырымбетовке ауды. Үшінші раунд­­та та Талғат аянып қалмады. Алай­­да төрешілер жеңісті иор­да­ния­лыққа берді – 1:4. Осылайша, Талғат келесі кезеңге өте алмады. Ізінше Са­натәли Төлтаев 1/16 финалда Мав­ри­кий елінен келген Ришарно Ко­лин­мен қолғап түйістірді. Төрешілер ше­шімімен жеңіс қарсыласына беріл­ді. «Өкінішке қарай, бүгінгі жекпе-же­гімде қарсыласыма есе жібердім. Қа­шанда жеңіс пен жеңіліс қатар жү­реді. Мен үшін қашанда жан­күйер­лер қолдауы ерекше. Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. Олимпиада және әлем чемпионатында бақ сынаған. Мен жекпе-жек барысында жарақат алып қалдым. Соған қарамастан бар кү­шімді салдым. Жеңілісім үшін жан­күйерлерден кешірім сұраймын. Қол­дау көрсеткен барша азаматқа рақ­мет айтамын», – деді Санатәли Төлтаев.

Ал жарыстың төртінші күні шар­шы алаңға Қамшыбек Қоңқабаев (90 келіден жоғары) шықты. Ол ресейлік Алексей Дроновпен сынға түсіп, қар­сыласын нокаутқа жіберді. 

Өзге елдің сапындағы қазақтар

Чемпионаттағы ерекше назар ау­дарған тағы бір жайт, өзге ел­дің туы астында жұдырықтасып жат­қан ұлты қазақ боксшылар. Ай­та­лық,  өткен аптада қытай құрамасын­да­ғы Тоқтарбек Таңатхан алғашқы жек­пе-жегінде жеңіске жетсе, тағы бір қа­зақ боксшысы Данабек Байғазы есім­ді қандасымыз шаршы алаңға шық­қаны белгілі болды. Ол Таш­кент­тегі әлем біріншілігінде алғашқы кез­десуін сәтті бастап, хорватиялық бок­с­шы Лука Пратьячичті ұтып, жа­рысты жалғастыру мүмкіндігіне ие бол­ды. Сондай-ақ кеше Өзбекстан құрамасының сапынан қандасымыз Рус­лан Абдуллаев шаршы алаңға шы­ғып, екінші айқасын да қарсыласын мер­з­імінен бұрын ұтты. Ол бірінші сайысында Пуэрто-Рико спорт­шы­сын да жарыс жолынан шығарған бо­ла­тын. Руслан Абдуллаев – 2022 жыл­ғы Азия чемпионатының чем­пио­ны. Осы әлем біріншілігінде 63,5 ке­лі салмақтағы алтынға басты үміт­кер­дің бірі. Ташкент төрінде тағы бір қандасымыз Бекнұр Қали Моңғолия елі­нің намысын қорғауға келген. Өкі­ніш­ке қарай, ол жарақатына бай­ла­нысты алғашқы жекпе-жегіне шық­пай қалды. Сонымен қатар Бахрейн туы астында тағы бір қазақ Азат Мах­­метов сынға түсіп жатыр. Ол был­тырдан бері 51 келі салмақ санатында аталмыш елдің намысын қорғап жүр. 

Үміттен күдік басым

Спорт журналисі Нұрғазы Са­саев бокстан Ташкентте өтіп жат­қан, ерлер арасындағы Әлем чем­пионатында жүлдені «күреп» аламыз дегенге күмәнданады. Оның пікірін­ше, қо­рытынды нәтижеміз көңілден шық­пай қалуы да ықтимал. Ал оның се­бебі – өте көп. Біріншіден, бү­кіләлем­­дік біріншілік Өзбекстан аста­на­сында өтіп жатыр. Ала шапанды көр­шілеріміз тек бізден асып түсуді ойлайды. Өз же­ріндегі әуесқой бокс «додасында» алтынды көбірек алып, рекорд жаңар­туды да теріс көрмейтін шығар. Екі ел­дің боксшылары кездесе қалса, на­қақ қиянат қылмасына еш­кім де кепіл бола алмайды. Екін­ші­ден, биыл Әлем чемпиона­ты­ның сая­си астары – «бес елі» әрі ол тым те­реңде. АҚШ пен Ұлыбритания бас­­таған 12 мемлекет Ташкентке бок­с­­шы­­­ларын жі­берген жоқ. Себеп – бү­кіләлемдік бірін­шілікке Ресей және Беларусь ел­дерінің қатысуына рұқсат берілуі. Сон­дықтан осындай алпауыт мемле­кет­терге ілесіп, теріс айналып кет­­пей, сонау Еуропа төрінен келіп отыр­ған Франция секілді елдерді «өк­пелетпеу» де ойластырылатын шығар. Үшін­ші­ден, биылғы әлем чемпио­на­тының жүл­де қоры тым қомақты (5,2 мил­лион АҚШ доллары). 

– Бүгінге дейін рингке шыққан боксшыларымыздың ішінен  Қамшы­бек Қоңқабаев қана баршамызды риза қылып, абыройымызды асқақтатты. Аты-жөнін атаудың қажеті бола қой­мас, кейбіреулері сенім үдесінен шыға ал­май, жерге қаратты. Бұған тек ұтыл­ған боксшыларымыз кінәлі емес. Бұл рет­те жаттықтырушылар құрамы да жауап­ты екенін ұмытпайық.

Ал кімнен үміт күтеміз?! Дөп ба­сып айту қиын. Сәкен Бибосыновтың (51 келі) жартылай финалға дейінгі же­­ребесі жеңілдеу сияқты. Бапкерлер құ­рамы сенім артып отырған жігі­ті­міз­дің бірі осы болар. Сонымен қатар Мах­мұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Қам­шыбек Қоңқабаев және Асланбек Шым­бергенов секілді тіс қаққан жі­гіт­теріміз осындай қиын-қыстау, қи­лы «заманда» (кезеңде) ел үмітін ақ­тауы керек. Алайда биылғы әлем чем­пионатындағы кейбір жекпе-жек­тің тағдырын боксшының бағы да, бабы да емес, Ташкент төріне жинал­ған төбе билер төрелігі шешіп кетуі ға­жап емес,– дейді Нұрғазы Сасаев.

Ал спорт сарапшысы Аслан Қа­же­новтың айтуынша, әлем чемпионаты­ның жаттығулары жарты жыл бұрын бас­талды. Мемлекет тарапынан қар­­жы да бөлінді, жігіттерге то­лық­тай жағдай жасалды. Әлем чем­пионатында біз осы еңбектің жемісін көруіміз керек. Қазір тек  басы басталды. Әлі көп боксшы шаршы алаңға шыққан жоқ. Он үш жігіттің әрқайсысына бө­лек-бөлек тоқталуға бо­ла­ды. Әр салмақтың өз қиын­дығы бар. Біздің жі­гіт­тердің де дәрежесі, бокс­тасу стилі әртүрлі.

– Салыстырмалы түрде айт­сам, жеңіл салмақтардың жүлдеге қол созуға мүмкіндігі бар. Әсіресе, Сә­кен Бибосынов финалға жетсе, не­гізгі қарсыласы өзбекстандық Ха­сан­бой Дусматовпен жолығады. Со­сын жеңіл салмақта Махмуд Са­быр­ханда мүмкіндік бар. Асланбек Шым­бер­геновтің де жеребе тартуда түскен сет­касы жақсы. Ал Санжар Тәш­кен­бай алғашқы кездесуін сәтті өткізсе, ме­дальға қол соза алады. Орта және ауыр салмақтағы боксшыларымыздың жағдайы қиын. Себебі әлем бойынша бұл салмақтарда бәсекелестік жоғары. Менің болжамым бойынша, екі қазақ жігіті финалға шығуы керек. Оның бірі алтын болса қуанар едік. Бұл  – ме­нің жеке пікірім. Бұдан жақсы нә­­тиже көрсетсе, ол да біз үшін үлкен қуа­ныш. Қазір Қазақстан құрамасы ал­тын ала алмай қалуы мүмкін деген де пікір айтылып жатыр. Себебі чем­пио­нат Өзбекстанда өтіп жатыр және Ре­сей толық құраммен қатысып жа­тыр. Кубадан да, Жапониядан да мық­ты боксшылар келді. Жалпы, бәсе­ке­лес­тік жоғары. Алғашқы ойындардан кейін көпшілік ұлттық құраманы ірік­теуде талантты балалардың жолы ке­сіліп қалған жоқ па деп ойлана бас­тады, – дейді Аслан Қаженов. 

Сондай-ақ спорт сарапшысы жа­қында ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сатжановтың орнынан ауысып кеткенін айтты. Негізі, бас бапкер осы әлем чемпионатына жігіттерді өзі әкелуі керек еді. Сөйтіп, қаншама жыл­дық жұмысының нәтижесіне жауап беруі керек болатын. Ал жаңа кел­ген бас бапкер Мырзағали Айт­жа­новтан ондай пікірді даулай алмаймыз. 

Көктем ҚАРҚЫН