«AMANAT» партиясының Атқару­шы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде бірқатар азаматты қа­былдады. Кездесуге Ақмола облы­сына қарасты Целиноград ауданы тұрғындарының түйінді мәселелері талқыға салынды.
Атқарушы хатшы азаматтарды қабылдады
1,351
оқылды

Қабылдауға келгендердің қатарында аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенді азаматтар болды. Көтерілген мә­селеге жауап беретін мемлекеттік орган­дардың өкілдері жиынға онлайн режимде қатысты. 

«Елімізде ауруханасы жоқ жалғыз аудан – Целиноград ауданы. Стационарлық емхананы ғана қанағат тұтып отырмыз. Тұрғындарға шамамен 250 төсек-орындық аурухана қажет. Аудан әкімдігі оның құрылысына арнап 7 гектар жер бөлді. Мәселе осымен ғана шектеліп қалды», – деді Целиноград ауданының мәслихат депутаты Динара Әбдірахманова.

Ол ауруханадан бөлек, мәйітхана мен сот-медициналық сараптама жүргізетін орын ашу жұмысы да кезек күттірмейтінін атап өтті.

Мәслихат депутаты ауданға қарасты ауыл­дың бірі – Қараөткел тұрғындары Астанадағы №12 емханаға бекітілгенін жеткізді. Алайда бір жарым жылдан бері ауылдағы мектеп медицинасының мәселесі шешілмеген. Оқушылар аталмыш емханаға бекітілмеген. Салдарынан 1 430 балаға жоспарлы вакцина да салынбапты. 

Өз кезегінде Ақмола облысының Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ақылбеков ауылдың барлық тұр­ғыны биыл қаңтарда басқарма қаулы­сына сәйкес №12 емханаға бекітуге беріл­ге­нін атап өтті. Соның ішінде мектеп меди­­цинасы да бар. Алайда Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы тиісті құжатқа қол қоймағандықтан, вакцина салу жұмысы әлі шешімін таппаған. 

Ал аудандағы аурухана тапшылығы мәселесін Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев былай деп түсіндірді:

«Аудан әкімдігі аурухана салуға арнал­ған жер учаскесін бөлді. Бүгінде тех­ни­калық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Соған қарамастан аурухана салуға қажет қаражат әлі қарастырылған жоқ», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Өз кезегінде «AMANAT»-тың Атқару­шы хатшысы партия бұл мәселені бақылау­да ұстайтынын және аманаттықтар ауруха­на тұрғызуға, тұрғындардың өмір сүру жағ­дайын жақсартуға мүдделі екенін атап өтті. Динара Әбдірахманова Талапкер және Қараөткел ауылдарында, аудан аумағында қоқыс төгетін полигон, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын, сұрыптайтын орын қажет екенін атап өтті. Белсенділер тобы аудандағы өзекті мәселе – электр желілеріне қатысты мәселені де көтерді. 

Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында қаралған тағы бір мәселе – жер дауы. Осындан үш жылға жуық уақыт бұ­рын ерлі-зайыпты Нұрғали Көпбосынов пен Мәншүк Сыздықова Түркістан қала­сындағы жер учаскесінен айырылып қал­ған. Олардың сеніміне кірген Ғ.Оспанов есім­ді азамат сенімхат жаздырып, аталған телім­ді мемлекеттің қажеттілігі үшін Түр­кістан қаласының әкімдігіне қомақты қара­жатқа сатып жіберген. Даулы мәселе бірнеше жылға созылған. Қазір жер телімі ер­лі-зайыптылардың атында. Алайда онда қалалық әкімдік бастап кеткен құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Елнұр Бейсенбаев он­лайн режимде әкімдіктегі жауапты тұл­ғалармен әңгімелесіп, жуық арада мәселенің оң шешімін табу қажет екенін атап өтті. Іс барысын Атқарушы хатшы өз бақылауына алды.

Сондай-ақ қабылдауға «Темекі түтіні­нен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалиция­сының көшбасшысы Жәмила Садықова келіп, электронды темекінің тұрғындар денсаулығына қауіпті екенін атап өтті. 

«Бүгін көтерілген барлық мәселені жеке бақылауымда ұстаймын. Жобалау-сметалық құжаттама дайын болған кезде республика­лық бюджеттен аудандық ау­ру­хананың құ­рылысына қажет қаражат бөлуді қолға аламыз. Балаларға екпе жасау мәселесі де көп кешікпей өз шешімін та­бады. Ал тұр­мыс­тық қатты қалдықтар полигонын ашу мәселесі бойынша Астана агломера­ция­сына түзету енгізуге ат­салысамыз. Ау­данға қарасты барлық елді мекенде қатты тұрмыс­тық қалдықтарды жинауға болатын резерв­тік аумақтар қарастырылады», – деп түйін­деді Елнұр Бейсенбаев.

Ж.АМАНГЕЛДІ