Онда электр скутерлер мен шағын электр көлігінің қозғалысын реттеу жайы сөз болды. Одан соң мәжілісмендер Үкімет басшысынан бастап түрлі инстанцияға депутаттық сауалдарын жолдады. Жиынға Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық етті.
Заң жобасы туралы әріптестерінің алдында «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, депутат Екатерина Смышляева баяндама жасады. Ол Парламент депутаттары әзірлеген заң жобасын таныстырды.
«Соңғы жылдары көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің және т.б. пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр скутерлерге қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды», – деді ол.
Заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде Юлия Кучинская кейбір самокаттар сағатына 45-50 шақырымға дейін жылдамдығын арттыра алатындығын, мұндай қарқынмен жүргіншілерді қағып кетер болса, ондай оқиғалардың 45 пайызында кісі өлімі болуы ықтимал екендігіне алаңдаушылық білдірсе, депутат Мұрат Әбенов 1 жылда 43 оқиға болып, 1 адам қаза болғанын алға тартты. Заң жобасын екі оқылымда қолдаған Мәжіліс депутаттары Сенат қарауына жолдады.
Осыдан соң мәжілісмендер түрлі тақырыпта депутаттатық сауалдарын жолдады. «AMANAT» фракциясының мүшелері атынан сөйлеген Елнұр Бейсенбаев Бас прокуроры мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымына интернет алаяқтық туралы сұрақ қойды.
Қанша рет көтерсек те, мәселенің шешілетін түрі жоқ, керісінше жылдан-жылға ушығып барады. Дабыл қағып отырғанымыз да сондықтан. Мәселен, соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есеге өскен. Ал 2023 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23 пайызының ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды.
Жағдай ушығып бара жатқан соң былтыр маусым айында Мемлекет басшысының өзі интернет-алаяқтарға, қаржы пирамидаларына қарсы қатаң шара қолдануды тапсырған болатын. Осыған байланысты біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізілуге тиіс. Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіру керек. Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау қажет.
Одан бөлек аманаттықтар МӘМС жылу энергетикасы, мектептердегі қауіпсіздік мәселелерін, «Қазақстанда жасалған» жобасын көтеріп, тиісті ведомстволарға депутаттық сауал жолдады. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысындағы жол мәселесін көтерді.
«Бөкей ордасы ауданы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді. Көбісі күрежолдың бойында қонып қалады. Арнайы техниканың өзі көктем мен күздегі балшықтан өте алмайды. Салдарынан ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен сәбилердің қалай қиналатынын айтпай-ақ білерсіздер. Жергілікті жұртқа үміт берген жаңалық 2018 жылы айтылып еді. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарын жалғайтын жол салу жөнінде Үкіметке тапсырма берілді. 2021 жылы жол құрылысы аяқталады делінген. Бірақ арада 4 жыл өтті. Республикалық маңызы бар 245 шақырым күрежолдың тек 124,6 шақырымы ғана жасалды. Қалғаны шұрқ-тесік, батпақ боп жатыр. Жүру мүмкін емес», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, 2022 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырған болатын. 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын күрежолға әлі асфальт төселмегенін шегелеп айтқан Президент «тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс», – деді. Осы сыннан кейін сол кездегі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылған. Бірақ сол жолдың бүгін-ертең бітетін түрі жоқ екен.
«Мәселе мынада: жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Қазталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасына дейінгі және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолдарының жалпы құны – 80,13 млрд теңге. Бүгінге дейін оның 49 пайызы игерілген. Қалған 120,4 шақырымды төсеп бітіруге биыл 30,2 млрд теңге бөлінген. Ақша бар, бірақ БҚО қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тонна қиыршық тас керек, оны әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ биыл тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі. Бұл ретте үстіміздегі жылдың наурыз айында тек 1000 вагон берілген, оның 382-сі жекеменшік, 618-і «ҚазТемірТранс» АҚ-на тиесілі. Жекеменшік вагонды жалға алудың құны әлдеқайда қымбат екенін де ескеру керек. Келесі мәселе – битум жетіспеушілігі. 2022 жылы битум болмауынан облыстағы нысандардың жартысына жуығы тамыз айынан бастап жұмыссыз қалған», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Осы ретте депутат жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес битум бағасын бекіту мүмкіндігін қарастырып, мерзімдік баға өсуіне тыйым салуды, битумның таралуын мердігерлік ұйымдар үшін ашық етуді және қолжетімді битумның көлемі мен оның қозғалыс жолы айқын болуы үшін делдал-трейдерлерсіз зауыттармен тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік беруді ұсынады. Сондай-ақ, облыстың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан битум тасымалдайтын, БҚО-ның аумағында орналасқан бір трейдерді анықтау қажет. Себебі Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарына 1 трейдер ғана битум жеткізеді. Бұл мәселе облыстық маңызы бар «Чапай – Жаңақала – Сайқын» жолдарының да құрылысын кешеуілдетіп тұр. Ай сайын БҚО-ғы жол құрылысына қажетті қиыршық тас жеткізу үшін 1500 темір жол вагонын беру қажет.
Н.ҚОСАЙ