Үлкен жол қателікті кешірмейді

Парламент Мәжілісі кезекті пленарлық отырысының негізгі мәселесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналды.

Онда электр скутерлер мен шағын электр көлігінің қоз­ға­лысын реттеу жайы сөз болды. Одан соң мәжілісмендер Үкімет басшысынан бастап түрлі инстанцияға депутаттық сауалдарын жолдады. Жиынға Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық етті.

Заң жобасы туралы әріптестерінің алдында «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, Эко­номикалық реформа және өңірлік даму ко­ми­тетінің хатшысы, депутат Екатерина Смыш­ляева баяндама жасады. Ол Парламент депу­таттары әзірлеген заң жобасын таныстырды.

«Соңғы жылдары көшеде жаңа көлік құрал­дарының, яғни электр самокаттардың, гирос­кутерлер мен монодөңгелектердің және т.б. пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәсе­лелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электр само­каттардың жолдармен және тро­туар­лармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүр­гізушілерге қауіп тө­ндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр скутерлерге қатысты техникалық регламент тек 2022 жыл­дың шілде­сінде қабыл­данды», – деді ол.

Заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депу­таттардың сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде Юлия Кучинская кейбір самокаттар сағатына 45-50 шақырымға дейін жылдамдығын арттыра алатындығын, мұндай қарқынмен жүр­гін­ші­лерді қағып кетер болса, ондай оқиғалардың 45 па­йызында кісі өлімі болуы ықтимал екендігіне алаңдаушылық білдірсе, депутат Мұрат Әбенов 1 жылда 43 оқиға болып, 1 адам қаза болғанын алға тартты. Заң жобасын екі оқылымда қол­да­ған Мәжіліс депутаттары Сенат қарауына жол­дады.

Осыдан соң мәжілісмендер түрлі тақырыпта де­путаттатық сауалдарын жолдады. «AMANAT» фракциясының мүшелері атынан сөйлеген Елнұр Бейсенбаев Бас прокуроры мен  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тө­райымына интернет алаяқтық туралы сұрақ қойды.

Қанша рет көтерсек те, мәселенің шешілетін түрі жоқ, керісінше жылдан-жылға ушығып ба­рады. Дабыл қағып отырғанымыз да сондық­тан. Мәселен, соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есеге өскен. Ал 2023 жылдың алғашқы тоқ­саны­ның өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23 пайызының ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды. 

Жағдай ушығып бара жатқан соң былтыр мау­сым айында Мемлекет басшысының өзі ин­тернет-алаяқтарға, қаржы пирамидаларына қарсы қатаң шара қолдануды тапсырған бола­тын. Осыған байланысты біріншіден, азамат­тарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізілуге тиіс. Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қар­жы пирамидалары мен өзге де заңсыз қар­жы­лық операциялармен күрес қалай жүргізіле­тінін түсіндіру керек. Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау қажет.

Одан бөлек аманаттықтар МӘМС жылу энер­гетикасы, мектептердегі қауіпсіздік мәсе­ле­лерін, «Қазақстанда жасалған» жобасын көтеріп, тиісті ведомстволарға депутаттық сауал жолдады. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысындағы жол мәселесін көтерді.

«Бөкей ордасы ауданы мен Жәнібек ауда­нындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөндел­ген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орта­лығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді. Көбісі күрежолдың бо­йында қонып қалады. Арнайы техниканың өзі көктем мен күздегі балшықтан өте алмайды. Салдарынан ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен сәбилердің қалай қиналатынын айтпай-ақ біле­рсіздер. Жергілікті жұртқа үміт берген жаңа­лық 2018 жылы айтылып еді. Батыс Қазақстан об­лысының Бөкей ордасы, Жәнібек және Қаз­талов аудан­дарын жалғайтын жол салу жөнінде Үкіметке тап­сырма берілді. 2021 жылы жол құрылысы аяқ­т­алады делінген. Бірақ арада 4 жыл өтті. Республикалық маңызы бар 245 ша­қы­­рым күрежолдың тек 124,6 шақырымы ғана жасалды. Қалғаны шұрқ-тесік, батпақ боп жа­тыр. Жүру мүмкін емес», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, 2022 жылдың сәуі­рін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкім­дігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тап­сыр­­ған болатын. 2021 жылы аяқ­талуы тиіс бол­ған Қазталов, Жәнібек, Бөкей ор­дасы аудан­дарын облыс орталығы Оралмен байла­ныс­тыра­тын күрежолға әлі асфальт төсел­ме­генін шеге­леп айтқан Президент «тиісті жұ­мыс­тардың белгіленген мерзімде орындал­мауына кінәлілер жазалануға тиіс», – деді. Осы сыннан кейін сол кез­дегі Қазақстан Рес­пуб­лика­сы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен бо­сатылған. Бірақ сол жолдың бүгін-ертең біте­тін түрі жоқ екен.

«Мәселе мынада: жалпы ұзындығы 245 ша­қы­рым болатын «Қазталов – Жәнібек – Ресей Феде­рациясы» шекарасына дейінгі және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолдарының жалпы құны – 80,13 млрд теңге. Бүгінге дейін оның 49 пайызы игерілген. Қалған 120,4 шақырымды төсеп бітіруге биыл 30,2 млрд теңге бөлінген. Ақша бар, бірақ БҚО қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тон­на қиыршық тас керек, оны  әке­луге 28 мың вагон қажет. Бірақ биыл тек 7 жа­рым мың вагон қарас­тырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті мате­риал­дың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мер­зімі­нің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі. Бұл ретте үстіміздегі жылдың наурыз айында тек 1000 вагон берілген, оның 382-сі жекеменшік, 618-і «ҚазТемірТранс» АҚ-на тие­сілі. Жекеменшік вагонды жалға алудың құны әлдеқайда қымбат екенін де ескеру керек. Келе­сі мәселе – битум жетіспеушілігі. 2022 жылы битум болмауынан облыстағы ны­сан­­дардың жар­ты­сына жуығы тамыз айынан бастап жұмыс­сыз қалған», – дейді Нартай Арал­байұлы. 

Осы ретте депутат жобалау-сметалық құжат­тамаға сәйкес битум бағасын бекіту мүмкіндігін қарастырып, мерзімдік баға өсуіне тыйым са­луды, битумның таралуын мердігерлік ұйымдар үшін ашық етуді және қолжетімді битумның көлемі мен оның қозғалыс жолы айқын болуы үшін дел­дал-трейдерлерсіз зауыттармен тікелей келісім­шарттар жасауға мүмкіндік беруді ұсынады. Сондай-ақ, облыстың қажеттіліктерін қамта­масыз ету үшін Ресей Федерациясынан битум тасымалдайтын, БҚО-ның аумағында орна­ласқан бір трейдерді анықтау қажет. Себебі Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарына 1 трейдер ғана битум жеткізеді. Бұл мәселе облыстық маңызы бар «Чапай – Жаңақала – Сайқын» жолдарының да құрылысын кешеуілдетіп тұр. Ай сайын БҚО-ғы жол құрылысына қажетті қиыршық тас жет­кізу үшін 1500 темір жол вагонын беру қажет.

Н.ҚОСАЙ