Айта кетейік, партия белсенділері құрылыс жұмыстарының сапасын бірінші рет тексеріп отырған жоқ. Бұған дейін мұнда құрылыс жұмысы кестеден кешіктірілгені анықталды. Құзырлы органдар қалалық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша мердігерге айыппұл салды. Бүгінде барлық кемшілік жойылды.
Мәселен, №8 гимназия Шымкенттегі ең көне мектеп саналады. Ол 1879 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осылайша, 1 100 балаға негізделген жаңа ғимараттың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Ал №38 мектеп-гимназияның жаңа ғимараты салынып бітіп, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс оқушы орындарының санын 375-ке арттыруға мүмкіндік берді. Балалар екі ауысымда білім алып жатыр.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 25 мектеп салынады. Білім ошақтарының құрылыс сапасы мен олардың уақытылы пайдалануға берілуін «AMANAT» партиясының мүшелері қадағалайды.
Сонымен қатар аманаттықтар тағы бір құрылыс жұмысын тексерді. Shymkent City шағынауданында партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы аясында 2 мың орындық конгресс-холл салынып жатыр. Бұл – конференция, концерт, фестиваль және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған көпқызметті орталық. Мердігер ұйым аталған нысанның құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында салынып жатқан нысандарда партиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері көрсетілген техникалық паспортқа ұқсас тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, блогерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.
Ерке ЕРҚОҢЫР