Қала әкімі ақылы автотұраққа көлікті қалдырып кетудің құны шаһардың әр бөлігінде әртүрлі болатынын айтады.
«Автотұрақ туралы айтар болсақ, биылдан бастап орындарды анықтап, аумаққа байланысты тұрақ ақысын көтереміз. Бұл жұмысты 1 шілдеге дейін жүргізіп үлгермейміз, бірақ қыркүйектің басында дайын болуы керек», – деді Ерболат Досаев.
Қалалық мәслихат депутаттарының алдында осылай деген шаһар басшысы аталған қызмет түрі қандай негізге сүйеніп, әр аумақта әртүрлі болатындығын ашып айтпады. Тек тарихи орталыққа жақын, яғни жергілікті халық «золотой квадрат» атап кеткен шаһардың ескі орталығындағы баға өзгелерге қарағанда қымбатырақ болады деп қысқа қайырды.
«Мәселен, Алатау, Медеу ауданында, Құлжа тасжолына шыға берісте бір тариф болса, өзге ауданда басқа тариф болады. Ал тарихи орталыққа жақын жерде тариф қымбатырақ бекітіледі. Қаражат бюджет кірісіне жұмсалады», – деді Ерболат Асқарбекұлы.
Осы орайда тағы бір мәселе, мегаполис басшысы ақылы автотұрақтан түскен қаражат бюджет кірісіне жұмсалады дегенімен, оның нақты қандай салаға немесе қандай басқарманың жұмысын жандандыруға бағытталатыны жұмбақ күйінде қалды. Бұл сауал мәслихат депутаттарын да қызықтырмаған сыңайлы.
Жүргізушінің жайын ойлар жан бар ма?
Әкімдіктің бұл мәлімдемесіне көлік тізгіндеген қала тұрғындарының біразы наразы секілді. Біз тілдескен алматылықтардың біразы қала басшылығының бұл әрекетін құптамайтынын айтты. Олардың пікірінше, азық-түлік, коммуналдық төлем бағасы әл бермей жатқан тұста әкімдіктің бұл әрекеті ақылға қонбайды.
«Мен қарапайым бюджеттік мекеме қызметкерімін. Қала шетінде тұрған соң жұмысқа өз көлігіммен қатынаймын. Қазірдің өзінде таңғы 9.00-ден кешкі 18:00-ге дейін көлігімді жұмыс орныма жақын жердегі жол жиегіндегі ақылы тұраққа қойғаным үшін 700-800 теңге төлеп жүрмін. Енді оны тағы қымбаттататын болса бұл мен сияқтылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Қазір онсыз да барлық нәрсе күн сайын қымбаттап жатыр емес пе? Сондықтан әкімдік бұл шешімін қайта қарау керек деп санаймын»,– дейді қала тұрғыны Әлібек Құдияров.
Әкімдіктің бұл жаңалығы қарапайым көлік жүргізушілерімен бірге қоғам белсенділерін де бей-жай қалдырмады. Олар бұндай шешімдер жан-жақты талқылаудан өтіп барып, қабылдануы керектігін алға тартады.
«Жалпы біздің қалада ақылы автотұрақ – өте күрделі мәселе. Алдыңғы «Алматы паркинг» компаниясының тірлігін бәріміз білеміз. Ең сорақысы оны астыртын басқарып отырған тұлға Алматы қаласы әкімдігінің жауапты қызметкері болып шықты.
Ал ақылы тұрақтың бағасын көтеру заң жағынан әбден талқыланып, тұрғындардың талқысынан өту қажет еді. Естуімше, аталған бастама қалалық Қоғамдық кеңестің де талқылауына ұсынылмаған. Бұл жерде қала әкімдігінің шешімді өз бетінше қабылдай салынғаны байқалады. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандарға, көпбалалы отбасыларға тұрақты тегін қылу жағы қарастырылуы керек болатын. Мендегі ақпарат бойынша мұндай жеңілдіктер әзірге айтылған жоқ. Сондықтан әкімдіктің бұл бастамасы шикі және асығыс шығарылған шешім деп есептеймін» дейді қала белсендісі Ғабиден Жәкей.
Оның айтуынша, жанар-жағармайдың қымбаттауынан зәрезап болған жүргізушілерді қала әкімдігінің мына әрекеті тіптен ашындырып отыр. Мұның соңы әлеуметтік шиеленіске ұласып кетуі де ғажап емес.
Әртүрлі бағаның әлегі
Сонымен қатар бір қала ішіндегі автотұрақ құнының әрқилы болатындығы да көпшіліктің қайран қалдырып отыр. Белгілі заңгер Тілеужан Кішкенебаев бір қаланың аумағында бірнеше түрлі тариф бекітудің заңға қайшы екенін алға тартады. Демек, бұл шешім бағаны реттеумен айналысатын орындармен келісілмей шығарылған секілді.
«Негізі бізде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бар. Менің білуімше, осы агенттік әр аймақтың әлеуметтік экономикалық әлеуетіне қарай бағаны белгілеп береді. Бірақ аймақ немесе қалаға қатысты ортақ бір ғана баға бекітеді. Ал Алматы әкімдігінің қала ішіндегі аудандарда әртүрлі тариф қоямыз дегені түсініксіз. Сонда қала ішіндегі аудандардың халқының жалақысы әртүрлі ме? Мәселен, Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерімен салыстырғанда Алмалы ауданы әкімдігінің дәл сондай санаттағы қызметкерінің немесе мектеп мұғалімінің жалақысы жоғары ма? Сондықтан әкімдік мұндай әртүрлі тариф қоямыз деген қадамды не нәрсеге сүйеніп жасап отырғаны маған түсініксіз», – дейді заңгер Т. Кішкенебаев.
Иә, Алматы қаласы әкімдігінің автотұрақ ақысына қатысты шешімі шикілеу екені көрініп тұр. Аталған қызмет түрінің ақысы қандай негізге сүйеніп көтерілетіндігін ашып айтқан адам тағы жоқ. Бұл жерде халық атынан сайланып, қала бюджетін қадағалап отырған мәслихат депутаттары да қауқарсыздық танытпауы керек сияқты. Сол секілді көлікті уақытша қоюға төлейтін ақыны қымбаттату арқылы қала бюджетін толықтыруды ғана ойлап отырған жауаптылар, халықтың да жағдайымен де бір сәт санасуы қажет-ақ.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы.
Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)