Балық шаруашылығы – береке бастауы

Жамбыл облысы Қордай ауданында бірер жыл бұрын болған жағдай талай жүрекке жара салғаны жасырын емес. Алайда сол бір оқиғадан кейін елді мекен еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Соның анық бір көрінісі ауданда инвестициялық жобалар қарқынды қолға алынып, игілігін ел көріп жатыр.

Қордай ауданының әкімі Бег­зат Болатбековтің айтуынша, биыл жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын 118 инвес­ти­циялық жо­баны іске асыру жос­парланған. Нәтижесінде, аймақта 456 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба­лар­дың қатарында сүт-та­уарлы фер­масын, құс фаб­ри­ка­сын, макарон цехын, көкөніс қой­масын, этно­туризм орталы­­ғын салу және ба­лық шаруашы­лы­ғын дамыту сын­ды баянды бас­тамалар бар. 

Қазір елдімекенде Monterra Qasaqstan ЖШС тау-кен метал­лур­гия комбинатының, KORCEM ЖШС цемент зауытының құры­лыс­тары жүргізіліп жатыр. Сон­дай-ақ ірі жобалардың қатарына Eco – Chicken модульдік құс фаб­рикасын салу және TARAZ EKO FISH ЖШС форель өсіру кәсіп­орны кіріп отыр. 

Сортөбе ауылындағы Korday Fish және Taraz Eko Fish ЖШС-ның екеуі де балық, оның ішінде форель өнімдерін өндіруге бағыт­талған. 2020-2021 жылдары жүзеге асқан Korday Fish жобасына мем­лекет тарапынан 3,8 гектар жер телімі бөлініп, жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы серік­тестік консервілеу цехын да іске қосуға ниетті. Қазір 800 мың шабақ жеткізілсе, тағы 4 миллион ша­баққа тапсырыс берілген.

Ал 5 гектар жерге орналасқан Taraz Eko Fish ЖШС жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіруге жобаланған. Жалпы, Жамбыл об­лысы аумағында балық шаруа­шы­лығымен айналысуға ниетті кә­сіпкерлердің саны күн санап ар­туда. Осы саланы дамыту мақ­са­тында балық шаруашылығына бағытталған өңірлік бағдарлама әзірленді. Бағдарламаға сәйкес, өткен жылы облыс аумағындағы 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, меже артығымен орындалып, 483 тоннаны құраған. Оның ішінде 436 тонна форель балығы болса, 47 тонна тұқымдас балық. Сондай-ақ биылғы бағдар­ламаға сәйкес 666,1 тонна тауар­лық балық өсірілмек. Облыс әкім­дігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қарма­сының мәліметінше, аталған көр­сеткішке жету үшін 4,7 мил­лион дана балық шабағы қажет екен. Осыған орай шабақтар өңір­дегі «Сандель», «Арнұр», «Алтын бұ­лақ» шаруа қожалықтары мен Шар­дара, Қапшағайда орналас­қан балық өсіру тәлімбақтары­­нан алынады. Бұл бағыттағы жұ­мыстар қазір жандану үстінде. 

Балық шаруашылығын дамы­тудың өңірлік бағдарламасы бо­йынша 2024 жылы 1375,9 тонна тауарлы балық өндірісі қолға алынып, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 000 тоннаға жетеді деп күтілуде. Ол үшін 18 инвестициялық жоба қолға алынуда.

Осы орайда жобаларға жан үрлеп жатқан кәсіпкерлерге мем­лекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіледі. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 78,2 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде балық жем­дерін сатып алуға кететін шы­ғын­дардың 30 пайызын субсидиялау­ға 45,1 миллион теңге, балық ша­бағына 33,1 миллион теңге ба­ғыт­талған. Ал 2023 жылы акваөсіруді субсидиялауға 281 миллион тенге қаралуда.

– Балық шаруашылығын да­мыту өңдеу цехтарын ашуды қажет етеді. Облысымызда балық өң­деумен айналысатын екі балық зауыты бар. Олар – Мойынқұм ау­данында орналасқан Мыңарал балық зауыты мен Меркі ауда­нындағы Меркі балық зауыты. Екі зауыт та жылына 1 500 тонна балық өңдеуге қауқарлы. Сонымен қатар биыл ALFISH ЖШС-ны Мо­йын­құм ауданы Мыңарал стансасының маңынан жылына 1 000 тонна ба­лық өңдеуге қуатты цехтың құ­ры­лыс жұмыстарын жүргізуде. Облыс аумағында жалпы сомасы 1,9 мил­лиард теңге болатын қуаттылығы 1 828 тонналық 18 жаңа инвести­циялық жоба жұмысы ұйымдас­тырылуда. Оның ішінде 8 карп балығын өсіру, 9 форель балығын өсіру және 1 африкалық жайын, бекіре балығын өсіру шаруашы­лығы бар, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орын­басары Данияр Башанов.

Иә, осылайша өңірде инвес­тициялық жобалардың өрісі ке­ңеюде. Бұл, әрине, облыс эконо­ми­ка­сынан бөлек әлеуметтің әлеуетін де артыратыны анық.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы