Скутер мінген де ережені сақтайды

Көлік кептелісін азайтуға, қала экологиясын жақсартуға септігін тигізетін жеңіл көліктің бірі – «самокат» деп атап кеткен электр скутер. Ыңғайлы кө­лік­тің шығыны аз, құны автомобильден арзан болғандықтан оны тіз­гін­деушілер қатарында жастар мен жасөспірімдер көп.

Олардың кейбірі қара­пайым ережені сақтамай, жаяу жүргінші жолына шығып, жылдамдықты асы­рып, тротуардағыларға қауіп төндіре бастады. Сондықтан қала тұр­ғын­да­ры электр скутер мен моноцикл жүрісін реттеуді талап етуде. 

Микромобильді көлікке шағым көп

Екі дөңгелекті көлік тротуарда жүрген­де аса сақ болуды қажет етеді. Өйткені оның жылдамдығы сағатына 40-80 ша­қы­рым­ға дейін үдейтіндіктен, оған соғылған адам­ның жарақаты да жеңіл болмасы анық. Жүргіншілер жолында балалар, қа­рия­лар, бала арбасымен әйелдер жүретінін қа­перге алсақ, жағдайдың қаншалықты қауіп­ті екеніне көзіміз жетеді.

Деректерге жүгінсек, скутердің кесірі­нен 2021 жылы бір адам қаза тапқан және 71 адам жарақат ал­ған. Былтырғы осындай мә­ліметтерді сұ­рас­тырып, біз Бас про­кура­тураның Құ­қықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі комитетіне жү­­­гінгенде, мұн­дай жекелеген статистика жүргізілмейтіні жөнінде жауап алдық. 

Мәжілісте осы көлікке қатысты заң жо­басын талқылау барысында Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Игорь Лепеха был­тыр елімізде осындай 43 апат болып, бір адам қаза тапқанын мәлімдеді. 

«Жол бойында самокат пен автокөлік соқ­тығысқан жағдайда ғана статистика жүр­гізіледі. Олардың барлығы Алматыда тір­келді. Биылдың өзінде осындай екі фак­ті бар. Бірақ бұл – электр «самокаттың» ав­токөлікпен немесе мотоциклмен соқты­ғыс­қан кездегі статистикасы. Жаяу жүргін­ші­лер жолағында апаттар әлдеқайда көп. Алайда бұл оқиғалар бойынша статистика жүргізілмеген. Енді көліктің осы түріне қа­тысты нақты талаптарды заңдастырсақ, Бас прокуратура мұндай статистиканы да қамтиды», – деді вице-министр.

Айта кетерлігі, елімізде электр ску­тер­лер саны жыл сайын көбейіп келеді. Оған на­рықта осы көлікті жалға беретін кик­шер­инг сервисін ұсынатын компаниялар қа­тары артқанын қосыңыз. Осындай кө­лікке бейімделмеген қолданыстағы көлік инф­рақұрылымының жүктемесі қазір есе­леп артып кетті. Оған тұрғындардың, жаяу жүргіншілердің шағымы жиілеп кет­кені куә. Өйткені электр скутер өзінің ар­найы жолы болмағандықтан, вело­жо­лақ­­тар­дың аз болуына байланысты трот­уар, серуен жолдарына шығып кетуге мәжбүр болып отыр. Ал адамдардың қауіпсіздігін сақ­тау үшін жедел түрде бастапқы ере­же­лерді енгізу қолға алынып, шектеу шара­лары заң жүзінде енгізіле бастады. 

Сонымен қатар шеринг компания­лар­дың қызметінде мән беретін тұстар көп. Айталық, электр скутерді жүргіншілер жо­лы­ның ортасына қалдырып кететініне жиі куә болып жүрміз. Ол жаяу жүргін­ші­лерге, сәби отырған арбаның өтуіне кедер­гі келтіреді. Сондай-ақ көлік жолына тас­тап кету немесе көлік тұрағына қойып ке­тушілер де табылады. 

Алайда кикшеринг компаниялар ску­тер тұрағы әкімдікпен келісіп таңдалғанын әрі ол көлікке, жүргіншіге немесе көлік тұ­ра­ғының айналасына кедергі келтірмей­тін жерде орналасқанын алға тартады.

Мысалы, Алматыда жалға берілетін ску­­терге арналған тұрақтар белгіленген. Ар­найы тұрақ болса, жалға алушылар элек­тросамокатты жаяу жүргінші мен кө­ліктерге кедергі келтірмейтін орынға қоя­ды делінеді. 

Компания қолданушысын тәртіпке шақырып, оны ынталандыруды қолға ала­мын десе, кедергі көріп тұрған жоқпыз. Алай­да олар заңмен шектелмесе, өздігінен құл­шыныс таныта бермейді.

Заң мәселені реттей ме, әлде шектей ме?..

Айта кетерлігі, электр скутер – жаңа кө­лік түрі. Сондықтан электр скутер, ги­рос­кутер, моноцикл сияқты шағын электр кө­ліктерін қадағалау, заңнамадағы мәр­те­бесін белгілеу, шағын электр көлігін жүр­гізу­шінің құқығы мен міндетін анықтау мін­деті тұрды. Ең алдымен былтыр электр ску­тердің стандарты қабылданды. Ендігі электр скутерге қатысты бірнеше заң өзгер­ту қолға алынды. Соның нәтижесінде кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қа­­­былданды. 

Осы құжатты талқылау барысында Іш­кі істер министрі Марат Ахметжанов кө­лік­тің бұл түрін жасы 18-ден асқан және мо­тошлем мен жарық шағылыстыратын киім киген азамат басқара алатынын мә­лім етті. 

Былтыр заң жобасы әзірлене бастаған­да бұл жас шегі 16 жас шамасында болады деп келді. Өйткені жол жүрісі туралы заңға сәй­кес мопед жүргізуге рұқсат беретін куә­­­­лікті 16 жаста беріледі. Ал электр ску­тер осы мопедпен бір түрге жатқызылады деп келді. Алайда көпшілік пікірін ескеріп, мән-жайды егжей-тегжейлі қарастырған заң әзірлеушілер жас шегін 18-ге жеткізуді құп көрген болып отыр. 

Аталмыш Парламент депутаттары әзір­­­леген заң жобасында электр самокат­тар­дың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасы ұсынылды. Құжатта электр скутер көлік құралы ретінде та­ны­лады, сондай-ақ жүру жылдамдығы саға­ты­на 25 шақырымға дейінгі көлік құралы са­натына жатқызылады. Ол велосипед жол­дары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. 

Отырыста депутат Руслан Берденов Ал­ма­тыда кикшеринг компаниялар жиы­ны­на қатысқанын айтып өтті. Кәсіпкерлер, шектеулер жаңа ашылған кәсіпке кедергі келтіретінін жеткізген. Олар жүргізушіге талап қою мен жылдамдықты төмендетудің орнына сақтандыру жүйесімен жұмыс істесек деген ұсыныс көтерген. Заң жоба­сын әзірлеуге қатысқан Екатерина Смы­шляевадан осы сұраққа жауап берді. Де­путат бұл тиімді бизнес екеніне тоқталып, кик­шеринг компаниялар адамдарды жұ­мыспен қамтып, салық төлеп отырғанын жа­сырмады. 

«Алайда кез келген бизнес біздің аза­маттар үшін қауіпсіз болуы тиіс. Біз осы қа­ғи­даны басшылыққа алдық. Сақтандыру жайына келсек, өтемақы беру жөніндегі ұсы­­ныс жолда төтенше жағдай болған соң жа­­салады. Сақтандыру өтемақысы жара­қат салған адамды тыныштандыра ала ма?» – де­ген Екатерина Смышляева сақтандыру жағдайы кейін қарастырылатынын атап өтті. 

Депутаттар қазіргі электр көлік жүр­гізу­шісіне куәлік талап етілсе, оның құқы­ғы­на нұқ­сан келмей ме деп сұрады. Оған жауап бер­ген Ішкі істер министрінің орын­басары Игорь Лепеха «заңға қол қойылған соң кү­шіне енуі үшін 60 күндей уақыт бар бол­ған­дықтан бұл мерзім азаматтардың өз құ­қығына қатысты жағдайды білуіне жет­кілікті уақыт деп санайтынын атап өтті. Со­нымен қатар вице-министр елімізде 

7 млн-нан астам адамда жүргізуші куәлігі бар екенін алға тартып, олар жол ережесін білетіндіктен куәлік алушылар қатары көп болмайды деген түйін жасады. 

Депутат Арман Қалықовтың айтуын­ша, электр скутердің тротуарда жүруіне то­лық тыйым салыну көзделген. Жұ­мыс­шы тобы осы тыйымды алып тастап ор­ны­на жылдамдықты сағатына 6 шақырым етіп қалдыруды ұсынған. «Шектеудің бұл ше­гі неге негізделген? Өйткені жаяу жүр­гін­шілер аймағында жылдамдықты тір­кей­тін камера жоқ. Сонымен қатар само­кат­тың өзінде тіркеу нөмірі жоқ. Осындай жағ­дай анықталса самокат жүргізушісі қан­дай шаралар қолданылады?», – деп сұра­ды. 

Екатерина Смышляеваның жауабына сен­сек, мұндай жылдамдық шамамен тро­турадағы жаяу жүргіншілер легінің жыл­дам­дығына жақын екен. Оны көзбен шо­лып анықтау қиын емес болып шықты. 

«Жаяу жүргінші жылдамдығы – шама­мен са­ғатына 3,5 шақырым. Самокат жыл­дам­­дығы одан бірнеше есе қатты болса, ол кез келген видеода айқын көрініп тұрады. Сон­­дықтан оны сотта тез дәлелдеуге бола­ды. Әрі осы жылдамдық тежеу жолын ба­рын­­ша қысқартып, тез тоқтауға мүм­кін­дік береді», – деді депутат. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, тротуарда ба­сымдық жаяу жүргіншіге берілгендіктен кез келген даулы жағдай жаяу жүргіншінің пай­дасына шешілмек. 

Экологиялық көлікті дамыту қажет

Микромобильді электр көліктері қала эко­­логиясына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Алайда оның тез көбеюі салдарынан қа­жетті ин­фрақұрылымды жабдықтау қала әкім­шілігі тарапынан қолдауды және қала жос­парын әзірлеуде түбегейлі шешімдерді та­лап етеді. Бұл көлік еліміздің оңтүстік өңір­лері, климаты жайлы мегаполистері үшін өте қолайлы. Жанармай шығыны та­лап етілмейді, оны қуаттауға үйдегі қуат кө­зі жеткілікті. Әрі көліктің бағасы да бюд­жеттік автокөліктен жүздеген есе ар­зан. Сонымен қатар көлемі шағын бол­ған­дықтан үлкен даңғыл мен кең көшені та­лап етпейді. Шағын орамдар арасында жұ­мысқа қатынауға, яки қашық емес тұс­тарға жетіп алуға өте ыңғайлы. Алайда әр­бір оңтайлы көліктің пайдалану шегі бар. Өйткені оның жүруіне еркіндік бері­ле­тін веложолақтар қала жолдарымен са­лыс­тырғанда аз. Оларды төсеу мен қа­шық­тығын арттыру жағы елімізде мейлінше баяу жүргізіліп жатыр. Велосипед, электр скутер, моноцикл секілді экологиялық кө­лік таңдаушылар қатары жыл сайын есе­лей беретінін ескерсек, оның инф­ра­құрылымын дамыту баста назарда болуы тиіс. 

Урбанистер кептелісі көп Алматы се­кіл­ді қалада «самокатшылар» автомо­биль­мен қатынай бастаса экологиялық, көлік қарқыны жағдайының бұрынғысынан да шиеленісе түсетінін болжайды. Сондықтан қоғамдық көлік пен микромобильді транс­порт түрлеріне жағдай жасалуын күтіп жүр­ген автокөлік жүргізушілерге күте тұруы­на тура келеді. 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ