Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған диқандар өндірістерін тоқтатып жатыр.
Үкіметтің қолдауынан күдер үзген азаматтар бизнесін сатып жатыр – депутат
1,911
оқылды

Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған делегация Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Жигули Дайрабаев, Айдарбек Қожаназаров, Ислам Сұңқар, Ғалымжан Елеуов, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек және бір топ министрлік өкілдері бар.

 

Сапар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы депутаттарды Ордабасы, Сайрам, Сауран аудандарындағы жылыжай кешені мен мал бордақылау алаңдарының жұмысымен, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары, жаңбырлатып суару жүйесі, Түркістан магистральды каналының тіршілігімен таныстырды.

Одан соң, Мәжілісмендер облыс орталығы Түркістан қаласында көкөніс шаруашылығы саласы мен суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Алғашқы сөзді алған Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев көшпелі отырыстың алғашқы жиыны қасиетті Түркістан топырағында басталғанын атап өтті.   

Көшпелі отырысты Түркістанда бастаудың басты себебі өңір ауыл шаруашылығының драйвері саналады. Яғни, республика бойынша мақтаның 100 пайызы, жүзім шаруашылығының 76, бақша өнімдерінің 64, жеміс-жидектің 40 және көкөністің 25 пайызы Түркістан облысында өндіріледі. Сонымен қатар, мұнда республика халқының 2 миллионнан астам адамы тұрады. Демек, Мәжіліс депутаттары бұл өңірді тектен тек таңдаған жоқ. 

 

«Кеше біз облыс аумағындағы бірнеше ауыл шаруашылықтарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар  бар екенін бағамдадық.  Жиында заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы өзекті мәселелерді шешу жолдары мен әдістерін талқылаймыз», – деп атап өтті Серік Рахметоллаұлы.   

Ал, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Түркістан облысы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылатынын атап өтті. «Мемлекет тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы аясында ағымдағы жылға 19,8 млрд. теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз. Алайда ауыл шаруашылығында өнімді кепілді ұлғайту үшін, ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып жаңа құрылыстар жүргізіп, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіруді мүмкіндігінше қолға алу қажет. Сол себепті аталған бағдарламаларды қарастыру барысында өңірлердің ерекшелігіне орай қаржының қажетті көлемде бөлінуіне қолдау білдірулеріңізді сұранамыз», – деді Ермек Кенжеханұлы. 

Басқосуда Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бірқатар ащы шындықты көтерді. Қымбатшылыққа байланысты Үкіметтің таңдап алған саясатына көңілі толмайтынын, өнімің халыққа арзан болсын деп фермерлерді әртүрлі шектеумен қысатынын, салдарын диқандар тартып отырғанын ашына жеткізді. «Дәл қазір жылыжаймен және баумен айналысатын диқандардың қаржылық жағдайы өте нашар, банкрот болудың алдында тұр. Үкіметтің қолдауынан күдер үзген азаматтар бизнесін сатып жатыр. Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған диқандар барлық өндірістерін тоқтатуда. Қазір қолдамасақ кейін толықтай импортқа тәуелді боламыз», – деді депутат. 

Одан бөлек, контрабандамен келген көкөністер бойынша ештеңе төленбейтіні, диқандардың осыны айтып бірнеше рет шырылдағанын да жеткізді. 

Көшпелі жиында бұдан өзге де диқандарға жағдай жасау, олардың мұң-мұқтажын тыңдау жайттары қозғалды. Депутаттар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің өкілдерімен елімізде көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын, суармалы егін мәселелерін талқылады.

Көкөніс қоймаларының жоқтығы мен жеткіліксіздігі, өндірісті дамыту мен кеңейтуге субсидия алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеу үлесінің төмендігі, өнімнің өзіндік құнының жоғарылығы және жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы мен сапасы бойынша бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі сияқты мәселелер сөз болды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы инфляцияға кері әсер етіп, көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің артуына әкеліп соғатыны айтылды.

Жиын қорытындысымен қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы үкімет сағатының ұсынымдарының жобасына енгізілетін болды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы