Таяуда Саяси бюро кеңесінің қаулысына сәйкес, кеңес төрағасы лауазымына Дулат Абетжанов тағайындалған еді. Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова оны кеңес мүшелеріне таныстырды. Сондай-ақ кеңес мүшелері 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдады. Жиынға облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, Полиция департаменті, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері мен «Сенімен Болашақ» ҚБ төрағасы Хызыр Жанарыс қатысты. Кеңес отырысында өзекті бірнеше мәселелер қаралды. Олардың бірі – елімізде болып жатқан этностар арасындағы орынсыз көзқарастар. Осы мәселе бойынша құзыретті органдардың баяндамалары тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды.
Біздің қоғамда ұлт пен этностар арасында қалыптасқан мызғымас тату, бейбіт қарым-қатынастарға зиянын тигізіп жүрген азаматтар баршылық. Партия тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қатысты кез келген кемсітушілікті айыптайды.
«Бүгін біз бұл тақырыпты бекерден бекер қозғап отырғанымыз жоқ. Аталған мәселелер партияның Саяси тұғырнамасы мен сайлауалды бағдарламасында ерекше айтылған. Партия жалпыұлттық бірегейлікті нығайта отырып, еліміздегі ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге сына қағуға ешқашан жол бермейді. Сондықтан қазіргі көтеріліп отырған мәселенің алдын алу және шешу – біздің жалпы ортақ міндетіміз. Құрметті Кеңес отырысына қатысушылар, егер де заңнамада кемшіліктер мен шикіліктер болса, өз ұсыныстарыңызды беріңіздер. Мәжілісте біздің екі депутат бар. Олар біздің мәселелерді жоғары трибуналарда қарауға дайын», – деп атап өтті Айгүл Маликова.
Соңғы Республикалық MIRAS кеңесінің отырысында балалардың тәрбиесі, соның ішінде ұлттық тәрбие мәселесі көтерілген болатын. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қаралды.
«Қазір әлеуметтік желіде жасөспірімдер арасында аяусыз төбелестерді жиі көреміз. Олардың қаншамасы жасырын түрде өтіп жатыр. Бұл негізі бәрімізді қынжылтатын дүние. Әсіресе, әлеуметтік желілердің оның ішінде TikTok, Instagram-ның бақылаусыздығы балаларымыздың өміріне қатты әсер етуде. Бұл жерде құзіретті органдардың жұмысын сынау үшін жиналған жоқпыз. Мәселенің жауабын тауып, шешу үшін MIRAS қоғамдық кеңесі заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар беретін алаң болып табылады», – деді кеңес төрағасы Дулат Абетжанов.
Сонымен қатар кеңес мүшелері отбасындағы және мектептегі бала тәрбиесі, қазақ тілін оқыту және оның қолдану аясын кеңейту, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоқ әлеуметтік желідеге тұлғалардың және ұйымдардың жұмысына тыйым салу сияқты мәселелерді көтерді. Отырыс қорытындысы бойынша MIRAS қоғамдық кеңесі мемлекеттік органдардан, кеңеске қатысушылардан күн тәртібіндегі аталған мәселелерді реттейтін заңнамалар мен құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар беруді сұрады.
Нұрлан ҚОСАЙ