Бүгінде Шымкент қала­сында құрылыс қарқыны жоғары. Екі оқушылар сарайы, шығармашылық орталық, 6 өнер мектебі, Кон­гресс–холл және бірне­ше мектеп салынуда.
Партиялық бекеттер – пәрменді тетік
972
оқылды

Сай­лауалды бағдарламаға ен­ген барлық нысанға пар­тия­лық бекеттер орнаты­лып, құрылыстың уақыты­лы, әрі сапалы орындалуы ерек­ше назарға алынған. «AMANAT» партиясы жаңа мә­дени ны­сандардың инфра­құрылы­мын құруға және дамытуға ықпал етуде. 

Мәселен, қалалық партия­лық бақылау комиссиясының мүшелері «Нұрсәт» ықшамау­да­нында салынып жатқан оқушы­лар сарайының құрылыс жұ­мыстарын тексерді. Нысанның құрылысы 2021 жылдың аяғында басталып, қазір толық біткен. Маусым айында пайдалануға берілмек. 500 оқушыға лайық­тал­ған оқушылар сарайы 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық, спорттық сауықтыру бағыты, үлкен және кіші бассейндері бар. 4 ауысымда жұмыс істейтін сарайда 7-18 жас аралығындағы 2000 баланың түрлі үйірмеге қа­тысуына мүмкіндігі бар. Көлік тұрағы мен 35 адамдық асхана да назардан тыс қалмаған.

Партиялық бақылау комис­сия­­сының төрағасы Ғани Таш­қараев бастаған партия мүшелері мен БАҚ өкілдері балалар тұлға­сының шығармашылық, спорт­тық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамытуға арналған ғимарат құ­рылысы жұмыстарының сапа­сын зерделеп шықты. 

Айта кетейік, партияның қалалық филиалы жанынан құрылған аталмыш комиссия өткен апта үш ауысымда білім беретін №65, №8, №45 мектеп­тер­дің қосымша құрылыс жұ­мыс­тарын бақылап қайтқан бола­тын. Үшінші мегаполисте үш ауысымды мектеп мәселесі биыл толық шешімін табатын болады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы