Заңсыз шығарылған активтер қайтарылып жатыр

Астанада Экономикалық ре­сурс­­тардың заңсыз шоғырлануына қар­сы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынды ашқан Бас прокурор Берік Асы­лов комиссияның жаңа мүшелерін та­­­­ныс­тырып, отырыста үш мәселе қара­ла­тынын жеткізді. Бірінші комиссия жұ­мы­сының нәтижелері және кейбір ас­пек­тілері туралы, екіншісі жекелеген істер бойын­ша активтерді қабылдау тәртібі тура­лы, үшіншісі пареллельді қаржылық тер­геп-тексеруді жүргізу туралы.

«Елге заңсыз шығарылған активтерді қай­тару – Президентіміздің басты тап­сыр­­­маларының бірі. Жақында өткен Пар­ламент сессиясын ашу кезінде Мем­ле­кет басшысы осы мәселені қайталап, на­зар аударды. Арнайы заңды тезірек қа­былдауды тапсырды. Бұл бағытта ко­мис­сия мүшелері үлкен жұмысты атқарды. Әлемдік тәжірибе зерделенді, сарапшылар ұсыныстары жиналды. Әділет ми­нистр­лі­гінің бастауымен мемлекетке заңсыз иге­рілген активтерді қайтару туралы заң жобасы әзірленді», – деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекетке 760 млрд теңгеден астам соманың ак­тив­тері қайтарылған. Оның ішінде 575 млн дол­лар шетелдерден келген. Қайтару шара­ларына комиссияның барлық мүшесі және мемлекеттік органдар жұмылдырыл­ған. 

«Жоғарғы Сот бұрын негізсіз оли­го­по­лия субъектілерінің пайдасына шы­ғарылған шешімдерге қатысты Бас про­курордың 24 наразылығын қанағаттан­дыр­ды. Мысалы, Алматы ауыр машина жа­сау зауытының 31 пайыз акциясын же­кешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Басқа жағдайда Жо­ғарғы Соттың қаулысы астаналық «Ду­ман» қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұ­дан басқа, соттар заңсыз сатылған мем­лекеттік мүлікті қайтару жөніндегі он­да­ған талапты қанағаттандырды. Олардың ішін­де өндірістік нысандар, базарлар, ком­мерциялық үй-жайлар, элиталық жер те­лімдері және тағы басқалары бар», – де­ді Бас прокурор.

Оның айтуынша, таяуда сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қа­ла­сындағы Сұйытылған мұнай-газды сақтау пар­кінің 50 пайыздық үлесі қайтарылған. Бас­қа мемлекеттерге құқықтық көмек көр­сету туралы 100-ден астам сұрау хат жол­данған. Соның нәтижесінде 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым са­лынған. Сонымен қатар Қаржы ми­нистр­лігі қаржы-өнеркәсіп топтарының (ҚӨТ) кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды. Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистр­­лігі ҚӨТ компанияларына 7 млрд тең­геге жуық айыппұл салды, ал Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агенттігі 4 млрд теңгеге санкциялар қолданған. 

Прокурорлардың шараларымен олиг­о­полия субъектілеріне бұрын негізсіз бе­рілген немесе нысаналы мақсаты бойын­ша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды. 

Жиында Бас прокуратураның Ха­лық­аралық-құқықтық ынтымақтастықты да­мыту қызметінің бастығы Нұрдәулет Сүйін­діков комиссияның атқарған жұмы­сы жөнінде баяндады. 

«Күшін жойған шешімдер олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған бо­латын. Жоғарғы Соттың жаңа ұстаны­мы­­ның нәтижесінде елеулі активтерді мем­­ле­кетке қайтаруға, салықтар мен айып­­­пұл­дарды өндіруге, тарифтерді төмен­детуге қол жеткізілді», – деді ол. 

Ал Активтерді қайтару бойынша ве­домствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек тәркіленген мүлікті қара­жатқа айналдыру мәселесі әлі талқыланып жатқанын жеткізді. Шетелден қай­тарыл­ған активтер дүние-мүлік түрінде, валюта түрінде Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарылып жатыр.

«Қайтарылған активтер еліміздің әр са­ласына жіберіледі. Мысалы, салықтан жал­тарулар болса, біздің комиссия 100 млрд теңгенің салығын қайтарды, ол са­лық органдарының өз шотына түседі. Оған қоса, заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылды. Бұл да әр ауылдың, әр аумақ­тың меншігіне қайтарылады. Тәркіленген басқа да мүліктерді қайда жіберу керегі тал­қыланып жатыр», – деді З.Әліпбек.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ