«Былтырлы-биылы» несі? С.Торайғырұлының өлген жылы нақты болғанымен, туған жылы жайында әдеби, ғылыми ортада аздаған пікір ауытқушылығы бар. Ондай-ондай бола береді. Мөлдірдің мақаласына байланысты асау жүректі ақын ататегі, өмірі, әдеби мұрасының жиналуы жайында менде бірсыпыра материал бар көп жылдан жинақталған. Әрине, оның қай-қайсысы да Сұлтанмахмұт атын да, затын да саяи қуғын-сүргіннен жанпида жүріп, аман алып қалған профессор Бейсембай Кенжебайұлы есімімен әбден байланысты. Бір шаңырақтың астында 10 жылдай бірге тұрып, баласына айналып күн кешкен кезімде аяулы ұстаз, әкедей әзіз адамнан бар әңгімесін қағазға түсіріп жазып ала беретінмін. Міне, тағы да күнделігіме көз тігемін жалма-жан.
...Қарт профессор архивінен бір көне фото суретті алып, көзін сықсита қарап, көзілдірігін түзеп қойып әңгіме сабақтады.
Ана жылы Сұлтанмахмұттың мұрасын іздеп әрі жатқан жеріне барып, тағзым етейін деген оймен Баянауылға бардым. Көнекөз қариялармен, Сұлтанмахмұтты көрген, білген жандармен сөйлестім. Досы, туысы Шәйбай Аймановпен ертеден таныс-біліспін. Кейбір өлеңдерін Шәйбай атынан жариялатқаны да бар Сұлтанмахмұттың. Шәйбай соғысқа байланысты, Сталиннің сенімсіздік білдіруіне байланысты ығысып келіп, қазақ арасында тұрған қарашай қызына үйленген ғой. Ол бүгінде Қап тауында қарашай зиратында мәңгілікке дамылдап жатыр.
Қарт профессор ойына әлдене түскендей бір күрсініп салып, аздап дамылдады. Осы сәтті пайдаланып, Шәйбаймен туыс, ұлы режиссер Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевқа мектеп партасында отырған оқушы сәтінде сабақ берген Әйткен Аймановпен орайын тауып әңгімелескенімді айтып, әңгімені әрі қарай сабақтауын қаладым.
«Ә, Әйткен бе? Ол да мен жолыққан кісі. Әңгімешіл адам. Сұлтанмахмұттың арғы тегі жайынан әңгіме айтып беріп еді» деп тағы тоқтады қарт ғалым.
Арғы тегінен маған да әңгіме тиегін ағытты Әйткен қария. Шынында Сұлтанмахмұт бала кезінде қой аузынан шөп алмайтын жуас бала болыпты ғой. Бірде достары «Махмуд, өгіз бұзаулады...» десе соған иланып, көрмек үшін далаға жүгіріп шығыпты. Ал өлеңіне қарасаң, нағыз асау жүректі ақын. Тіпті, сіздің бір әңгімеңізге қарағанда Алаштың көсемі атанған Әлихан Бөкейхан бетіне келгені де бар. Сонда осы мінез қайдан? Асылында, Сұлтанмахмұттың әр өлеңі, бар өлеңі шатырлаған мінез қайшылығынан тұрады емес пе?!
Сұлтанмахмұттың немере інісі «Тентек Шаймерден» атанған кісі. Ауылда бірсыпыра уақыт мұғалім болған. Тентек Шаймерден, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары болса керек, қостанайлық Жәния есімді ақынмен айтысқа түседі. Айтысқа түсер алдында екі ақын бірін-бірі едәуір зерттеп алады. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ел ғой тегінде. Күні келіп айтыс басталып кетеді. Шаймерден жай отырмай, қарсыласына «мұрның қағаз мұрын, қазақтікіне келмейді», – деп өлеңдетеді. Бұл оның тегін ишаралағаны екен.
Жәния сөзден қайтсын ба? «Танауымның татарға ұқсайтыны рас. Шешем – татар қызы. Бірақ сендердің ұлы апаларыңдай өз аяғымен келмеген. Ит те болса әкем барып алып келген», – дейді. Сөйтсе, Жәния тентек Шаймерденмен айтысарда оның түп-тұқиянын түгел сұрастырып біліп алыпты. Ишаралап отырғаны – Шаймерденнің ұлы шешесі, Сұлтанмахмұттың әжесі – Мәлике деген кісінің «өз аяғымен» келгендігі екен. Ол жөнінде ел аузында бірталай әңгіме бар деседі.
Шоң, Шорман – би ауылы, бай ауылы. Торайғыр – олардың немере, шөбере жақын туысы. Сөз ұстайтын тілді, қу орта дәулеттің адамы. Айналасына билік айтатын ақылды кісі. Содан да «Торайғыр би» аты қалған тарихта. Билер институты деген мәселені сендер біле бермейсіңдер. Ол Алтын ордадан әріден басталып, бері қарай сабақталып келе жатқан бір тоқтам жүйесі еді ғой. Тұқиянымен құрттық қой, құртты ғой Совет өкіметі... Қарт ғалымның көзі шапыраштанып барып, әңгімесін мұңданып аяқтады. Сәл мүдіріп әңгімесін әрі қарай жалғады.
Бір күні Шоң ауылының жылқысын көрші бір байдың жылқышылары (барымташылары) барымталап кетеді. Малын даулап Шоң мен Торайғыр көрші байдың ауылына келеді. Қонақасы беріледі. Жатарда бойжеткен қызының отауына енгізіп, кісілерге жерге төсек салып береді. Қыз болыскей кереуетте жатады. Қазақтың бар ауылы, бай ауылы салтанатты тұрған ғой тұрмыста. Шоң төсекті жайдақтау салғанына, жерге салғанына намыстанады. Бәлекет болып қалған қыздың қастарында, қол созым жерде жатқанын көре, біле тұра еркек шіркін қайдан шыдасын?! Бірін-бірі түртіседі. Ақыры, Торайғыр барып бәлекей қыз көрпесін ашады.
Қыз:
– Ата жолы ғой. Бірақ аяқ жақтан келіңіз, – дейді.
Торайғыр аяқ жағынан бара бергенде қыз қайқайтып тұрып бір тебеді. Торайғырдың беті болыскей кереуеттің аяғына тиіп дал болады. Мал даулайтын жағдай қайда енді? Масқара болған екеуі ертелеп зытып отырады. Сонда Шоң ауылына қайтады да, Торайғыр сол ауылда қалып қояды. Торайғыр:
– Елге баратын, кісіге көрінетін бетім жоқ, – дейді.
Сөйтеді де ауылда елеусіз кісі болып қалып, Мәликенің жайын зерттейді. Айттырған жері кім, қайтсе қыздан есе қайтарады? Бақса, Мәликені айттырған жер бір терезесі теңдес байдың баласы екен. Айттырған. Бірақ қызды әлі көрмеген. Ұрын келмеген. Торайғыр енді сол байдың ауылына тартады. Барады. Бай баласымен дос болады. Төрт айда ғұмыр бойы бірге өскендей қалыпқа, тығыз сыйластыққа келеді. Сол өңірге тұтас мәшһүр екі бәйге аты бар екен, соны екеуі жарыса жараса мініп жүреді. Бір күні Торайғыр қайтатын рай танытады. Қайтар сәтінде бай баласы қалауын сұрайды. Торайғыр Көкқасқаны қолқалайды. Бай баласы мәрттікпен беріп жібереді...
Көкқасқаны қолына түсірген Торайғыр түпкілікті мақсатына көшеді.
Тартып отырып Мәлике ауылына (Бай ауылына) келеді. Өзі білетін Мәлике отауына түседі.
«Қоянды жәрмеңкесіне бара жатыр едім. Жол-жөнекей «ұрын» келген бетім», – дейді. Атастырылған қыз – матастырылған қыз. Дегеніне көнеді.
Сырласқанда қыз Торайғырдың масқара болған қылығын әңгімелейді.
Сөйтсе, Торайғыр айтады дейді:
– Торайғыр қу еді ғой. Ол қалай арандап қалды екен? – деп.
Ұпайын түгендеген Торайғыр жылы хоштасып, ауылына тартады. Қоянды жәрмеңкесіне қарай кетпей, басқа бағытқа кеткен «күйеуден» күдік алған анасы қызынан күйеудің сын-сипатын сұрайды. Қызы білгенінше тәтіштеп айтады. Анасы күйеу баласына ұқсата алмайды. Бір кәкірдің Шоң ауылынан келгенін біледі.
Қызына:
– Кіммен қарайсаң, сонымен ағар. Бар, байыңды тауып ал! – дейді ана байғұс. Адуынды кісі болса керек. Еркекше киінген «еркекшора» қыз бозбаланың ізінен қуа шығады. Көкқасқа Шоң ауылына келеді. Мәлике «жігіт» те келеді соңынан. Аз күн сол ауылда «жігіт» болып жүреді.
Бір күні Шоң ауылы ұлан-асыр той жасайды. Балуан күрестіреді, ат шаптырады. Балуан күресіне жігіт болып түскен Мәлике жан шыдатпайды. Бас бәйгені жеңіп алады. Ат бәйгесінде Торайғырдың Көкқасқасы бірінші келе жатады. Мәлике аттың алдын тосып тұрады. Торайғырдың Көкқасқасы кермеге жақындай бергенде, Мәлике алдынан шығады да ат үстіндегі Торайғырды ерден жұлып алады. Ат жайына кетеді. Көкқасқа бірінші келеді деп күтіп отырған Шоң мына құбылысқа таң-тамаша қалады. Мән-жайын білмекке кісі шаптырады.
Мәлике:
– Дат, – деп алдына қамшысын тастайды. Бөріктің ішіне жасырған шашын төгілдіріп жібереді. Кеткен есесін даулап жүргенін айтады.
Шоң мән-жайды жедел түсініп, Торайғыр мен Мәликені қосып, тойды тойға ұластырады. Екі жас бақытқа кенеледі.
Шаймерденмен айтысқан Жәния ақынның астарлап айтқаны осы екен...
Бұл – ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы мен әжесі жайындағы әңгіме.
Қарт ғалым «әңгіме тәмәм» дегендей, естіген, білгенін маған жеткізіп, жәй тыныстап отыр. Менің «тамағым жыбырлады». Сонда Шоқпыт атанған Әубәкір Торайғырдай би мен Мәликедей адуын анадан туған ба?
– Е, шырағым, – деді әкедей әзіз Бейсекең, – Жақсыдан жаман да туады, жаманнан жақсы да туады-ау. Аңызға айналған екі жақсыдан «Шоқпыт» аталған Әубәкір есімді нашар, момын адам туған. Ол – Сұлтанмахмұттың әкесі. Бірақ өткір әже, өжет ана қадір-қасиеті әкені аттап немереге өткен. Сұлтанмахмұт – өткір ақын. Сұлтанмахмұттай өткір ақын, өжет жан бар ма екен, сірә?!
Ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлына бар саналы ғұмырын арнап, тынбай зерттеп, кеңестік қытымыр жүйеден табандап тұрып қорғап өткен қарт ғалым Бейсембай Кенжебайұлымен арадағы әңгіме 1985 жылы наурыздың 19-ы күні болып еді.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы
Суреттерде: Сұлтанмахмұттың бұрынғы зираты. Зиратының басында сұлтанмахмұттанушы профессор Бейсембай Кенжебайұлы. 1950-ші жылдар. Баянауыл