Коррупциямен күрес нағыз ғажайып жасап, елді игілікке кенелте алады. Былтырғы қанды қаңтар оқиғаларынан кейін еліміздегі ең көп жемқорлық жайлаған саланың бірі саналатын кеденде коррупция көріністерімен шынайы күрес басталған болатын.
Кеден қалай тазарып жатыр?
1,290
оқылды

Бұл ел қазынасына құйылатын қаражаттың күрт артуына ықпал етіпті. Жалпы, енді Үкімет өкілдері де кедендегі сыбайлас жемқорлыққа бұрынғы ел басшылығына жақын адамдар қолдау көрсеткенін жоққа шығармайды. Билік бүгінде бұл кеселден қаншалықты арылып жатыр? 

Жемқорлардың аузынан «жырып алды»

Кеден мен салық саласына қатар жауап беретін Мемлекеттік кірістер комитеті қызықты дерек жариялады: 2023 жылғы 1 тоқсанда республикалық бюджеттің салық түсімдері 5 триллион 667,3 млрд теңгені құрады. Яғни, ел табысы өткен жылғы ұқсас кезеңмен са­лыстырғанда бірден 21,4% немесе 998 миллиард теңгеге өсті. Жылда осы қарқынмен артса, онда Қа­зақстан тез арада дамыған елдерді қуып жетер ме еді.

«Жемқорлықтың акулалары» қосылған құн салығын (ҚҚС) жем­сауға айналдырып алғаны жасырын емес. Онымен күрес ар­қасында биылғы 1-ші тоқсанда өт­кен жылғыға қарағанда бюд­жетке импортқа ҚҚС-тен түскен түсім ғаламат көлемге, 2 есеге ұл­ғайды. Мұның сыртында ішкі өн­діріс тауарларына ҚҚС 21,2%-ға, корпоративті табыс салығы 20,7%-ға және ЕАЭО елдерінен импортқа ҚҚС 2%-ға көбейді.

Жемқорлардың көптеген схе­масы жалған электронды шот-фактуралар жазуға қатысты. Бұл сала да ретке келтіріліп жатыр. Нәтижесінде, биылғы жыл басы­нан ЭШФ аясында салық салы­натын тауар айналымының база­сы 27,7%-ға немесе 8,8 триллион тең­геге өсті.

Шетелден тауар таситын им­порттаушылардың бір бөлігі са­лықты аз төлеу үшін жүктің құнын арзандатып көрсетеді немесе ке­деншіге пара беріп, оның көлемін кемітуге қол жеткізеді. Кедендегі бұл кесір құбылыспен де белсенді күрес жүргізілуде. Соның нәти­же­сіндей, 2023 жылғы 1 тоқсанда Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы 13,9%-ға өссе, соның ішінде импорт 1,8 есеге артып шыға келген.

Осының бәрі ел ауқатын арт­тыру, мемлекетте әділдікті орнық­тыру үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті ары қарай өрістету қажет екенін растайды.

Жалпы, 2022 жылы Президент Қ.Тоқаев кеден саласында тәртіп орнатуды бірнеше рет талап еткен болатын. Осыдан кейін кеденде па­ра алуды конвейерге қойған бірқатар ірі басшы ұсталды. Қар­жы министрлігі салаға тексеріс жүр­гізіп, көптеген бұзушылықты әш­кереледі. Сарапшылар «кеден­дегі контрабандадан ұзақ жыл бойы бұрынғы президенттің от­басы заңсыз табыс тауып келгенін» ашық айтып жүр. Мұның қанша­лықты шын екенін таяуда жур­налистер вице-премьер–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрады. 

– Шынында, олардың саны өте көп. Тауар тасумен айналысатын 15-тен астам экономикалық опе­ратор болған. Бірақ олардың нақты қайсысына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын, келтірілген шығынның нақты көлемін құқық қорғау органдары айта алады. Мен тек бюджетке заң бұзғандардан қосымша шамамен 50 миллиард теңге өндірілгенін айта аламын. Бас прокуратурамен, өзге құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс тобы құрылып, кеденде тексеріс жүргізілді. Анықталған барлық факті бойынша материалдарды құзырлы органдар пысықтап, түрлі тергеу жүргізіп жатыр. Бірнеше эко­номикалық оператор заңды жү­йелі бұзып келген. Олардың қо­жайындарын, ақырғы бенефи­циар­ларын өздеріңіз атадыңыз­дар, – деді Е.Жамаубаев.

Соған қарағанда, кеденді жемқорлардан тазалауға билік сал­мақты түрде кіріскенге ұқсайды.

Парақорлық алапат ауқымға жеткен

Еліміздегі жетекші трейдерлік компанияның өкілі, кәсіпкер Ер­болат Жақсыбек кеденнің біраз тәртіпке келгенін айтады. Әйтпесе, кедендегі өткізу бекеттері үлкен адамдардың делдалдық фирма­ларының қалтасын қампайтатын «қара кассаға» айналып кеткен. Мысалы, жүкті Қытайдың кеде­нін­дегі бейтарап аймақтан Қазақ­стан аумағына алып өту үшін тек қолма-қол ақшамен төлеу талап етілген. Чемодандар толы сол ора­сан қаржының қайда тасылғаны беймәлім. Рұқсатнама, бланк ала алмаған жүктерді ҚХР аумағына алып өтуді де делдалдар іске асыр­ды. Тіпті, жұңғо елінде жүруге қа­жетті құжаттары жоқ жүргізушіні ауыстырып, оның орнына рөлге отыратын «араағайын» жүргізу­шілер де кеденді жағалаған. 

«Кеденде бұрын барлығы үшін пара талап етілетін: тауарыңды ке­дендік тексеруге жібермесін десең, төле. Кеденші не мемлекеттік кі­рістер органының өкілі тауар­ла­рыңның декларацияда көрсетілген құнына күмәнданып, көрші елден құжат сұратып, сонымен салыс­тырмасын десең, онда да төле. Мұндай тексеріс жүгіңнің сал­ма­ғына және ондағы тауарлардың классификациясына қатысты да басталуы мүмкін. Биліктің өзі биз­несті пара беруге итермеледі: ере­желердің түсініксіздігі, бұлың­ғыр­лығы салдарынан тіпті барлық құжаты толық болған жүгіңнің ке­деннен уақытында өтетінін, әлде қосымша тексеруге жіберіліп, бұғатталып қалатынын білмей, үнемі қылпылдап, қобалжып оты­расың. Біздің компания, әрине пара берген емес, сондықтан осы жылдары қаншама қиындық көр­ді», – дейді Ерболат.

Ол ең көп пара талап етілетін кеден ретінде Қытаймен және Өз­бек­станмен арадағы шекаралық өтпелерді атады. Өйткені шека­раны кесіп өтуде кездесетін ең көп түйткіл де соларда туындайды. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасырын сауалнама жүргізу арқылы анықтағандай, шекараны кесіп өту кезінде сырт­қы экономикалық қызметке қа­тысушылардың 90%-ы сыбайлас жемқорлыққа кезігіпті. Барлық параның жартысын 300 долларға дейінгі сома құрады. Мысалы, кеденнен кезексіз немесе тез өту «құны» осы шамалас.

Кедендегі қозғалыстың барлық түрін: импортты, экспортты және транзитті коррупция жайлаған. Кеденде мұндай қылмыстарды жасау тәсілі өте көп. Кең тараған түрлеріне тауарлар мен көліктерді заңсыз өткізу, тауарларға ілеспе құжаттарды, басқа құжаттарын фальсификациялау, тауарларды кеденнен заңсыз шығару жатады.

Қазақстан – Қытай және Қа­зақстан – Өзбекстан шекарала­рын­дағы кедендік өткізу бекет­терінде жемқорлық фактілері көп тіркелетін көрінеді. Ондаған жыл бойы батпандап кірген кесел енді ғана мысқалдап шығып жатыр. Сондықтан Үкіметтен, құзырлы органдардан осы тараптағы кү­реске соны серпін беру, тегеурінді қимылдау, кешенді жұмыс жүргізу талап етіледі. 

Айтпақшы, кедендегі жем­қор­лықтың тамыр жайған «шұра­ты­ның» бірі – «Қорғас» шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығы болыпты. Пандемия кезінде Қорғас ШЫХО жабылып қалды. Коронавирус беті қайтса да, орталық ашылмады. Әйтпесе, ірі, салтанатты той-томалақ өткізетін қазақстандықтардың көбі тауар, киіт, сый-сияпат алу үшін екі ел арасындағы осы шағын шаһарға шабатын. Үш жыл жабық болған «Қорғас» елді зарықтырып барып, биылғы 24 сәуірде қайта ашылды. Жетісу облысы әкімдігінің түсін­діруінше, оны ашу үшін жыл ба­сынан бері орталық аумағындағы барлық бизнес-процесті модерни­зациялау, кеденді тәртіпке келтіру, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары жүзеге асырылды. 

Қытай тарапынан жүк тасу қыз­метін уәкілетті экономикалық операторлар басыбайлы мен­шіктеп алып, өзге бизнесмендерге өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген. Құзырлы органдар бұл операторларға қатысты тергеулер жүргізді, олар өз қызметтерінің құнын ымыраласып, шектен тыс қымбаттатқанын мойындады. Биз­несмендердің мәліметінше, опе­раторлар Қазақстаннан Қы­тайға өтіп, жүгін арнайы аймаққа түсіріп, кері қайту, яғни небәрі 1 500 метр жүріп өту үшін әрбір көліктен 40 мың долларға дейін жинаған. Ал күніне кеденнен 200-ден астам машина өтеді. Бұл заңсыз баю схемаларында олармен кейбір кеден бекетінің бастықтары әмпей-жәмпей болған. Мысалы, Антикор «Нұр Жолы» кеден бе­кетінің басшысын және оның орынбасарларын тұтқындағаны белгілі.

«Нұр Жолы» кеден бекетінің жаңа басшысы Асқар Бекбергенов шекарадағы көптеген делдал алып тасталғанын жеткізді. Барлық құ­жаты дұрыс әрі толық кез келген бизнесмен кеденге келіп, рәсім­деліп, еркін өтіп кете алатын көрінеді. 

Күрес электронды майданда өрістеді

Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Үкімет жемқорлық­қа себеп болатын факторларды жою­ға күш салуда. Мысалы, Qoldau цифрлық платформасы аясында 2023 жылғы 26 сәуірде CarGoAlem электронды сервисі іске қосылды. Осының арқасында қазақстандық тасымалдаушылар, трейдерлер Қытай аумағына өту үшін қажетті «рұқсатнаманың шетелдік бланкін» дәл шекараны кесіп өту кезінде ала алатын бо­лады. Тасымалдаушылар «дозвол» атап кеткен осы рұқсатнама құ­жатын енді өткізу пунктінде CarGoAlem арқылы «онлайн» рә­сімдеуге мүмкіндік туды. 

Бұған қоса, Qoldau тұғыр­на­масында CarGoRuqsat сервисі де ел игілігіне тапсырылды: ол ар­қылы тасымалдаушылар көлігінің кедендегі электронды кезегін бе­кіте алады. Осылайша, қос сервис сыртқы экономикалық қызметке қатысатын кәсіпкерлер қаржысын да, уақыт ресурсын да үнемдейтін болады.

Бұрынғы тәжірибе бойынша «дозвол» бланктерін компаниялар алдын ала алуы тиіс еді. Содан әлдебір заңды тұлғалар рұқсат­наманың басым бөлігін өзара «ханталапайға» салып, бөлісіп алатын. Олардан түк қалмауы мүм­кін екенін түсінетін өзге тасы­малдаушылар да мұндай блан­кі­лерді басы артық, үлкен «запаспен» алуға тырысатын. Соңынан оның біразын пайдаланбай, бланкіге зәру болып, таппай отырған әріп­тестеріне сататын. Соның кесі­рінен бұл рұқсатнама да жемқор­лықтың құралына айналып кетті.

Сонымен бірге бланк тез тау­сылып қалып, шың еліне өнімін өткізетін отандық өндірушілер зардап шекті, экспорт құлдырады. Рұқсатнама болмаған соң тауар­лары тиелген жүк көліктері соны күтіп, кеден жанында кептеліс туғызып, қаңтарылып тұратын. 

Жаңа тәртіп пен тәжірибе бо­йынша бланк күнібұрын емес, жүк кеденге келіп жеткенде және CarGoRuqsat электронды кезегіне тұрғанда ғана рәсімделеді. Яғни, тек шекараны кесіп өтуге шын мұқтаж көліктерге беріледі. Тасы­малдаушылардың айтуынша, бастапқы кезде бұл жаңа тәртіп те кептеліс туғызған. Бірақ Мемле­кеттік кірістер комитеті жүйедегі кемшіліктерді түзетуге тырысуда. Жүк тасушы шекараны кесіп өту мақсатында электронды кезекті брондағанда комитет сол өтінім иесінің деректеріне онлайн ре­жимде форматты-логикалық ба­қылау жүргізеді. Тиісінше, кеден­шінің жұмысы жеңілдейді, ке­ден­дік бақылау тым ұзаққа созыл­ма­уы тиіс. 

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті мен Қаржы ми­нистрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «рұқсатнаманың шет­елдік бланкін» кеденде онлайн рәсімдеу бойынша бірлескен жо­басын әзірге тек «пилоттық ре­жим­де» және Қытай бағытында ғана іске қосып отыр. Сынақ 2024 жылғы 15 наурызға дейін жал­ғасады. Ол Жетісу облысындағы «Достық-авто» және «Нұр Жолы», Алматы облысындағы «Көлжат», Абай облысындағы «Бақты» және ШҚО-дағы «Майқапшағай» өткізу пункттерінде жүзеге асырылады. 

Кедендегі жемқорлықты жою­дың «мультипликативті эффекті» үлкен және ол күннің шуағындай барлық дерлік салаға тарайды. Соның арқасында қазақстандық тасымалдаушылардың, кәсіп­кер­лердің басы артық шығындары жойылады, оларға тауарларын ел ішінде арзандатуға мүмкіндік беріледі. Ал отандық өндірушілер өз өнімін шетелге кедергісіз, кө­бірек экспорттай алады. Осы кү­рестің нәтижесінде Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуеті де артады, эко­номика дамиды. Ендеше мем­ле­кет коррупциямен күресті орта жолдан қайыра салмай, оған қуат­ты қарқын бергені абзал.

Елдос СЕНБАЙ