Құпия құлыпқа таңылған кейіпкер кім?
Алайда бүгінде қос ғашықтың тағдыры мен тарихи болмысына қатысты байламнан гөрі болжам көп. Тіпті, Айша бибінің өмірде болғанына күмәнмен қарайтын тарихшылар да бар. Сонда Айша бибі аңыздан аражігі ажыратылмаған кейіпкер ғана ма? Әлде, құпиясы құлыпқа таңылған тарихи тұлға ма?
Әңгіменің әлқиссасын, есте жоқ ескі заманнан жеткен аңыздан бастасақ, сонау орта ғасырларда елі мен жерін жаудан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр қас жауының қызына ғашық болып қалады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң Қарахан сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады.
Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқан ат үстінен шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындаған сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады.
Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі сәукелесін кие бергенде оны жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды.
Бейкүнә екі жастың отбасылық бақыты небары бірнеше минутқа созылады. Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал бұл жер «Әулие ата» деп аталып кеткен.
Бұл – бабадан балаға мұра болып қалған аңыздың бірі. Енді бір аңызда Қарахан батыр жаумен шайқаста жараланып, Айша бибі сүйгенін көру үшін жолға шыққаны айтылады. Міне, осы сапарда Айшаны жылан шағып, қас сұлу мерт болады. Айшаның ажалын естіген Қарахан сүйгеніне дереу жетіп, сол маңнан мазар тұрғызады. Ал өзі өмірдің соңына дейін ел аралап, әулие атанып кетеді.
Екі аңызда да қос ғашықтың қосылмағаны айтылған. Айша сұлуды жылан шаққаны бейнеленеді. Қарахан мен Айша бибі махаббатына ақиқаттан алыс аңыз ретінде қарайын десең, Тараз қаласынан 18 шақырым жерде Айша бибі кесенесі бар. Сондай-ақ Қарахан кесенесі де бой көтерген. Осыған қарап қос ғашық өмірде болғанына, олардың шексіз махаббаттарына сенуге болатын секілді. Алайда орта ғасыр тарихын зерттеп жүрген, өңірге белгілі тарихшы Асылжан Шайділдаев Қарахан мен Айша бибіге қатысты жуырда тың ақпарат айтып, терең ойға қалдырды. Оның пайымдауынша, Қарахан мен Айша бибі бір ғасырда өмір сүрмеген кейіпкерлер екен.
– Қарахан дәуірін зерттеп жүргеніме біраз жыл болды. Жамбыл жеріндегі Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері – сол заманның архитектуралық мұралары. Айша мен Қарахан бабаны бізге жеткен аңыздар бір-бірінен ажыратпай, біріктіріп келді. Алайда қазір Айша мен Қараханның махаббатқа негізделген іңкәрлік сезіміне құралған аңызынан басқа ештеңе білмейміз. Олар кімдер? Қай ғасырда өмір сүрген? Осы сауал талайдың санасын сан саққа жүгіртуде. Тарихи деректерге көз салсақ, Айша бибінің туған әкесі Сүлеймен Бақырғани, ал Зеңгі баба өгей әкесі екендігі айтылады. Анасы Әнбар бегім Қара Боғраханның қызы делінеді. Қарап отырсаңыз, Айша қыз – текті ақсүйек тұқымынан шыққан. Ал енді Айша бибінің әкесі туралы деректер не дейді? Менің қолымда қазір Мәулана Әли ибн Құсайынның 1503 жылы жазған орта ғасырдағы барлық әулие-ғұламалар жинақталған «Рашахат айн әл-Хаят» атты кітабы бар. Осы еңбекте Сүлеймен Бақырғани Ясауидың шәкірті болғаны туралы тың деректер айтылады. Бірақ осы кітапта екі Сүлейменнің бар екендігі жазылған. Бірі – Сүлеймен ата, екіншісі – Хакім ата. Екеуі де Ахмет Ясауидың шәкірттері. Ал біз Хакім атаны Бақырғанидың өзі деп жүрміз. Сол Бақырғанидың жары Әнбар бибі куйеуі өлген соң шәкірті Занки атаның тигені айтылады. Бірақ екеуінің ешқандай баласы, қызы туралы мүлдем мәлімет берілмейді. Қайта Арыстан бабтың шөбересі Занки атаның ұл-қыздары болғанын жазады. Осы кітапта тағы да екі Зеңгі ата болғаны жөнінде айтылуы да көп жайтты өзгертері рас. «Занки ата Зеңгі бабадан басқа кісі» деген түсіндірмесіне қарап, негізгі Зеңгі баба кім болды екен деген сұрақ тағы да көкейде қалып қояды. Сосын марқұм Бақтияр Әбілдаұлы Айша бибінің 1185 жылы дүниеге келгені, әкесі Бақырғанидың 1186 жылы дүние салғанын алға тартады. Ал өгей әкесі Зеңгі бабаның 1258 жылы қайтыс болғанын жазады. Осы аталған деректерге қарап отырсаңыз, Айша туралы айтылып жүрген аңыз-әңгімелердің өзегі мүлдем басқа адамға арналған ба деген ой келеді, – дейді тарихшы.
Асылжан Қасымбекұлы осы тұста тағы бір тың деректерді алға тартып отыр.
– Аңызда ең ерекше назар аударатыны – Айша бибі ғашығы Қараханға жолға шығарда оған өгей әкесі Зеңгі бабаның теріс батасын беруі. Біріншіден, Айшаның анасы – Қара Боғраханның қызы. Екіншіден, Айшаның әкесі – ғұлама, данышпан, Зеңгінің ұстазы Сүлеймен Бақырғани. Үшіншіден, Айша Зеңгінің туған қызы емес. Сонда Зеңгі баба қалайша оған, яғни ақсүйек текті адамның қызына теріс батасын бере алады? Ол қаншама ғұлама болса да оның басын сол жерде-ақ шауып тастар еді. Ханның қызы бола тұра анасы осыған жол бере ала ма? Әрине, жоқ!
Енді Айша бибінің ғашығы делініп жүрген Қараханға келейік. Қарахан әулие 1070 жылдары өмірден өткен Шах Махмұд Боғрахан екені белгілі. Оны әйелі у беріп өлтіргені, оның ешқандай әулие емес екені ортағасырлық Ибн әл-Асирдің «Толық жинақ» деген еңбегінде тәптіштеп тұрып жазылған. Айша 1185 жылы туса, сонда екі ғашықтың арасында бақандай 150 жылдық уақыт жатқан жоқ па? Бұл қалай Айшаның ғашығы болады? Бұл да ақылға сыймайтын дүние. Менің қолымда дәл қазір мыңнан аса ортағасырлық араб-парсы жазбалары тұр. Олардың ешқайсысында Айша бибі мен Қарахан бабаның басына тұрғызылған кесене туралы бірауыз айтылмайды. Тараз қаласында қызмет атқарған ғалым Жамал Қаршы да бұл кесенелер туралы ештеңе айтпайды. Неге? Тіптен Тараз тарихын жақсы білетін Мұхамед Хайдар Дулатида да бір ауыз сөз жоқ. Егер бұлар сол дәуірге тән мұра болса, сол тұстың тарихшылары да бірнәрсе жазып қалдырар еді ғой, – дейді А.Шайділдаев.
Тарихшының «Айша бибі кім болуы мүмкін?» деген сауалға да өзіндік болжамы бар.
– Тарихи деректерге қарап, бізге жеткен аңыз Қарахан мен Айша бибіге арналмаған деген болжам жасауға болады. Бұл мүлде басқа Айша қыз жайлы аңыз секілді. Мәселен, өңірде ғашықтар жырына ұласқан Айгерім-Қайду хан, Айша-Тоқтамыс хан аңыздары бар. Айша бибі аңызы осылардың біреуіне арналып, уақыт өте келе ол ұмытылып, өзгертілген нұсқада бізге жеткен сияқты.
Қайду хан – атақты Шыңғысханның шөбересі. Ол – 1261 жылы өз мемлекетін құрып, Тараз қаласында таққа отырып, 40 жыл ел билеген тарихи тұлға. Тараз қаласын жаңадан салдырып, шығыстық үлгіде гүлдендірген патша десек болады. Қайду хан билігінен бастап Тараз «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атауға ие болды. 1269 жылы Талас өзенінің жағасында бүкіл моңғолтектілердің басын қосып, Ұлы Талас құрылтайын шақырған хан еді. Осы құрылтайдың негізінде Қайду ханның мемлекеттік шекарасы белгіленіп, Моғолстан мемлекетінің күшею дәуірі басталды. Қайду хан өте ақылды, білімді, ғалымдарды жақсы көрген көреген басшы бола білген. Оның қарамағында атақты ортағасырлық ғұлама, жазушы Жамал қаршы қызмет еткен. Қайду ханның Айгерім есімді сұлу да сымбатты қызы болады. Ол әкесі Қайду ханға ғашық болып, өле-өлгенше әкесіне деген іңкәр сезіммен өтеді. Осы әңгіме ел ішінде үлкен аңызға айналып, халық арасында ауыздан-ауызға тараған-ды. Бұл деректер Рашид ад-Динның «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінде бар. Қызының өзіне ғашық болғанына және ел ішіндегі гу-гу әңгімеге намыстанған Қайду хан Айгерімді бір сардарына қосып, оған өзіне ғашық болмайтындай теріс батасын бергені айтылады. Осы бір жерлеріне қарасаңыз, Айша бибі аңызына ұқсап кететіні бар.
Айша-Тоқтамыс аңызы болса, Астанадағы ұлттық музейдің сирек кітаптар қорында француз тілінде жазылған нұсқасында сақтаулы тұр. Оны бір кездері алдыруға талпыныс жасап едік, музей басшылығы рұқсат етпеді. Тоқтамыс ханды неге айтып отырмын? Өйткені Айшаның кейбір аңыздарында оны Қытай ханының қызы, Ақсақ Темірдің балдызы деген де дерек айтылады. Ал Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қолбаласы болып, осы өңірді билегені, кейіннен Темірден көп әскер алып, Алтын Орда тағына отырғаны мәлім. Яғни, ешқайсысының да Тараз өңіріне бөтендігі жоқ. Бір ғана өңірде қаншама махаббат хикаясына толы аңыз-әпсана жатыр. Міне, осы Айша-Тоқтамыс хан аңызы да Айша бибі туралы аңыздың негізі болуы мүмкін. Бұл әрине, әлі көп зерттеуді қажет ететін дүние, – дейді тарихшы.
Асылжан Қасымбекұлы қазір Ташкенттегі мұрағатқа қолы жетпей жатқандығын айтады. Айша бибіге қатысты сонда көп деректер бар көрінеді. Тарихшы қалай да болса сол құнды құжаттарды ақтарып, Айша бибіге қатысты тың деректер табуға ниетті.
«Аңыз түбі – ақиқат» дейді ел даналығы. Сондықтан әрбір аңыздың бір ақиқаты бар екені анық. Ал тарихшы Асылжан Шайділдаевтың келтіріп отырған деректері шынында санаға салмақ салады. Егер тарихшы болжамдарының бірін дәлелдей алса, бұл қазақ тарихына үлкен төңкеріс әкелетіні анық. Ол уақыт еншісіндегі дүние.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы