«Костюм – актердің екінші келбеті, оны одан бөліп қарау мүмкін емес. Әрбір актер өзінің шынайылығымен сахналық келбетті жандандырады» деген екен белгілі режиссер, актер Александр Таиров. Бірақ сол сахналық келбетті жасайтын көркемдік жетекші болса, ойдағыны жүзеге асыратын тігінші.
Фатима Сатыбалдина: Костюм де актердің келбеті
970
оқылды

Күні кеше тігіншіліктен басталған қадам  оны Астана Опера театрындағы тігін цехының жетекшісіне дейін көтерді. Ол – Фатима Сатыбалдина. Театр шымылдығы ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміз өзінің еңбек жолын, бастан кешкен қызықты күндерін, сахнаның тыныс-тіршілігі жайында  сыр шертті. 

Он жылдың ішінде 40-тан аса премьераға киім тігілді

– Астана Опера ашылғалы осында жұ­мыс істеп келесіз. Театрға алғаш келген кү­ніңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Оған дейін Күләш Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында едік. Сол жақтан «Раден»,  «Ұйқыдағы ару» балетіне тігіп жатқан костюмнің бәрін кө­теріп әкелгеніміз бар. Әртістің көбі жаңа театрға ауысып кеткен. Жап-жаңа театрға кіргенімде көкірегім көкке ұшып, тынысым ашылғандай болды. Ішімнен «осындай жерде жұмыс істегелі тұрмын ба?» деп сенер-сенбесімді білмедім. Тігін цехын көргенде қанат біткендей болды. Іші кең, жап-жарық ғимараттың ішінде тігін машинкасы өзі жүріп кететіндей кө­рінді. Сөйтіп, Ғалия Құрманғалиева бас­қаруымен жұмысты бастап кеттік. Астана Опера театры алғашқы спектаклін «Біржан – Сарамен» ашты. Сол кезде түні-күні аяқ­тан тік тұрып, «Аққу көлі» балетінің костюмін тіктік. Өмірдің ғажа­бы, адам жаны қалаған мамандықты тапса, шаршауды білмейді екен. Бар ойымыз – әртістерге киімді ұялмай киіп шығатындай сапалы тігу.

– Осы уақытқа дейін біраз қойылымға киім тіккен боларсыздар...

– Он жылдың ішінде 40-тан аса пре­мьераға киім тігілді. Барлығы – қымбат мата. Шыны керек, біз костюмдер бойын­ша қазақстандық қана емес, шетелдің атақты және үздік суретшілермен де жұмыс істедік. Мысалы, Софья Тасмағам­бетова, Павел Драгунов. Олардың қата­рында опера отаны – Италиядан арнайы шақырылған маман, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино да бар. «Астана Операда» қойылған бірқатар спектакль киімдерінің авторлық құқығы негізінен сол кісіге тиесілі. Сонымен қатар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Пуччинидің «М­адам Баттерфляй», «Богема», Дж.Рос­синидің «Севильдік шаштараз», Дж.Бизенің «Кармен» опералары мен П.Чай­ковскийдің «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Минкустың «Баядерка» және «Дон Ки­хот»,  А.Аданның «Корсар» және «Жизель», Л.Делибтің «Коп­пелия» балеттері, «Қыз Жібек», «Бір­жан сал», «Алпамыс», «Қал­қаман – Ма­мыр»,  «Турандот», «Евгений Онегин» се­кілді үлкен қойылымның бә­ріне киімді біз дайындадық. 

Бір жиынтыққа 5-6 затқа дейін кіреді

– Бір қойылымға костюм тігуге қанша уақыт кетеді? Жалпы, ең көп киімді қай қойылымға тіктіңіздер?

– Біз жылына 5-6 сахналық қойылым­ның киімін даярлаймыз. Оның ішінде үшеуі балет, енді үшеуі опера болуы мүм­кін. Әр қойылымның арасына 2 жа­рым ай ғана беріледі. Осыны көрген франциялық суретші Франка Скуарчапино «біз мұндай пачканы алты айда тігеміз. Өз көзіме өзім сенбеймін, аз уақытта қалай бітіресіздер?» деп таңғалған. Пачка деге­німіз – бір жиынтық. Оның ішінде 5-6 нәрсе кіреді. Жейде, пиджак, кеудеше, галстук, шалбар­дан басталып кете береді. Ең азы – 150-170 адамға тігілген пачка. Ал костюмі көп тігілген қойылым – «Қыз Жібек». Ондағы жиынтық 256 адамға арналды. Қойылымға киімді тігіп болған соң 3-4 күндей дема­лып, келесіге көшеміз. Себебі қыздарымыз жиынтықты бітіруге бір-екі күн қалғанда екінші қойылымның матасын алып, реттеп қоямын. Міне, осындай тынымсыз тіршілік. 

– Күні-түнімен тігіп дайындаған киімді аяқасты қойылым барысында өзгертіп жататын кез бола ма?

– Басымыздан талай қызықты дүние өтті. Әсіресе, балетте жиі кездеседі. Күн­бе-күн дайындықтың арасында бишілер­дің бірі аяғын, не қолын жарақаттап, сах­наға шықпай қалады. Кейде тіпті қою­шы-режиссердің өзі спектакль басталғалы тұрған жерде сахнаға басқа бишіні шы­ғарып жібереді. Ал оның өлшемі мүлдем басқа, сол сәтте костюмді қайта жасап, жан­таласып кетеміз. Осындайда  бізді сақтайтын – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білуіміз.

– Біздің ғана емес, шетелден келген танымал жұлдыздарға да киім тігесіздер. Өнер адамдары кірпияз болып, сіздерге тәкаппарлық танытпай ма?

– Бұрын өзім де әртістер өркөкірек, тәкаппар деп ойлайтынмын. Бірақ қателесіппін. Ішінде жүріп, олардың да көңілге қарайтын, кішіпейіл жандар еке­нін түсіндім. Мысалы, Майра Мұхам­мед­қызы «қыздар, сәл белімді шығарсаңдар, жақсы болар еді» жымиып қана ескертеді. Ал саған жылы сөйлеп, ізеттілік танықан жанға киімді он сөгіп, он рет тігуге де дайынсың. Егер бетіңнен алып, менсінбей тұрған жанға қолың жүрмейді, киім де шықпайды.  

Бақылаушыдан басталған қызмет

– Бүгінде білдей бір Астана Опера театрындағы тігін цехының меңгерушісісіз.  Бұған қалай жеттіңіз?

– Әуелде 4 жылдай «закрощик» болып бастадым. Оған дейін 2 жылдай Күләш Бәйсейітова атындағы театрда жұмыс ат­қар­ғам. Сол кезде Дүйсен Нұркенұлы «қа­зір бәрі демалыста, қыркүйектің 20-сын­да келеді. Сол уақытқа кел, бірақ сені тігін цехына ала алмаймын. Бақылау­шы боласың, айлығы аз – 36 мың теңге» деді. Бар ойым – мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып алу. Қырсық қыл­ғанда құжатты тапсырып, жұмысқа кірге­нім­де бағдарламаны жауып тастады. Сөй­тіп, баспанасыз қалдым. Бірақ оған өкін­бедім. Себебі бала кезімде әкем (Нұрма­ханбет Сатыбалдыұлы – Қазақ­станға еңбегі сіңген ұстаз) Түлкібас ауданы Мақталы су селосында «Мақталы халық театрының» ашылуына бірден-бір себеп­кер болып, кірпішін қалас­қан. Соған қарап, әкем менің осындай жерде істе­генімді қалаған ғой деген ой ойымнан кетпеді. Театрға сондықтан орналасқым келді. Алайда Астанаға көшіп келген жылы Қазақ драма театрында орын болмады. Газеттен «Комодо» деген ательеге  тігінші іздеп жатқанын көріп, соған бардым. Сол кезде  тігіншілік маңдайыма жазылған-ау деп түйдім. Кейіннен жалақым да, қыз­ме­тім де өскен. Дегенмен тапқан-таянғаным пәтерақыға кетіп жатты. Ал театрға орна­ласса, мемлекеттік бағдар­лама­ға іліге алатынын естідім. Бірақ ойым жүзеге аспағанға еш өкінбедім. Керісінше, әкем­нің аманатына қиянат жасамағаныма қуандым. Таңертең 6-да тұрып, жиенімді қарау үшін қызыма барамын. Театрдағы жұмысым түстен кейін басталады. Ал түнде тапсырыстарды бітіремін. Кейіннен тігін цехында орын шығып, ауысқаным бар.  

– Киімді тігуге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

 – Өзіміз 13 ағайындымыз, мен – алтыншысымын. Балалардың ішіндегі еті тірісі, шапшаңы едім. Нағашы ата-әжемнің балалары өсіп-өніп, қалаға кеткен. Оларға қарайласып, жұмсауына жарайды деп мені жіберді. Оған қоса, нағашы атам бас бухгалтер болатын. Маған деп үйге анау-мынау зат алып қоятынын білесің. «Ата-әжемнің баласы боламын» деп 2-сыныпта кетіп қалғаным бар. Негізі, бәріміз Луговойда бір көшеде тұрдық. Арамызды 5-6 үй ғана бөліп тұратын. 

Нағашы ата-әжем етек-жеңі жабық, ұзын киім кигенді ұнатты. Менің де солай киінгенімді дұрыс көрді. «Шешеңе көйлек тіктіріп әкел» деп 2-3 метр мата беретін. Анам да тізеден төмен, жеңі ұзын етіп көйлекті тігіп береді. Ал оны үйге әкеле сап қидалап, қысқартып, жеңіне валан салып, өзіме ұнағандай жасап аламын. Оның үстіне, қалада оқитын нағашы ағам ауылға келген сайын маған пластинка әкеп беретін. Соны тыңдап өстім. Артынан сол әндерді орындаған әншілерді теле­дидардан көріп, олардың киіміне қызы­ғамын. Сөйтіп, көйлекті өзгертіп ала­тынмын. Кешкісін аулада жұмыс істеп жүргенде нағашы атам көйлегімді байқап қалады. «Шолтитып не кигізіп қойғансың, матаны үлкен етіп бермейсің бе, ұзындау көйлек неге кигізбегенсің?» деп әжеме сөйлейді. Әжем болса ақталып, артынан «қып-қысқа етіп тігіп бергенің не?» деп анама ұрсады. Ал көйлекті өзім өзгертіп алатынымды ешкім білмей қалатын. Осының бәрін 5-6-сынып оқып жүргенде істеген едім. 

Тігіншілік – қанмен келетін қасиет

– Тігін тігуді қай кезден үйрендіңіз? Тігінші боламын деп ойладыңыз ба?

– Тігіншілік қанмен келген қасиет десе болады. Себебі тігіншілік әкемнің де, шешемнің де қолынан келеді. Солардың арқасында киімнен кенде болмадық. Тіпті, әкем «аяқтарың терлемейді» деп, жапон­дардікі секілді табанын ағаштан ойып, қайыстан аяқкиім тігіп беретін. Негізі, әкем өте балажан адам еді. Мамандығы – қазақ тілі және әдебиет мұғалімі. 

6 -сы­нып оқып жүргенімде қызғалдақ биін билейтін болдық. Әрқайсысы қызыл, сары мата алып алған, бірақ көйлек жоқ. Енді не істейміз деп тұрғанда, әкем әп-сәтте көйлек тігіп бергені бар. Өзі мектеп дирек­торы болса да, мектепте өтетін шараның бәріне атсалысып жүретін. 

Бір кездері әкем мені Қызылордадағы музыкалық училищеге апармақ болған. Балалықпен бармадым. Тіпті, 7-сыныпта жіберген Шымкенттегі интернаттан бір жыл оқып, қайтып келдім. Өйткені біз интернаттан шықпаймыз, сабақтан боса­майтын едік. Содан ауылда қалғым келді. «Іздегенге – сұраған» демекші, аяқ­асты соқырішек болып қалдым. Операция­дан кейін «әр сабақты әр қабатқа жүгіріп жүріп оқимыз. Төрт қабатты ғимаратқа кешке дейін мың кіріп, мың шығамыз. Отадан кейін тігісі ашылып кетпей ме?» деп әжем­ді айналдырдым. Сөйтіп, әжем мені жібер­мей алып қалды. Ауылдағы мектебіміз он жылдық емес, сегіз жылдық болғандықтан, Киров кол­хозына барып оқыдық. Бес шақырымдай жер жаяулатып, кейде автобуспен барамыз. Топырлап жүргенді қызық көрдік. Кейін оқуға түсе алмай қалғанда әкемнің ақылын тыңдауым керек еді деп өкіндім. 

– Сонымен, оқуға тапсырмадыңыз ба?

– Табиғатымнан айтқанымнан қайт­пайтын бірбеткей адаммын. Біреудің айтқанына да құлақ аспаймын. Ағамның «оқуды не қыласың, тұрмысқа шық» дегеніне көнбедім. Бар арманым – оқуға түсу. Бастапқыда әжем «мұғалім бол» деген соң екі жыл педагогикалық институтқа тапсырып, түсе алмадым. Артынан «Вос­ход» фабрикасына жұмысқа тұрып, 4 жыл­дай істеп, цех басқарушысы болдым. Сол кезде жеңгем «Восходтың» учили­щесіне барсаңшы, тігіншілерді дайын­дайды. Қолыңнан тігін келеді ғой» деген соң соған тапсырып, оқуға түсіп кеттім. Диплом жұ­мысымды орысша жазсам да, қазақша қор­ғадым. Ал үшінші курста павлодарлық жігітпен танысып, тұрмысқа шықтым. Қол­ға диплом тиген соң Павлодарға көш­тік. Тұрмыстық комбинатта  біраз жұмыс істедім. Артынан Астанаға көшіп кеттік. 

Қазір екі қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым өзіммен бірге осы театрда істейді, маман. Екіншісі  «Шабытты» бітіріп, Президент оркестрінде жұмыс істейді. Ұлым бағдарламашы, қазір өз кәсібімен айналысады. Аллаға мың алғыс, немере сүйіп отырған жайымыз бар. 

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

 Анар ҚОНЫС