Әділдікті көксеген әлеуметке зәруміз

Адам құнының бір парасы – намыс. Жеке бастың намысы бар да, одан құралатын ұлттық намыс бар. Қазақ халқы қандай да бір ұлт болып ұйысуға келгенде «Намысың келе ме, келмей ме?» деп әлеуметтің бетін әділдік жаққа бұратын, қайрақтай қайрайтын қанатты сөздің қаhары ағзаға қан ойнатқан тұста тез түсінген.

Қазіргі саяси өзгерістер дәуірінде де біздің қоғам, өзіміз өмір сүріп отырған ор­тада ұлттық намыс пен елдік мүддені жо­ғары қоятын тегеурінді адамдарға зәру еке­нін жасыруға болмайды. Қазір деп, бұл күн­дері деп бөле-жара айтудың астарында Қа­зақстанның саяси өміріндегі мем­ле­кеттік, елдік және қоғамдық өзгерістер мен жаңғыртуды іске асыру міндеті тұр. Рас, тып-тыныш өмірді жалаң ұранмен, құр­ғақ сөзбен орната алмайсың. Осы тұр­ғыда ортақ мүддемен үздіксіз орайласатын ора­сан күш-жігер қажет. Үкімет тара­пы­нан үлкен өзгерістер күтіп жүрген адамдар жақ­сылық пен нәсіпті жеке басынан көр­гісі келетіні анық. 

Ескі жүйенің озбыр топтарын тәртіпке ша­қырып, заңсыз тапқан ағыл-тегіл бай­лығы мен шаш-етек дүниелерін құқықтық не­гізде кері қайтарып жатқанын ел естіп-бі­ліп отыр. Әрі әділдіктің салтанат құр­ға­ны­на риза кейіп байқалады. 

Сонымен, Жаңа Қазақстан дегенде адам­дар нені айтады? Жаны сірі екен, мем­лекеттік қазынаға қол салған жем­қор­лар мен қорқаулардан қалай құтылсақ екен деп алаңдайды. «Мұндай масқара­лық­қа жол бергендерді аяусыз жазалау ке­рек» дейді бір тобы. Тамыр-таныстық­пен, жерлестік, рушылдықпен кадр та­ғайын­даудың тыйылғанын қалайтындар да табылады. «Айла-шарғысы мол белгілі бір сыбайлас адамдардың әлі де өңірлерде би­лікке жақын жүргені қалай?» деп ша­мыр­қанып жатады. «Қызмет орындары әлі де сатылады» деген алыпқашпа сөзді ес­тіг­енде, шынымен де сенер, сенбесіңді біл­мейсің. 

Кадрдың қадірін қашырған жағ­дай­лар­ға көз жұма қарайтындардың бар екені де айтылып жүрген нәрсе. Мемлекет бас­шы­лығы мен құқық қорғау органдарының на­зарын әрбір мәселеде мемлекеттік ба­қылау мен қадағалауды қатайта түсуге ау­дар­туды сұрайтындар жетіп артылады. Бұл орайда идеологиялық тәрбие жұмы­сын жандандыратын пәрменді тетік ке­рек­тігін тілге тиек ететіндер де бар. Қо­ғам­дық пікір туғызып, шындықты қас­қайып айтатын, адал тұлғалардың мектебі де ұсақталып бара жатқандай. Аймақтағы өзек­ті мәселеде әкімге ісінің дұрыс-бұрыс­тығын ашық айтатын позициясы мен принципі мықты, беделді тұлғаларды өсіріп, қалыптастыра алдық па?

Идея иірімдері мен идеологиялық жаңа­шылдықтың иінін қандырып, иісі қазақ, барша отандас ағайындардың жү­ре­гін толқытып, көзін ашатын мәселені ал­ға тартады. Екіншіден, алуан түрлі қо­ғам­дық пікір мен ойлы көзқарастарды то­­ғыс­тыратын, иіні қанған, ұйымшылдық­пен қолға алынатын тәрбие, насихаттау жұмыстарына деген сұраныс пен талап, әсіресе қарапайым адамдар арасында жиі-жиі қозғалуда. Бұл бұқаралық мәселеде ол­қылықтар аз емес секілді. Өйткені жер­гілікті атқару органдарында, әкімдіктерде ат­қарылып жатқан идеологиялық жұ­мыс­тардың әсері қатты сезіле бермейді. Әсі­ре­се, жастармен қоян-қолтық араласып, со­ларды қоғам белсендісі және еңбек­сүйгіш талантына жол ашу, көмектесу ерекше маңызды. Өзге әлеуметтік топтар санатындағы адамдарға да мемлекет пен қо­ғамдық ұйымдардың ықпалды жана­шырлығы қажет. Көп жағдайда өңірлерде нақты істен гөрі жалаулатып өте шығатын науқаншылық басым, жиналысқұмарлық жап­пай етек ала бастады. Жер-жерде әкім­дердің астына көпшік қойып есір­те­тін көкезулік, ескі жүйеден бері қалмай ке­ле жатқан дерт – лауазымды әкімдерді ке­­шегі биліктің қызығын көрген кісі­лер­дің жерлестік әлепетімен ұялмай-қызар­май асыра әспеттеу бой көрсетіп жатады. Мұны кішіпейілдікпен артық санайтын оқа­лы мырзалар жоқ. Ескі сарынмен сар­натып өмір сүріп жатыр. Қаңтар оқи­ғ­а­сы­нан қажетті тағлым, тәлімді сабақ алмаған сияқ­ты. Өзінің қадірін өздері қашырып отыр­ған құбылысқа мәз. Бұл жақсы емес, та­лапқа сай емес қылық.

Бір жарым жылдан бері Әділетті Қа­зақ­стан құруға қаншама тың, жаңа батыл қа­дамдар жасалып жатқан жоқ па? Жүк­телген жауапкершіліктің тарихи маңызы ай­тылған жоқ па? Халықтың қолдауымен қо­ғамдық ой-санаға дүмпу туғызған ашық­тық, ірі саяси реформаларды сәтті жү­зеге асыру ең бірінші кезектегі міндет­тері емес пе?

Қалың бұқара алдында даналарымыз бен ардақты ағаларымыздың айтқан бір ауыз адал сөзі мыңның жүрегіне сәуле тү­­­сіреді. Үміт пен ұмтылысқа қуат береді. Ақ баталы елдің дәстүрінде, салт-сана­сын­да тәрбиелі ұрпақтар үлкендерге қа­рап үйре­неді.

«Жақсының жақсылығын айт!» дейді ха­лық.

Алайда сонымен бірге кейінгі тол­қын­ға теріс әсерін тигізетін жағымсыз құбы­лыс­тар да жоқ емес. Кешегі дәуірдің ке­лең­сіз көріністері көлбеңдейді. Ар-намы­сы мен қадір-қасиетін жоғалтып алғандай.

Мемлекет басшысының алға қойған ір­гелі де зор міндеттерін терең жауап­кер­ші­лікпен түсініп, халықтың әл-ауқатын жақ­сартуда алғырлық, жаңашылдық, таза адал­дықпен, ішкі мәдениеті жоғары бел­сен­ділікпен, биік парасатпен қызмет ету – күткен өзгерістер мен берекенің бас­тауы. Жұртқа сырттай болса да сыйлы тұл­ғалық деңгейде көрініп жатса, қане. Өзі­не жүктелген әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық міндеттерді мінсіз, дұрыстап атқара ал­май жүрген әкімдер мен басшы ше­неу­ніктердің бағасын сол өңірдегі саналы жұрт­шылық әділ бере алады.

Осы орайда барлық деңгейдегі әкім­дердің тұрғындармен есептік кездесулерін формалды өткізуіне жол бермеуі керек. Ал­дын ала дайындалған сұрақтар мен жауап­тардың таптаурын сценарийімен өте­тін есептік кездесуден гөрі басты-бас­ты өзекті мәселені шешуді жария ету қа­жет. Әр ауыл, ауданның, қиян түкпірдегі ел­дімекеннің көкейкесті шаруаларын са­ралайтын жинақты сол жердің тұр­ғын­дарына сәл ертерек таратса, мұндай кез­десу әлдеқайда нәтижелі болар еді.

Сонда барлық адамның ортақ мәсе­ле­дегі ой-пікірі еленеді, ешкімнің абырой-бе­­деліне көлеңке түспейді. Адамның қа­ді­рі қашпайды.

Біз әділетті қоғам, әділетті экономика және әділетті мемлекет құрудың мәнісін ке­лешек ұрпақтың бақытты өмір сүруі мен заң үстемдігі түбегейлі орнатылған мем­ле­кеттің өркениетті дамуынан іздейміз. Се­нім мен үміт оты жанып, өшпес із қал­дыратын, бекемдікті нығайтатын осы мақ­сат емес пе? Жаңа Қазақстанға, оның мем­лекеттік қат-қабат үлкен өзгерістерді жү­зеге асыратын кезеңінде әділдікті түбе­гейлі жақтайтын және оған үлес қосатын әлеуметтің күш-қуаты керек. 

Қоғамды демократияландырудың дің­гегі де саяси жаңару мен жаңғыртуға ті­ке­лей байланысты. Сондықтан күшті билік­ке де жағымпаз, жалпақшешейлік, ек­жүз­ді­лікке ыңғайлы біреулер емес, елдің сө­зін айтатын, айдай анық адалдығымен қо­ғам­ға танымал, мәдениетті, пікірі өтім­ді, ха­­лықшыл тұлғалар керек деп ойлаймыз. 

Қолдары таза, былғанбаған, жүрегі ыс­тық және таза жандар ғана ел-жұртына бар­ды бар, жоқты жоқ деп айтата алатын жө­німен ықпалды және саясат көшінде де сенімді тірек болмақ. Бұл қай тұрғыдан бол­масын, ерекше назар аударуға тұрар­лық мәселе. Ел ішінде ұлтымызды асыл мұратқа ұйыстыра білетін, ұрпағына үлгі, қа­ра басын күйттейтін емес, қоғам сый­лай­тын жаңа қайраткерлер бар ма, жоқ па, әлде кейінгі толқын көзге түспей келе ме? деген сауалдар төңірегінде ойланатын жағдай. Қырық құбылған, аумалы-төкпелі уақытта жаңа тұлғалардың жарқырап шығуы шарт. Десек те, олардың қалың шо­ғыры әлі де жетілуде. Бұл орайда қо­ғам­мен бірге жаңа заманда ұрпақтардың ал­масуы да өмір заңдылығы екенін мойын­дауымыз керек. Аға ұрпақтар бол­маса, олар қайдан шығады? Әлбетте, ұр­пақтар сабақтастығын сақтауда кіршіксіз сенім мен таза пейіл көрініс табуы тиіс. Дәл осы жағы да кейде талас тудырып жа­тады. Сол себепті ел тарихында айтулы, ар­да туған қайраткерлердің өшпейтін қа­нат­ты сөзі мен өткір, өміршең ой-тол­ға­ныс­тарына және ірі азаматтық, батыл ісі­не тамсанумен келеміз. Заң үстемдігі ор­найтын заманға сол бір ел есінде сақ­талған көрнекті адамдар сияқты көшелі кі­сілер көптеп керек еді деп армандаймыз. Ақ­парат құралдары мен әлеуметтік желіге қараңызшы, көпшілік кешегі зиялы да адуынды марғасқалардың артынан ілес­кен, айшықты, жоғалмайтын ізін басқан, ақылды, аузы дуалы мемлекетшіл қайрат­кер­лер мен саясаткерлерді аңсаумен жа­бы­ла іздейді және дәл қазіргі кезеңде көр­гісі келеді.

Түйіні сол, өркениетті, дамыған қо­ғам­­да әлеуметшіл және жауапкершілік қа­­­­сиеттер аса бағалы саналады, сондықтан да нендей мәселеде болмасын, әсіресе қо­ғамды түбегейлі саяси жаңғырту кезінде әр адамның қадірінің қашпауы – тұтас ел­дік, ұлттық сана мен намысқа, еңбек құн­дылықтарына, жеке азаматтық құрмет пен шынайы сенімге тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері