Біздің Ғани

Менде есім-сойы кеңінен мәшһүр ме­­ценат-дәрігер Ғани Смаханұлы туралы соң­ғы екі-үш жылда бір­қа­тар та­ным­ды мағлұматтар жинақ­та­лып қалды. Газет-журнал бет­­­­теріне үңілсек, бұл азамат жайлы жазушы, ғалымдардың таңданыспен пікір білдіргенін жиі байқаймыз. Осы уақытқа дейін оның мыңнан аса кітаптың шығуына демеуші болғанының өзі жағымды құбылыс, сөз жоқ, таңданарлық іс!

Анығы, екеуіміз ағайын-туыс емеспіз, ата­лары туралы нақты дерек менде жоқ. Қыз­мет бабымен арагідік Алматыға соқ­қан­да ұзақ әңгімелесіп, кең сұрастыруға ың­ғайым да келмепті. Білетінім, тарихы ықы­лым замандарға кеткен қасиетті Оты­рар қаласы маңында туып-өс­кені жөнінде айт­қаны ғана есімде. «Кітап шығарсаңыз, көмегім дайын» деп өзі мені іздеп келген жағ­­дайына таңғалғаным да бар. Қымбат­шы­лық жайлап, қаражат қысқан бүгінгідей аласапыран кезеңде «Жазғаныңыз болса шығарып берейін» деп келгенде аңтарылып қалған сәтім де болды. 

Кітап шығару ісіне мұншама жан-тә­ні­мен беріле еңбектенгені қанына біткен қа­сиет деп ұқтым. Бұл бекер еместігіне де кө­зім жетті. Ата­лары рухани дүниені қадір­леп, ұрпағының бойына көркем мінез ұя­лат­қанын терең түсіндім. 

Ғани Смаханұлының газет беттерінде жа­рияланған сұхбаттарын іздей бастадым, кі­тап шығару ісіне құлшына кірісуінің сы­рын ұғуға тырыстым. Өз әке-шешелері де, нағашылары да қарапайым еңбекпен өсіп, тілімізді, өнерімізді, кітап мәдениетін қадір тұт­қан ортадан шыққан адамдар екен. На­ға­шы атасы Біләл Ысаұлы туралы Ғани: «Кө­зі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Мені оқу-білімге үйретті, дүниетанымымды кеңейт­ті, атбегілік өнерге баулыды. Көкем біз­ді бала кезімізден «Алланың алдында арың­ның, адамның алдында қолыңның таза­лығын сақтай біл» деп тәрбиеледі. Бүкіл ауыл-аймақтың қадірлісі еді. Ол кісі де кітап пен газетті көп оқитын», – деп ақ­жа­рыл­­қап сырын ақтарыпты. 

«Алған бағытым – ұлт руханиятына қыз­мет ету», – дейді Ғани Смаханұлы. Шы­ғарған кітаптарының аталуы мен автор­ларына назар аударып едім, әрқилы, сан са­лалы екен. Мұрағат деректерінің жинақ­тары да, Қазақстанның зиялы адамдарының шығармаларына да қаржылық тұрғыдан қамқорлық көрсеткені көрініп тұр. Ғани Смаханұлы демеушілігімен «Қазақстандағы ашар­шылық. 1921–1923. Құжаттар мен ма­те­риалдар жинағы», «Қазақстан Респуб­ликасы Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл» фотоальбом жинақтары 3000 дана тара­лыммен (Алматы: «Алматы-Болашақ», 2021) жарыққа шыққаны мұқым елге белгілі. Алматыға барғанда меценат қос том қа­лың кітапты қолыма ұстатты. Бұл жинақ қазір Семейдегі ізденуші ғалымдардың қо­лына жетіп, зерттеулеріне жарап отыр. Ол де­меуші болған қазақтың Кеңес зама­нын­дағы тұңғыш кәсіби елшісі, репрессия құр­баны Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған «Нәзір әлемі – Мир Назира Торекулова» құжаттық кітап та, «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кі­таптар да, олардың ішінде Мемлекеттік сый­лықтың лауреаттары – Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, әлемдік деңгей­дегі ғұлама электрохимик ғалымы Абдуали Баешов, әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын Бақытжан Қанапия­нов­тың кітаптары, көпшілікке белгісіз бо­лып келген қазақтың диссиденті Мақмет Құл­мағамбетов туралы жинақ та рухани өмі­рімізді жете тануға аса қажет. 

Ғани Смаханұлы журналист-жазушы, зерт­теуші Болат Жүнісбековтің үш бірдей қа­лың кітабының сапалы шығуына демеу­ші­лік көрсетіпті. Жалпы, оқырман мен әде­биетсүйер қауымға қандай шығар­ма­лар­дың қажет екенін меценат өте жақсы біледі. Кі­тап нарығын терең білетін мықты ме­нед­жер екендігі көрініп тұр. Оның шығарған кітап­тарына назар аударсаңыз: бәрі де ұлт­қа қажет, танымдық дәрежесі жоғары дү­ниелер. 

Ғанидың мамандығы – дәрігер. Ол нау­қастың ғана диагнозын емес, қоғамның да ауруын сезеді. Ал оны қалай емдемек? Руха­ният арқылы. Кітап – жан азығы. Ру­хани тұрғыдан кемел адамның ойы да биік, сөзі де құнарлы, санасы да сау. Зама­ны­мыз­дың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітап­хана» деп бекер айтпаған. 

Өткен ғасырда «кеңес қоғамы әлемдегі оқыр­маны ең көп ел» деп аталды. Қазақ ті­лінде шығатын газет-журналдар мен кі­тап­тардың да таралымы көп болды. Әрине, қа­зір жеңіл-желпі хайп қуған ақпараттың за­маны. Бірақ ойлы дүние, шын мәнінде жа­ныңа керек шексіз терең рухани дүние, мә­дениет, ғылым мен таным – кітапта. Кі­тап әлемінен алыс адамдардың қоғамдық тір­лікте тілі жұтаң, ойы жылмаң. 

Осындайда өзі дәрігер бола тұра Ғани Сма­ханұлының олқы соққан саланы ор­ны­нан тұрғызуға жан-тәнімен кірісіп, халықты «рухани емдеуші» болып жүрген қайрат­кер­лік ісіне таңғаласың әрі қолдайсың. Өйт­кені ол – руханият саласының айрықша жа­нашыры. 

Астанада Еуразия ұлттық университеті жа­нында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы бар. Екінші бір кітап орталығы Отырардың өз топырағында жасалатынына күмән жоқ. Ақиқаты, ол – дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы демеушілігімен шыққан жүз мыңдаған құнды кітаптарды қамтыған кітап орталығы болатынына сенімім зор. Қазірдің өзінде Ғани Смаханұлы демеушілік жасап шығарған кітаптарының саны мыңнан асса (нақты саны да есептеулі), олардың жалпы таралымы 100 миллион данадан асыпты! Ол кітаптарды авторға өзі шығарып береді және тегін таратады! Міне, құндылық! Міне, ұлы қайраткерлік іс! 

Рас, ақпараттық технология дәуірінде кітап оқу мәдениетін қалпына келтіру билеп-төстеген заманда мүмкін еместей көрінер. Бірақ қай заман болса да, кітаптың құндылығы жыл санап арта береді. Ешбір электрондық оқу құралы кітаптың маңыз­дылығын алмастыра алмайды. Ал артефакт ретінде кітаптың құндылығы мүлде салыс­тыруға келмейтін биік дәрежеде! Бұл жағын Ғани Смаханұлыдай рухани тұлға терең түсінеді әрі жақсы біледі. 

Ғани Смаханұлы кітап шығару ісінің ме­ценаты, кітапты насихаттаушы ғана емес. Ол – шығармашылық иелерінің туын­­­­ды­лары туралы да құнды пікір айтып, ой-тол­ғауын жариялайтын публицист. Әр жыл­дар­дағы жазбаларын қарап отырсақ, бұл жайын­да мағлұмат жетерлік. Соңғы жыл­дары жариялаған көлемді мақала, шы­ғар­машылық талдауынан мәдениетіміздің дара тұлғасы Өзбекәлі Жәнібек, ойшыл, жан-жақ­ты жазушы, драматург Дулат Исабеков, са­тирик жазушы Садықбек Адамбеков тура­лы жазбаларын «Ана тілі» газетінен оқып шықтым. Тізбелейтін болсам, Ғани Сма­ханұлының республикалық басы­лым­дарға шыққан маңызды, танымды дү­ние­лерін атап айту парыз. Қаламы да жүйрік Ғ.Смаханұлының оқырманға ой салар, мә­дениет қайраткерлерімізді лайықты дәріптеген туындыларының өзі бір төбе! Ал өзі зерттеп, айналысқан мәселелерге қа­тыс­ты деректер жиғанда баспа ісіне демеу­шілігінен басқа да қайырымдық үлгілерін көрсетіп жүр. Медеу қажы Пұсырманұлы­ның қабірінің басына құлпытас (110 жыл­дан соң) орнатып берген. Қазақтың осы күн­гі Ғанидай атымтай жомартына адам­дар­дың ризашылығы мен берген батасы ұшан-теңіз! 

Рас, қазіргі жастардың бәрі компъютер­де отырады. Ал болашақта кітап оқығандар ком­пьютерде отырғандарды басқарады де­ген тәмсіл бар. Дұрыс сөз, уәжді пікір. Ал Ғани Смаханұлы ұлт руханиятының келе­шегі үшін бүгін қызмет етіп жүр. Ал оның же­місі алдағы уақытта көрінеді. Өйткені Ғ.Смаханұлы шығарған кітаптар санаулы емес, сапалы. Оның еңбегін кімнің кітабын шы­ғарғанынан емес, қандай кітаптар шы­ғарғаны арқылы бағалау керек. Ұлт құн­дылықтары үшін ұтымды іс атқарып жүрген Ғанидың руханият саласындағы жасаған ісі шын мәнінде ғибрат аларлық. Көре алмай­тын­дар емес, оның көрнекті ісін көре ала­тын игі жақсылар ғана бағалай алады. Ол қазір ұлттың антологиясын жасап жүрген ер-азамат. 

Бүгінгідей күрделі заманда халқының ру­хани мәдениетін, қарапайым кітап мә­дениеті арқылы жан аямай дамытып жүрген Ғани Смаханұлының қайраткерлігі келе­шек­те қазіргіден бетер құлпыра, жарқырай түсеріне кәміл сенемін. 

Амантай ИСИН, 

Шәкәрім университетінің 

профессоры