ҚХР бейбіт дамуға оралуы үшін Киев пен Мәскеуді бітістіруге білек сыбана кірісті. Бейжің сондай-ақ Ауғанстанды «Белдеу мен жол» бастамасына қосу жөнінде тәліптермен келісті. Қазақстан болса, Батыс пен Шығыстың қос алыбымен ынтымақтастығын өрістету үстінде.
Бұл ретте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 17-19 мамырдағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары және «Орталық Азия + Қытай» (C+C5) саммитіне қатысуы халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Себебі сарапшылардың байламынша, Астана бүкіл аймақтың көшбасшысы саналады, ал оның Президенті Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы геосаясат пен геоэкономиканың тренд-үрдістерін қалыптастырады.
Басқаны айтпағанның өзінде, егер Қазақстан басшылығының табанының бүрі болмай, тайғанақтай жөнелгенде, яғни Беларусь сияқты ТМД кеңістігіндегі ең ірі соғыста Ресейдің ығына жығылып, дегеніне көніп, қаруымен көмектескенде, еліміз алапат санкциялардың астында қалатын еді. Мұның зардабын бүкіл Орталық Азия (ОА), тіпті Қытай тартатын еді. Себебі ҚХР-дың әлеммен тауар айналымының үлкен бөлігі Қазақстан арқылы өтеді.
Аймақтың жаңа тынысы
Сианьдағы алдағы саммитте ҚХР Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Түрікменстан президенттерін қабылдайды. Бірақ халықаралық ақпарат агенттіктері болашақта бұл құрылтайларға Ауғанстан қосылуы мүмкін деп болжады. Геосаясат және тарихи тамырластық тұрғысынан ауған елі Орталық Азия аймағына жатады.
Осы орайда елдің жаңа билігі Ауғанстанды «Бір белдеу, бір жол» бастамасына енгізу туралы Қытай және Пәкістанмен уағдаластыққа келді. Нақтыласақ, соғыстан көз ашпаған бұл ел белдеу аясында жобаларының жалпы құны 60 миллиард долларға жететін Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізіне қосылады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Билігін тәліптер басып алған Ауғанстан бүгінде БҰҰ мен АҚШ-тың санкциялық қыспағында тұр. Ал мемлекет ретінде даму әрі халқының әл-ауқатын көтеру үшін Ауған елі миллиардтаған инвестицияға зәру. Ол қаржыны белдеудің инфрақұрылымдық жобалары аясында Қытай мен Пәкістан ұсына алады.
Биылғы 6 мамырда ҚХР СІМ басшысы Цинь Ган Исламбадта Пәкістанның Сыртқы істер министрі Билавал Бхутто Зардаримен кездесті. Жүздесуге Ауғанстан СІМ басшысы Амир Хан Муттаки қатысқан. Олар Ауғанстанды қалпына келтіру бағытында бірлесе жұмыс істеу жөнінде келісімге келді. Бейжің Ауғанстанда табиғи ресустарды өндіріп жатыр, тәліптер Қытайдың бұл салаға да инвестицияларын арттыруын қалады. Биылғы қаңтарда ауған Үкіметі шың елінің Xinjiang Central Asia Petroleum and Gas компаниясымен контракт бекітті. Мәміле елдің солтүстігінде, Әмудария өзенінде мұнай өндіруді қарастырады.
Биыл онжылдық белесіне шыққан «Бір белдеу, бір жол» (BRI) бастамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы қыркүйекте Астанада жариялаған болатын. Бүгінде оған төрткүл дүниедегі жалпы саны 4,4 млрд адам тұратын 148 ел кіріп, тиісті құжаттарға қол қойды. Жаңа сауда жолдарын, көлік және экономикалық дәліздерді құрып, оларды заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықтап, сол арқылы тауар айналымды еселеп арттыруды көздейтін бұл концепция Азия, Еуропа, Африка елдері қатарлы Орталық Азияны да қамтиды. Бұл ретте BRI құрлықтық бағыты біздің аймақ арқылы өтеді.
ОА елдері іргедегі ауған жұртының қақтығыс ошағы болуын қойғанын, бейбіт әрі бақуатты ел болғанын қалайды. Демек, ертеңгі саммитте Ауғанстан тақырыбы да талқылауға тамызық болады деп күтілуде.
Жалпы, сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі кезеңде Қытай мен Орталық Азияның қатынастары жаңа дәуірге аяқ басты. Бұрын оған Мәскеу кедергі жасап келген. Енді ол Украинадан оңбай таяқ жеп, байтал түгіл бас қайғы күйге түсті.
Нәтижесінде, 2022 жылдан бері Бейжің барлық орталықазиялық республикалар басшыларымен тұрақты әрі тығыз байланыс түзді. Былтырғы қаңтарда ҚХР лидері ОА елдері президенттерімен онлайн форматта «Орталық Азия + Қытай» саммитін өткізді. Ақпан айында осы көшбасшылардың барлығы Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатын бірге тамашалап, соңынан бейресми сұхбаттасты. Былтыр қыркүйекте барлығы өзбектің Самарқанында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне жиналды. 2023 жылғы мамырда «Орталық Азия + Қытай» саммиті онлайн өтті. Бұлардан бөлек, мемлекет басшылары телефон арқылы сөйлесіп тұрады.
Осыдан-ақ C+C5 форматындағы ынтымақтастық қарқынды өрістеп келе жатқанын аңғаруға болады.
Қытай халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Ю Сяошуанның айтуынша, C+C5 – ҚХР-дың континент орталығын мекен еткен елдермен ынтымақтастығын кеңейту үшін құрылған жаңа тетік. Ол 2020 жылы іске қосылды. Содан бері жиындары онлайн ұйымдастырылды. Енді алғаш рет 6 елдің саммиті 18-19 мамырда жүзбе-жүз, оффлайн өтпек. Саммит үшін Қытайдың солтүстік-батысындағы 3100 жылдық тарихы бар Сианьның таңдалуы бекер емес екен.
«Дәл осы қаланың Орталық Азия арқылы Батысқа өткен байырғы алып керуен жолының бастау нүктесі болғаны дәлелденді. Өткен айда Сианьда ҚХР мен ОА елдерінің сыртқы істер министрлерінің саммиті болды. Сонда мемлекеттер «Белдеу мен жол» (BRI) аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, тасымал жолының қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге уағдаласты. BRI бастамасы Қытай мен орталықазиялық елдерді бұрынғыдан тығыз жақындатты. Оны ұтымды жүзеге асырса, оның бойындағы әрбір елдің табысы артады. Онымен тасылатын өнімдерді ОА елдері де кең тұтынады. Бұл тұрғыдан алғанда алдағы C+C5 саммиті ынтымақтастықты және достықты жаңа деңгейге шығарудың бағдарын түзеді», – деген болжам айтты қытайлық ғалым.
Саммит қарсаңында Сиань – Орталық Азия теміржол маршруты іске қосылды. Сианнан Орталық Азияға жол тартатын теміржолмен аттанған алғашқы жүк пойызына қытайлық 260 электромобиль тиелді. Пойыз Ташкентке дейінгі жолды 12 күнде жүріп өтеді.
Әуелі экономика
Қазақстанды экономикалық ынтымақтастық жайы көбірек қызықтырса керек. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, еліміз мысалы, ҚХР-ға астық экспортын жылына 1 миллион тоннадан асыруға ниетті. Осы мақсатта саммит қарсаңында қазақстандық делегация қытайлық COFCO және CITIC Group компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Министр қытай тарапын Қазақстанның астықтың едәуір қорына ие екеніне және отандық компаниялар экспорт үшін астықтың қажетті көлемі мен сапасын қамтамасыз ете алатынына сендірді. Егер логистикада мәселе туындаса АШМ оларды жедел шешуге көмектесуге дайын. Алашанькоу және Қорғас шекаралас қалаларында тәулігіне 10 мың тоннаға дейін астық жүктерін қабылдай алатын терминалдар бар.
Сондай-ақ Е.Қарашөкеев қазақстандық кәсіпорындар мұздатылған сиыр, қой және шошқа етінің экспортына ҚХР-дың тезірек қайтадан жол ашуын күтіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар отандық зауыттар көршіге салқындатылған ет және балық өнімдері, құс еті, жұмыртқа және басқа да тауар түрлерін жеткізуге кірісуге дайын. Бүгінде АШМ экспортқа жол ашуы үшін отандық ет комбинаттарын аккредиттеу бойынша ҚХР-мен келісуге күш салуда. Әзірге шығыс көрші тек 4 қазақстандық кәсіпорынға тиісті рұқсат берді. Тағы 13 компаниямыз рұқсат алудан үмітті. Негізі, былтырғы 2022 жылы Қазақстанда 1,06 миллион тонна ет өндіріліпті. Экспорттың негізгі үлесі Өзбекстанға, БАӘ мен Кувейтке бағытталды.
Назар аударарлық жайт, Қазақстан мен Қытайдың сауда-саттығының 40 пайыздан астамы Шыңжаңға тиесілі: 2022 жылдың қорытындысында өзара алыс-беріс 382 млн долларды құрады. Енді Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы тауарайналым үш есе артып, 1 млрд долларға жетуі мүмкін. Тиісті келісімге Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ШҰАА ҚКП парткомының хатшысы Ма Синжуйдің кездесуінде қол жеткізілді. Себебі, Шыңжаң бізден көбіне ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Жоғарыда аталған ет, жұмыртқа сияқты өнімдер сыртында, ШҰАА-ға жеткізілетін тауарлар тізіміне бұршақ дақылдары, майлы дақылдардың күнжарасы қосылуы мүмкін.
Бірақ экспорттық әлеуетті арттыру үшін Қытай тарапы өзі енгізген ветеринарлық шектеулерін алып тастауы тиіс. Қазақстан болса, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының сараптамалық миссиясының оң қорытындысын алды. Ендігі жүріс ҚХР тарапында. Демек, министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, экономикалық ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру туралы сөздері шынға айналуы үшін Қытай жағы қазақстандық өнімдерге қойған кедергілерін жойғаны, негізсіз ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарын жұмсартқаны жөн. Тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құруға келісті. Соның аясында барлық басым бағыт бойынша өзара іс-қимыл үйлестіріліп, өзара саудадағы кедергілер алынатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жеке келіссөз жүргізеді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылады.
Сондай-ақ Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен оңаша кездеседі деп жоспарланып отыр.
Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда 2022 жылы 24,1 млрд долларға жетті. Бұл тарихи рекорд саналады. Тауарайналым 2021 жылмен салыстырғанда 34,1 пайызы артты. Яғни, қарқыны ғаламат. Бір ғажабы, қазақ елінің көршісіне сатқаны одан тасығанынан көп: Қазақстаннан шың еліне экспорт бір жылда 34,7 пайызға ұлғайып, 13,2 миллиард доллардан асты. Ал Қытайдан импорт 33,5 пайызға өсіп, 11 млрд долларды құрады.
Елдос СЕНБАЙ