Жайылым жерінің жетіспеушілігі, субсидия алудағы қиындықтар, тексерістің көптігі, бал сатудағы түйткілдер – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер кезігіп отырған мәселе аз емес. Солтүстік­қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік органдардан осы мәсе­лелерді шешіп беруін сұрайды.
Жер дауы азаймай тұр
11,077
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі шаруашылықтардың басшылары өз се­ріктестіктерінің құрамынан құрылтай­шылардың шығып жатқанына алаңдаулы. Кәсіпкерлердің айтуынша, көп жағдайда бұл ретте жоғары дивиденд төлеу туралы уәде беретін арандатушылар кінәлі. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан «Ақселеу» ЖШС осындай проблемаға тап болды. Оның құрамындағы 104 құрыл­тайшының 11-і өз жер учаскелерімен бірге серіктестік құрамынан шығуға ниет біл­діріпті. Бұл – шамамен 1,5 мың га алқап. 

«15 мың гектардан астам алқапқа біз дәнді, майлы, бұршақ және жемшөп да­қылдарын себеміз, мал шаруашылығымен айналысамыз, Ковыльное ауылының ин­фра­құрылымын дамытуға үлес қосып отыр­­мыз. Асхана, наубайхана, монша, фит­нес зал аштық. Үйлердің барлығына су, жартысына жылу қостық. Біз халық үшін жақсы жағдай жасап отырмыз. Бірақ біздің серіктестіктің құрамынан өз жер телім­дерімен бірге шыққысы келетін жекелеген құрылтайшылар бар. Бұл әлеуметтік саланы одан әрі дамытуымызға, халыққа және жұмысшыларға қосымша жеңіл­діктер жасауымызға қауіп төндіреді. Біздің әлеуметтік салаға, техникаға, қайта өңдеу­ге жұмсаған шығынымыз зая кеткелі тұр. Бұдан әрі қарай елді мекенді әлеуметтік жағынан қолдауға біздің жағдайымыз келмейді. Осыған байланысты жауапкер­шілігі шектеулі серіктестік құрамынан шығуға ниет білдірген құрылтайшылар базалық шаруашылықты сақтап қалу үшін өз жерімен емес, ақшалай сыйақымен шығуы керек деген ұсыныс айтқым келеді. 1 гектар жерге қанша қаржы төленетінін Үкімет шешіп, бізді қолдаса екен тілегіміз бар. Басқа қиындықтың барлығын өзіміз шешуге қауқарымыз жетеді», – деді «Ақ­селеу» ЖШС директоры Серік Малаев. 

Кәсіпкер бұл азық-түлік қауіпсіздігіне кәдімгідей қауіп төндіреді деп санайды. 90 жылдардан бастап елдегі ауылдардың жар­тысынан астамы құрып кеткенінен сабақ алу керек дейді. 

Министрлікті де толғандырып отыр

Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл ша­руашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Мең­дібаев атап өткеніндей, бұл мәселе бас­қар­маны ғана емес, Ауыл шаруашылығы министрлігін де толғандырып отыр. 

«Иә, бір кездері Жер кодексінің 170-бабында 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық шартты жер үлестері жар­ғылық капиталға салым ретінде ресімделуі немесе берілуі керек деп көрсетілген бо­латын. Яғни, халық іс жүзінде өз таңдауын жасап, біреулері өз жер телімдерін шаруа қожалықтарының атына рәсімдеді, бас­қалары заңды тұлға құрды, кейбіреулері шаруашылықтардың жарғылық қорына кірді. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезең ішінде шаруа қожалықтары жерді өңдеуге көп күш жұмсады. Ал бү­гінде құрылтайшылар осы серіктестік­тер­дің құрамынан шығып, басқа шаруашы­лық­тарға кірмекші. Бірақ, өкінішке қарай, жерді алған кейбір құрылымдар оны банк­терге кепілдікке қойып, міндеттеме­лерін орындамайды, нәтижесінде құрыл­тайшылар жарғылық капиталдағы үлесі­нен айырылады. Бұл туралы біз қайта-қай­та айтып жүрміз. Мәселе орталық ап­па­раттың да бақылауында. Өйткені бұл біздің облысқа ғана емес, бүкіл елге тән проб­лема», – деді Мейрам Меңдібаев. 

Сонымен бірге ол орталық аппаратқа барған кезде мұндай жағдайды қалай ше­шуге болатыны туралы көп ойланғанын жасырмады. 

«Себебі, бүгінде Азаматтық және Жер кодекстеріне сәйкес жарғылық капитал­дағы адам оның құрамынан шығуға құ­қылы. Біз де дәл осындай ұсыныспен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық», – деп түйіндеді мемлекеттік орган басшысы.

Бірақ серіктестік құрамынан жер телімімен емес, ақшалай сыйақымен шығуға қарсы пікір білдірушілер де бар. Олардың ойынша, мұндай жағдайда жер үлесі ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетуі ғажап емес.

Сондай-ақ көптеген тұрғындар мен шаруашылықтарға жайылымдық жер жетіспеуде. Солардың бірі – асылтұқымды қой шаруашылығын қолға алған «Золотое руно Дачное» ЖШС директоры Аман­гелді Дүйсембаев жер жетіспеушілігіне байланысты облыс аумағын шарлап, кө­шіп-қонып жүріп, енді Мамлют ауданына қоныс тепкенін, бірақ мұнда да жайылым­дық жер тапшылығына тап болғанын айтады. Бұл мәселе оң шешімін таппаса, тіпті 700 бас қой өсіріп отырған шаруашы­лығын жауып тынуға бар. Бүгінде ол өз техникасы, жағдайы бола тұра, жемазықты, шөп-сабанды сатып алуға мәжбүр. Кә­сіпкер өзі туып-өскен Дачное ауылының маңайында пайдаланылмай жатқан жер бар екенін айтып, сол жайылымға қол жеткізу жолдарын сұрап білді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы бұл мәселені заң аясында, яғни конкурс арқылы шешуге болады деген кеңес берді. Осы мәселені «AMANAT» пар­тиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы да өз бақы­лауына алды. 

Субсидия алу оңай емес

Qoldau.kz жүйесінің орнына іске қосылған жаңа Gosagro.kz платфор­масының дұрыс жұмыс істемеуі салда­ры­нан өңір фермерлері субсидия ала алмай отыр. Бұл да шаруалардың үлкен проб­лемаларының бірі. Белгілі болғанындай, олардың көпшілігі биылғыны айтпағанда, былтырғы субсидияларын әлі күнге дейін ала алмапты. 

«Былтыр біз қаржыландырудың жет­кіліксіздігіне байланысты шамамен 60 миллион теңге субсидия ала алмай қалдық. Ал белгілі -бір уақыттан соң сертификаттың мерзімі өтіп кетті. Биыл жаңа бағдарла­маның кемшіліктеріне байла­нысты тағы да сондай жағдай қалыптасып отыр: ақпан айынан бастап өтініш бере алмай жүрміз», – дейді «Новоми­хай­ловское-2003» ЖШС  директоры Вячес­лав Щеголев. 

Мәселенің шешімі ретінде кәсіпкер жаңа жүйеде күту парағын енгізуді ұсынды. Бұрын Qoldau.kz платоформасында ми­нералды тыңайтқыштарды субсидия­лау­ға өтінімдер бойынша сондай қызмет болған көрінеді. 

Мемлекеттік органның өкілдері биылдың  25 сәуірінен бастап субси­диялау қағидаларына жаңа өзгерістер енгізіл­генінен хабардар етті. Оған сәйкес күту парағы бекітілген көрінеді. Қар­жы­ның бар-жоғына қарамастан, барлық өтініштер енді сонда түсетін болады. 

Сондай-ақ жаңа түзетулерге сәйкес, 2023 жылы егістіктер мен агрохимиялық карталарды цифрландыру талап етілмейді. Фермерлер 2022 жылы сатып алған тұқым, пестицид және минералды тыңайтқыш­тарға келетін болсақ, оларды субсидиялауға 1 желтоқсанға  дейін өтініш беруге болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдерінің айтуынша, тұқым мен минералды тыңайт­қыштарды субси­диялауға өтінімдерді мемлекеттік орган жаңа жүйе арқылы қабылдап жатыр, ал пестицидтер бойынша мамыр айының соңында қабылдай бастайды. 

Бұл мәселенің өңір диқандары үшін маңызын ескере отырып, Сол­түстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы оны мемлекеттік органның ше­шуін мониторингке және ерекше ба­қылауға алатын болды, сондай-ақ барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жедел хабардар етіп отырмақ. 

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы осы мәселелерді қарастырған агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік өнеркәсібі салалық кеңесінің кезекті отырысында директор­дың орынбасары Марат Ысқақов: «Аталған кеңестің жұмысы аясында кәсіпкерлер проблемалық мәсе­лелерін шеше алады. Көтерілген барлық мәселені, сондай-ақ оларды шешу ба­рысын жергілікті атқа­рушы ор­гандар мен біз бақылауға алатын боламыз», – деді. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы