Бүгінде әлеуметтік желілерде қалада адасып кеткен қарт кісілер ту­ралы хабарландырулар­ды жиі көзіміз шалып жатады. Автобусқа мініп, бас­қа бағытқа кетіп қалған олардың бұл әре­кетін көбіне қартаюдың бел­гілері шығар деп қабылдайтынымыз рас.
Ұмытшақтық қалыпты құбылыс емес – Зәуреш Ахметжанова
1,988
оқылды

Алайда бұл қауіпті дерт – деменцияның анық симптомы екенін біле жүргеніміз жөн. Деменция қалай басталады, қариялардың қандай қылықтарына сақ қарау керек, одан сақтанудың нендей жолдары бар – бұл туралы біз жиырма жылдық тәжірибесі бар невролог-дәрігер Зәуреш Ахметжанова­дан сұрадық.

Тістің саулығы – мидың саулығы

– Зәуреш Бауыржанқызы, әуелі деменция мен Альцгеймер ауруларының бір-бірінен айыр­ма­шылығын айтып беріңізші. Көбіміз оларды шатастырып жатамыз...

– Деменция – бұл күрделі син­дром. Ол әртүрлі ауру ту­дыр­ған ми қыз­метіндегі ауыр бұ­зы­лыс­тардан пай­да болады. Соның кесірінен есте сақтау, зейін қою, кеңістікте бағ­дарлану қабілеттері бұзылады, өз басын өзі алып жүру дағдылары жоғалады, алаңғасар бола бастай­ды. Альцгеймер ауруы со­ның іші­не кіріп кетеді, яғни бұл – де­мен­ция­ны өршітетін нев­рологиялық дерт. Деменцияның 70 пайызында адамдар осы Альцгеймерге шал­ды­ғады. Еке­уінің аты қатар атала­тыны да сондықтан. 

– Бұл аурулар неден пайда бо­ла­ды? Тұқым қуалай ма? Ондай нау­қастардың миында қандай өз­герістер басталады?

– Иә, генетикалық бейімділік үлкен рөлге ие: яғни егер туыс­тарыңыздың бірі Альцгеймермен ауыратын болса, демек сізде осы ауруға шалдығу ықтималдығы жоғары. Деменцияға әкеліп со­ғатын бірқатар ауру бар: мысалы, олардың арасында ең жиі кез­десетіні – артериялық гиперто­ния, яғни жоғары қан қысымы, қант диабеті, семіздік және ги­перхолестеринемия, яғни қан құ­рамында холестериннің жо­ғары болуы. Сондай-ақ ішімдікке тәуелді кісілерде де деменцияның басталу қаупі көп. Басынан қатты жарақат алған адамдардың да қартайғанда деменцияға шалдығу ықтималдығы жоғары келеді. 

Ал деменция кезінде мидағы өзгерістерге келсек, ми тіндерінің дегенерациясы болады. Оның ішінде жүйке жасушалары өледі, нейрондар арасында бета-ами­лоид деп аталатын патологиялық ақуыз жинала бастайды, осыдан мида қабыну процесі басталады. Әлгі бета-амилоидтар кесірінен нейрондар арасындағы байланыс бұзылып, адамның есте сақтау, ойлау қабілеттері төмендейді.

Енді мына қызықты қараңыз: тіс аурулары жоғарыда біз айтқан нейроқабыну процесінің бас­та­луына ықпал ете алады, өйткені ол ағзада жүйелік қабынуды ту­дырады. Бұл – өз кезегінде ког­нитивті функциялардың нашар­лауына әкеліп соғатын фактор. Сондықтан тістің саулығы – егде жастағы мидың саулығы. Өкі­нішке қарай, ата-әжелердің көбі тіс саулығына онша мән бермейді, жас кезінен бастап тісжегі, пе­риодонтит, парадонтозбен күрес­пейді, ал мұның бәрі – қабыну. 

Сау адамның сөздік қоры азаймайды

– Альцгеймердің алғашқы бел­гі­лері қандай? Көп адам байқап, бір­ақ көз жұмып қарайтын қандай сим­птомдардан қорқу керек? Оған шал­­дыққан адам не сезінеді? Оқыр­­­манға түсінікті болу үшін қара­пайым мысалдармен сипаттап бе­ріңізші...

– Деменцияның белгілеріне қарай, ауруды алты кезеңге бө­леміз. Бірінші кезеңде ауру белгі­лері білінбейді, оны тек арнайы тест арқылы анықтауға болады. Екінші кезеңде есте сақтау қабі­леті бұзылып, адамға бағдар (ориентация) жасау қиын болуы мүмкін. Бірінші кезең мен екінші кезең арасындағы уақыт 7 жылға созылуы мүмкін. Үшінші кезеңде Альцгеймер ауруын нақты анық­тауға болады. Бұл кезеңде адам күнделікті қозғалыс үшін біреудің көмегін қажет етеді. Төртінші кезеңде науқастың жалғыз жүруі қауіпті, адасып кетуі мүмкін, сон­дықтан оны назардан тыс қал­дырмау керек. Бұл кезең 1 жарым жылға созылады. Бесінші кезеңде есте сақтау қабілетінен айыры­лып, жақындары мен өткенін ұмытады. Біреудің көмегімен ғана тамақтанып, жуына алатын бо­лады. Алтыншы кезеңде науқас мүлдем ештеңе түсінбейді, қайда жүргенін білмей, қауқарсыз бо­лып қалады. 

Бастапқы кезеңдерде науқас­тың ұмытшақ болып кеткенін байқаймыз. Мысалы, көзілдірігі басында болып, бірақ үйдің бәрін қопарып, көзілдірігін іздейді. Та­ғы бір назар аударарлық мәселе – балаларының, немерелерінің атын ұмытып қалатынды шыға­рады, сөздік қоры азаяды, «тілім­нің ұшында тұр, қалай еді әлгі» деп кейбір сөздерді есіне түсіре алмайды. Өкінішке қарай, көп адам бұған мән бермей, қарт адам­дар үшін қалыпты нәрсе шы­ғар деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Сөздік қор жас қосқан сайын азай­мауы керек. Біз өмір бойы тә­жірибе аламыз, сау адамда сөз­дік қор азаймайды, керісінше арта түседі. Сондықтан қарт жа­қы­ныңызда осы белгілерді байқай сала, дереу дәрігерге апарыңыз. Ол бәлкім деменция болып шық­паса да, басқа бір дерттің белгісі болуы мүмкін: қандай жағдайда да, сөзді ұмытып қалу – дабыл қағуға тұрарлық проблема. 

Өз тәжірибемнен бір мысал айтайын. Бірде алдыма аптығып бір кісі келді. «Күнде қолданып жүрген Kaspi қосымшасын бір демде қалай пайдалануды ұмытып қалдым. Содан өзім де қорқып кеттім» дейді. Басқа қандай да бір шағымдары бар-жоғын сұрап едім, бастапқыда басын шайқады. Соңғы 1-2 жылда отбасында қан­дай өзгерістер болғанын тәптіш­теп сұрап едім, сонда ғана кейбір жайттарды есіне түсіре бастады: сөйтсе дайындаған тамағына қатысты соңғы екі жылда күйеуі мен баласы үнемі ескерту айтып келген екен, біресе тамағының тұзы жоқ, біресе тұзы көп, біресе дәмсіз, біресе күйіп кетеді. Осы­дан-ақ адамда алаңғасарлық пайда болғанын, күнделікті істеп жүрген іс-әрекетінен жаңыла бастағанын байқауға болады. 

Альцгеймерге шалдыққан науқастардың көбі далаға, көшеге шығуға қорқады, жолды шатас­тырып алып, адасып кетемін дей­ді. Себебі миындағы кеңістікті бағдарлау дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ, нейрондардың ара­сындағы байланыс бұзылған­дықтан, атрофиялық процестер басталды.

Тағы бір белгі – науқас бірте-бірте жеке гигиенасына көңіл бөлуді қояды, жуынбайды. Альц­геймерге шалдыққан жалғыз­басты қарттардың үйіне барғанда, есіктен кіре сала жағымсыз иісті байқайсың. Сосын олар үйіне қоқыс жинайды. Олардан «бо­са­ған құтыларды, қалбырларды не істейсің?» деп сұрасаң, «маған ке­рек» деп жауап береді. Одан бө­лек, «Альцгеймерлік таңғалу» де­­­ген де белгі бар, науқастарға не айтсаң да таңғала береді. 

– Бағана сіз деменцияның алғашқы белгілерін тест арқылы анықтауға болады дедіңіз. Ол қандай тест?

– MOCA тест – демен­ция­ны анықтаудың ең қ­а­рапайым жолы. Онда сан­дарды ретімен орна­лас­тыру, тізбектерді қосу, қара­пайым ариф­мети­калық амал­дарды орын­дау, әр­түрлі фигураның суретін салу, бе­рілген уақытты сағат тү­рін­де суретін салу деген секілді тап­­сырмалар беріледі. Демен­ция­ға шалдыққан кісілер сол қара­па­йым тапсырмаларды орындай ал­майды. Бірде алдыма бір келін­шек өз анасын алып кел­ді. 1, 2 , 3 деген секілді цифрлар мен әріп­терді алфавит бойынша қосып шыға алмады. Былай қарасаң, балалардың ойыны сияқты, бірақ соны орындап шығуға 5 минут ойланды, ақыры дұрыс жасай ал­мады. «Оннан он минут кетті» де­генді сағат түрінде салып шы­ғы­ңызшы деп едім, оған он минут ойланды. Терледі. Ақыры ашула­нып, «мен істемей­мін» деп қалам­ды тастай салды. Адам өз басында қандай да бір өз­герістер болып жатқанын тү­сін­ген кезде осылай ашуланады, оны мойындау оңай емес. Тағы бірде үстіне әдемі кос­тюм-шал­бар киген 72 жастағы қа­рия келді алдыма, жас кезінде үл­кен лауа­зымда болған адам екен. Сөз ара­сында «100-ден 7-ні алыңыз­шы» деп едім, жата қап ашулан­ды. «Қызым, не сұрап тұр­­ғаның­ды білесің бе, мен ди­ректор бол­­ған адаммын, балаға қоятын мы­надай сұрақ қойғаның ұят емес пе?!» деді. Екінші рет сұра­ға­ным­да, тағы ашуланды. Бірақ жауап бермеді. «2+2 қанша бола­ды?» де­генде, оны да айта алма­ды. Де­менция кезінде адам­да осын­­дай когнитивті қабілет­тер бұзылады.

Тоқсандағы әжей өзін студент санайтын

– Қартайған шақта деменцияға шалдыққан адамға жаңа жерге кө­шу, өмір салтының өзгеруі бұл ау­руларды тереңдетіп жібереді деген рас па?

– Иә, жаңа жерге көшу қа­уіпті. Өйткені олар ұзақ уақыт бо­йы бір жерде өмір сүрсе, ненің қайда екенін жақсырақ біледі. Ал жаңа жерге келгенде, не істерін білмей, бойын үрей мен қорқы­ныш билейді. 

– Деменцияға шалдыққан науқастарға жақындары қалай көмектесе алады? 

– Адам қартайғанда, жаңа­ғыдай белгілер байқала бастаса, қасындағы жақындары соған мән беруі керек. Бұл жерде мынаны тү­сіну керек: деменция да, Альц­геймер де емделмейді. Әлемде оны толық емдеп шығаратын дәрі жоқ. Бірақ медициналық тәжіри­беде осы ауруды дәл сол қалпында ұстап тұруға және оның симп­томдарын жеңілдетуге көмектесе алатын екі фармацевтикалық препарат бар, біз соларды қол­да­намыз. Дегенмен медицина бір орында тұрған жоқ, бүгінде ға­лымдар бұл аурудың емін іздес­тіріп жатыр, шамамен 20-30 жыл­да жаңа препараттар да әзір­ленуі мүмкін. Сондықтан дәрі­герге неғұрлым ерте келсе, соғұр­лым аурудың да дендеп кетуін тоқтатуға болады. Ата-әжеңіз бү­гін немерелерінің атын шатас­тырып жатса, ертең ешкімді та­нымай қалуы мүмкін. Менің бір пациентім болды, жасы тоқс­ан­дағы әжей еді, қазір бақилық болып кетті. Сол кісінің балалары алып келді. Әлгі әжей өзін 18-19 жастағы студент қыз деп ойлай­тын. Менің қабылдауыма кел­генде: «Доктор, мен неге мұнда келдім? Қазір институтқа ке­шігемін, сабағым бар ғой. Мына­лар кімдер, олар неге қасымнан қалмайды, неге үнемі қолымнан ұстап жүреді?» деп сұрай беретін. 

Деменцияға шалдыққан кі­сілерді жалғыз қалдыруға мүлдем болмайды. Олар үйде газды, суды ұмытып, ашық қалдырып кетуі мүмкін. Терезені ашып, оны есік деп ойлап, түсіп кетуі мүмкін. Ондай кісілер кейде ойынқұмар­лыққа жақын болады, алаяқтар­дың арбауына тез түсіп қалады, ақшасын қайда бергенін білмейді. Дүкенге барғанда, кейбір сату­шылар оларды алдап, ақшасын дұрыс қайтармай жіберуі мүмкін. Сондықтан олардың жақында­рына берер бір кеңесім, әлгі кі­сілердің әрекетке қабілетсіздігі туралы анықтама алып алған жөн. Тағы бір айта кетерлігі, демен­цияға шалдыққан кісілердің қи­мыл-қозғалысы нашарлап, кей­де сүрініп, құлап қалуы мүм­кін. Он­дайда жақын адамы дереу көмекке келуі тиіс. Сол себепті осындай науқас адам бар үйде камера орнатып қойған, әлгі кісі­лердің қолына смарт-сағат тағып берген дұрыс. Ойда-жоқта құлап қалған жағдайда әлгі сағат дереу дабыл қағып, туысына белгі береді. 

– Бүгінде, әсіресе жастар ара­сында үрейге бой алдырушылық, күйзеліс, депрессия жиі байқала­тын болды. Бұл болашақта олар­дың қарттық шағында қандай зиян келтіруі мүмкін?

– Біз университетте оқып жүргенде профессорларымыз: «егер жас кездеріңде депрессияға бой алдырсаңдар, қартайғанда Альцгеймерге немесе Паркин­сонға шалдығасыңдар» деп ай­татын. Неге? Өйткені депрес­сия­ға, күйзеліске ұшыраған адамның миында өзгерістер болады: кор­тизол деген стресс гормон көбейіп кеткенде, оның нейротоксиндік қасиеті себебінен мидың нейрон жасушалары зақымдалады. Сон­дай-ақ депрессия кезінде до­фамин деген нейромедиатор (мұ­ны ләззат алу гормоны деп те атайды) қатты азайып кетеді. До­фаминнің жетіспеушілігі қар­тайғанда Альцгеймерге немесе Паркинсонға әкеледі. Сондықтан жастарға негативті ойлаудың, көңілсіз жүрудің зиян екенін үнемі айтамын.

– Миымызды қарттыққа дейін дұрыс сақтау үшін күнделікті зиянды әдеттеріміздің ішінде, әсіресе қайсысы ерекше қауіпті? Ал қандай әдеттерімізді, керісінше, жетілдіре түсу керек?

– Халықаралық сарапшы­лардың айтуынша, Альцгеймер ауруы әлем бойынша жылдан жылға көбейе береді, азаймайды. Өйткені оны тудыратын фактор көп. Қазір адамдар темекіні көп шегеді, ішімдікті көп ішеді, дұрыс тамақтанбайды, семіздік көп, қант диабеті, жоғары қан қысымы да жиі ұшырасатын болған. Сондықтан ғалымдардың болжа­мынша, Альцгеймер де, деменция да «жасара» береді. Әлемде 55 млн адам осы дертке шалдыққан, қазіргі қарқынмен 2050 жылы олардың саны 75 млн-ға жетуі мүмкін. Сондықтан олардың ал­дын алатын әрекеттерді осы бас­тан жасаған жөн. Бірінші кезекте физикалық белсенділікті көбейту керек. Міндетті түрде жаяу жүру керек, бір тәулікте кемінде 10 мың қадам жасауға кеңес бере­мін. Йогаға, фитнеске немесе жүзуге – жаныңыз қалаған спорт­қа жазылыңыз. Екіншіден, дұрыс тамақтануға көңіл бөлуіміз тиіс. Тұзды, қуырылған тамақты тоқ­тату керек. Біз, қазақтар, осы екеуін де жақсы көреміз. Диетаны сақтау қажет. Диета дегеніміз – аш жүру емес, дұрыс тамақтану. Та­ғы бір мәселе – ұйқыны реттеу. Қазір жастар түнгі 2-3-4-те ұйық­тайды. Себебін сұрасаң, телефон қара­­дым дейді. Біз уақытылы де­мал­масақ, мидағы утилизацияға кетуі керек қажетсіз заттар жи­на­ла береді, ми қалыпқа келмейді. Ми қалыпқа келуі үшін 7-8 сағат­тық ұйқы өте маңызды. Ұйқы одан аз болған кезде ми демал­май­ды да, ертесіне басымыз ауы­ра­ды, бой­күйез, енжар болып жү­­­реміз, мұ­ның бәрі мидың жұ­мы­сына зиян. Міне, осы үшеуін – қозғалыс, тамақ және ұйқыны дұрыстасақ, көп аурудың алдын аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ