Шығыс Қазақстан облысындағы универ­ситет тым жоғары бағамен матрас пен еден сүрткіш құрал сатып алмақ болған.
Миллионға бағаланған матрас
370
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, талдау жұмысы барысында Семей медицина универ­ситетінің Өскемен филиалының тұрмыстық заттарды жоғары бағамен сатып алмақ болғаны анықталды.

«Білім беру мекемесі 1,9 миллион теңгеге еден сүрткіш құралдың бір данасын және 1,2 миллион теңгеге 1 матрас сатып алмақ болған. Алайда еден сүрткіш құралдың нарықтағы орташа бағасы 25 мың теңге, бір матрастың бағасы 30-130 мың теңге. Анти­кордың ұсынымынан кейін мемлекеттік сатып алу жос­парына түзету енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнем­делді. Бұл қаражат өзге тауарларды сатып алуға бағытталады», – делінген ақпаратта.

Жалпы, жыл басынан департаменттің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор мекемелеріне жасаған ұсынымы бойынша 205 млн теңге үнемделді. Ал 2022 жылы 425 млн теңгеге үнем жасалған.