Қабылдауға келген тұрғындардың бірі түркістандық Ж.Биетаева әлдебір азаматтың Атырау қаласындағы Теңіз вахталық жұмыс орнында жұмыс берушімін деп, киім мен аяқкиімге ақша алып, ақыр соңында алдап-соққанын айтты. Тұрғынның өтініші бойынша құқық қорғау органдарына шағымдану қажеттігі түсіндіріліп, қосымша партия филиалына арызы қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.
Сонымен қатар Отырар ауданы Маяқұм ауылдық округі Қостерек ауылының бір топ тұрғыны еңбекақы ала алмай, сонымен қатар зейнетақы, сақтандыру төлемдері төленбей жатқандығы жөніндегі ұжымдық арызын білдірді. Бұл арыздары бойынша оларға жұмысқа қабылдану жөніндегі бұйрықтарын қоса тіркеп, Түркістан облысы бақылау жөніндегі басқармасына арыз жазу қажеттігі түсіндірілді. Басқарма тарапынан бақылауға алынып, азаматтардың арызы негізінде тексеру жұмыстары жүргізілетін болды, ал зейнетақы, сақтандыру төлемдері мәселесі бойынша салық органына шағымдану керектігі айтылды.
Қоғамдық қабылдауға келген енді бір азамат, Сауран ауданының тұрғыны Б.Тұрғанәлиев былтыр Түркістан қаласында жағажай құрылысында еңбек етіп, ондағы бір айлық еңбекақысын ала алмай жүргені жөнінде шағымданды. Оның арызы бойынша дәлелді айғақтарымен сотқа шағымдану қажеттігі түсіндірілді.
Осылайша, аудан тұрғындарын мазалаған бірқатар проблема анықталып, олардың жазбаша өтініштері бойынша қосымша жұмыстар жүргізетін болды.
Асыл ТҰМАР