Киікке ор қазба...

Соңғы 4-5 жыл бойы тұтас ел аумағында киіктер саны өсіп келеді. Даланың еркін жануарының өскені қуантқанымен, олардың көбеюі ауыл шаруашылығы саласында күрделі мәселелерді туындатты. Жабайы жануарлар егіс алқаптарын ойрандап, елдің бірнеше ай­мағында диқандарды шығынға батырды.

Басқа өңірлер сияқты Ақ­мола облысында  да киіктердің көбеюі көп түйткілге негіз бол­ған­дай. Еккен егіні тұтастай тапталып кеткен ақмолалық шаруалар енді алқаптарын қорғау үшін оның  айналысынан терең ор қазып тастапты.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің мәліметінше, еліміздегі киіктер саны  соңғы он жылда 6 есе өсіп, бүгінде 1 миллион 318 мыңнан асып жы­ғылған. Ал белгілі экобелсенді Батыр Сей­кеновтың айтуынша, елдегі киіктер­дің жалпы саны 6-6,5 миллионға жуық­таған. Былтыр министрліктердің өзара келі­сімімен киіктердің  санын реттеу  жа­йы қарас­тырылған еді. 

Ал шаруалар киіктерден қорғануға өздері кіріскен сыңайлы. Киіктерден әбден зәрезап болған Ақмола облысының Ат­басар, Жақсы, Қорғалжын аудандарында шаруалар егістік алқаптарының айналасын 3 метр тереңдікте қазып тастапты.  Еш­қандай құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың келісімін алмастан осындай қадамға барған шаруалардың әрекетіне экология жанашылары, жергі­лікті тұрғындар мен тиісті органдар қар­сылық білдіріп жатыр. Ауыл тұрғында­ры­ның айтуынша, қазылған терең шұңқыр­ларға киікпен қоса төрт түлік те түсіп кетіп, арандай бастаған. 

Атбасар ауданындағы Сепе, Ново-Мариновка, Сочинское, Петров ауылда­рындағы шаруа қожалықтары  да егістерін ормен қорғауға кіріскен.

«Енді киіктер жаңағы қазылған орлар­ды айналып шағын ғана біздің егістік же­рі­мізге келеді. Қазылғанымен ол шұң­қыр­лар үш-төрт жылдан кейін топырағы ішіне құлап қайта тегістеліп кетеді. Киік­тер үстінен өте береді ғой. Онда олар жа­ңа­ғы қазылған жердің жанынан тағы қа­зып тастайды», – дейді Атбасар ауданы Есен­гелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіпов.

Түйткілді мәселе жайлы алдымен Атба­сар ауданы әкімдігінен анықтамақ болдық. Әкімдік шаруалар орды жергілікті биліктің келісімінсіз өз бетінше қазғанын мойындады.  

– Үш метрлік траншеяларды киіктердің шабуылынан зор шығынға батқан ша­руалар өз бетінше қазған. Бұл әкімдіктің еш келісімінсіз жасалған. Ауыл шаруа­шылық тауар өндірушілері министрлік­терге дейін шағымданған бірақ ешқандай жауап алмаған. Орасан зор шығынға ұшы­рағандықтан осындай терең шұңқырлар қазып тастапты, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.

Ақмола облысының орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекция басшылығы аталған мәселенің күрделене түскенін айтып, істің прокура­тураның қарауына жолданғанын жеткізді. Ведомство басшысы Лашынтай Дүйсе­новтың айтуынша, киіктердің көбеюі көп мәселенің алғышартына айналған.  Атал­ған мәселе Степногор қаласында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың қатысуымен өткен жиында да көтеріліп, министр киіктер өтетін жолдардың бәрі бей-берекет егістік жерлерге айналғандықтан мұны толықтай тексеріп барып шешім қабылданатынын мәлімдеген еді. 

– Бұл өте сұмдық жағдай. Атбасар, Жақсы, Қорғалжын аудандарында ша­руа­лар егіс  алқаптарының айналасын қазып тастаған. Қазірге дейін  бес киік қазылған орға құлап өлді. Біз облыстық прокуратура, экология департаменті, жер­гілікті атқа­рушы органдар, ауыл шаруа­шылығы, жер­дің пайдаланылуы мен қор­ғалуын бақылау басқармаларына хат жаз­­дық. Күні кеше Атбасар ауданында ар­­на­йы жиын да өткі­зілді. Қазір іс жо­ғарыда аталған аудан­дардың прокуратура және полиция қыз­меткерлерімен қаралып жатыр. Киіктердің көбеюі мәселесі бойын­ша осы айдың 24 мамырында Орал қа­ласында, одан кейін Астанада үлкен жиын өткізілмек, – дейді аумақтық инспек­ция­ның басшысы Ла­шынтай Дүйсенов.

Түйінді мәселе жайлы Ақмола облысы­ның жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына хабарластық. Ве­домство басшысы Ерғали Шорин бұл мә­селе өздерінің құзыретіне кірмейтінін айтып, аумақтық инспекция жазған хат­тың облыстық экология департаментіне жолданғанын жеткізді. 

– Егістік жерлер дұрыс пайдала­нылмаса ол мәселемен біз айналысамыз. Біз ау­мақтық инспекция жазған хатты экология департаментіне қайта жолда­дық. Бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмейді, – дейді басқарма басшысы Ерғали Шорин. 

Ал экология департаменті басшылығы аталған мәселенің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының тікелей міндеті екеніне сенімді. Олар хаттың қайта кері жолдағанын жеткізді. 

– Жердің қазылып тасталғаны эко­логияға еш қатысы жоқ. Бұл мәселе жер­гілікті атқарушы органдардың және жер­дің пай­далануын және қорғалуын бақылау бас­қармасының құзыретінде болуы керек. Бізге келген хатты біз қайта өздеріне жолдадық. Бұл біздің құзыры­мызға кір­мейді, – деді Ақмола облысы экология де­партаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов. 

Өңірде киіктерге қатысты күрделі жағ­дайдың жуық арада шешімін табар түрі көрінбейді. Табиғат жанашырлары бұл мә­селенің бір жақты етпей тыным таппай­тыны түсінікті. Іс құқық қорғау органда­рының қарауына жеткен. Жа­уапты орган­дар тиісті шешім шығарып кінәлілерді жауапкершілікке тартуы да мүмкін.  Де­генмен, бұл мыңдап жортқан бейкүнә жануарлардан егістіктерін қорғаған шаруалар мәселесін біржола шешпейді. Сондықтан тиісті министр­ліктер мен ведомстволар аталған жағ­дайды реттеуге тезірек назар аударар деген үміттеміз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы