Бал арасына нәубет қайдан келді?

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы омарташыларының ара­лары жаппай қырылып қалып, ед­әуір шығынға батқан. Шаруалар жәндіктердің өлуін егістікті дәрілеу кезінде араға зиян келгенімен бай­ланыстырады. Ал сала маман­дары мұны жоққа шығарады.

Десе де, сала мамандары қанатты жән­діктерге төтеннен келген зауалдың се­беп-салдары әлі де тексеріліп жатқанын айтады. Сонымен, өңірдегі омарташылар  айдың күннің аманында көз алдында қы­ры­лып қалған бал араларын көріп, жанай­қайын кімге жеткізерін білмей дал.

Ең алдымен, бұл зауал Шардара ауда­нына келген. Айналдырған 2 күнде Шар­дарадағы бал араларының тең жартысы өліп қалған. Облыстық дизенсекциялау орта­лығы мамандары Конго-қырым гема­ррогиялық безгегінің қоздыр­ғыш­тарына қарсы жүргі­зіл­ген дәрілеу жұмыс­тарын жергілікті әкімдікке бір апта бұрын хабарлапты.  Сондай-ақ Шардара қаласы бойынша дәрілеу жұмыстары жүретін аумақ жазық дала болғандықтан ол жақта ара қонатын­дай ағаш жоқ еке­нін айтып,  бал аралары­ның өлуіне бірне­ше фактор себеп болуы мүмкін екендігін алға тартады. Ал Түркістан облыстық Санитар­лық-эпи­демиологиялық бақы­лау депар­таменті мамандары да дәрілеу­ден емес, аралар ара­сында эпидемия жүруі мүмкін деген себепті айтады. Шар­дара ауданының ветеринар мамандары да осы жауапты құптап отыр. Ал сарап­шы­лар болса жүргізілген дәрілеу шара­лары қауіпті­ліктің үшінші класына ие және жәндік­тердің барлық түрлеріне, соның ішінде араларға қауіпті деуден танбайды. 

Мұндай жағдай жыл сайын қайта­ланып тұрады екен. Биыл өңірде 1000-нан астам ұяшықтағы аралар қырылып қал­ған. Омарташылардың термині бо­йынша 1000 отбасы ара болып саналады. Демек, 1000 отбасы жоқ болған. Бір отба­сының құны 25-50 мың теңге көлемінде. Бір отбасыдан 30-100 келіге дейін бал алу­ға болады екен. Ары қарай есептей бе­ріңіз. Бал жинау барысында омарташы­ларды едәуір шығынға батыратын бұл зауал шаруаларды қатты алаңдатып отыр. 

Отырар ауданындағы омарташы Дастан Алтынбеков аралардың жаппай қырылуына ауа райының ешқандай қатысы жоқтығын, кенеге қарсы ша­шыл­ған дәріден болғанын айтып шырыл­дайды. Шаруашылықтағы 80 отбасы қырылған. Омарташы өлген аралардың орнын толтыру үшін көрші аудандардан ара сатып алған. «Ұяны бос ұстап отыра алмаймын. Себебі  күн ысыса олар құрт­тайды да ұя жарамай қалады», – дейді ол. Шаруа бірақ араның неден өлгенін зерттеу үшін құжаттандыру шараларына уақыт оздырмай, билікке қолын бір сіл­теп, тез арада өз әрекетін жасаған. Бірақ өлген аралардың өтемін кім өтейтінін білмей отыр. 

Сондай-ақ Түркістан облысына қарас­ты Зертас ауылында да аралардың жаппай қырылуы тіркелді. «Бізде тұтас кластер бар, 14 шаруа қожалығы ауыл шаруа­шылығы кооперативтеріне бірік­кен. Мұнда 10 мың ара отбасы бар. Біз олар­ды Қазақстанда сатамыз. Енді биз­несті қалай жалғастыратынымызды елес­тету қиын», – дейді омарташылықты әулетімен кәсіп еткен Ирина Демидова. 

Араға келген індет Шымкент қаласы­ның маңына да жетті. Шымкент қаласы­ның Ауыл шаруашылығы басқармасы қалада кененің кері ағыны бастал­маға­нын, ауа райы әлі тұрақтамағанын айтады. Қазір Шымкентте 500 кәсіпкер 20 мың бал арасын өсірумен айналысады екен. Шымкенттік шенеуніктер дәрілеу алдында диқандарға ескертетінін айтады. «Біз шекаралас жатқан Түркістан облы­сы­ның қызметкерлерін емдеу шаралары туралы ескертулерін сұрадық. Бірақ оларға  тыйым сала алмаймыз. Егер зиян келсе шаруаларға тек субсидия көмек бола алады. Ол үшін олар бірігуі керек. Мұндай бірлестік статистикалық есеп­терді жүргізуге және субсидия алуға мүмкін­дік береді. Рас, әзірге 500 омарта­шының 100-і ғана біріккен», – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Омарташылар қоғамының төрағасы Төрехан Нармұхамедов бұл мәселеге ерекше назар аудару керектігін ескертеді. «Омарташылар ашулы. Олар сотқа жүгін­бекші. Кінәлілер табылмай қоймайды. Оларға омарташылардың шыққан шығынын төлетсе ғана тәртіпке келетін сияқты», – дейді ол. 

Айта кетейік, жалпы табиғаттағы ең пайдалы тіршілік иесі ара екені белгілі. Аралар бүкіл өсімдіктерді тозаңдан­дыра­ды, осылайша аралар өсімдіктердің өсіп-өніп, көбеюіне әсер етеді. Бұл бал жинаудан бөлек қасиеті ғана. Ал омарта­шы­лар аралардың жаппай қырылуы эко­логиялық апатқа әкелетінін еске салады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы