Биыл Петропавл қаласындағы үш орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылатыны туралы алдын ала хабарланып, барынша жарнамаланғанымен, сәуір айында Sakura порталы арқылы бір де бір өтініш келіп түскен жоқ. Орыс мектептеріне бірінші күні-ақ 90 өтініш түседі.
Қазақша оқытуға құлықсыз
1,267
оқылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қа­зақстан облыстық филиалы жанындағы MIRAS қоғамдық кеңесінің отырысында Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының орын­басары Бұлбұл Ахмадиқызы айтты. 

Петропавлда биыл қосымша қазақ сыныптары ашылатыны және де оған 1 сә­уірден бастап оқушыларды тіркеуге болатыны туралы хабарландыру берілді. Бұл аз дегендей, өңірдегі тіл жанашырлары, «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, қоғам белсенділері ата-аналар арасында балала­рын қазақ сыныбына беру туралы үздіксіз үгіт-насихат жүргізіп жатыр. Бұл жұмысқа «AMANAT» партиясының облыстық фи­лиалы да қосылды. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына партиядан сайлан­ған депутат Ербақыт Амантайдың қоғамдық қабылдауына келген бір топ тіл жанашыры осы жұмысты ұйымдастыруға көмектесуді сұраған болатын. 

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәти­­жесінде, бүгінде IT лицейдегі қазақ сыны­­бы­на – 11, БЭСТ гимназиясына – 9, Бірін­ші гим­назиядағы қазақ сыныбына – 4 өті­ніш түсті. Бірақ кейбір ата-аналар әлі екі ойлы болып жүр. Дегенмен әр мектепте 10-15 бала ғана жиналса, қазақ сыныптары ашы­л­ады. Қазақ тілінде оқуға ниет біл­дір­ген бүлдір­шіндер ешқандай тест тап­сыр­майды, бар­лығы әңгімелесу нәтижесінде қабыл­данады. 

Әрі олар үшін ұзартылған күн тобы тегін болмақ. Себебі облыс әкімдігінің Бі­лім басқармасы жүргізген сауалнама нәти­жесінде, ата-аналардың 42 пайызы өздері қазақша білмегендіктен, үй тапсырмасын орындауға қиналатыны белгілі болыпты. Ке­ңес отырысында басқа мектептердегі ұзар­тылған күн топтары қызметінің қым­баттығы да сөз болды. Петропавлда оның бағасы 25 мың теңгенің маңайында. Мұны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сон­дықтан кеңес мүшесі Жанар Таласпаева ұзартылған күн тобын барлық сабақ емес, жекелеген пәндер бойынша ғана көмек көрсетуге бейімдеп, төлемақысын арзан­дату туралы ұсыныс жасады. 

Ал «Қазақ  білім ордасы» білім орталы­ғы­ның директоры Аида Уәлиева осында тәрбиеленетін балалар мен олардың ата-аналарына арналған тегін үйірмелер бар екенін жеткізді. Бұл білім орталығы даяр­лаған балалардың барлығы қазақ сыныбына барады екен. Бірақ бұл орталық 300 шақты баланы ғана қамтыған.

Дегенмен облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь келтірген деректер бойынша, биылғы оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа қабылданған 7 739 баланың тек 1 775-і ғана (23%) қазақша оқиды. Жалпы, облыс бо­йынша ұлты қазақ балалардың 45 пайызы орысша оқиды. Статистикаға сүйенсек, 31 мың 534 баланың 18 мың 650-і ғана тілінде, 12 мың 884-і орыс тілінде оқып жүр. Ал Петропавлдағы 26 мың 790 қара до­малақтың 9 мың 940-ы – орыс мектебінде. 

Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Бұлбұл Ахмадиқызының айтуын­ша, қаладағы маңдайалды үш орыс мекте­бінде қазақ сыныптарын ашу жұмысы оңайға түсіп отырған жоқ. Ата-аналардың басым бөлігі өз балаларын таза қазақ мек­тептерінде оқығанын қалайды. Жалпы, тә­жірибе көрсеткеніндей, орыс мектеп­терінде ашылған қазақ сыныптарында 1-2 жыл оқыған соң балалар қазақ мектептеріне ауысып кететін көрінеді. Сондықтан қо­ғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, қазақ сыныптарын емес, мектептерін ашу туралы мәселе көтерген орынды.  

Солтүстік Қазақстан облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаева жаңадан ашылатын қазақ сыныптарына мектепте қаншалықты жағдай жасалғанын, дайындығын және болашағын сұрап білді. Ол: «Үш қазақ сыныбын ашу үшін үш ка­бинет, үш мұғалім керек. 4 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Содан кейін бұл мектептер балаларды ары қарай оқытуға қаншалықты дайын? Қосымша кабинеттер, пән мұғалімдері қажет болады. Ертең бұл балалар басқа қазақ мектебіне ауысуға мәжбүр болмай ма?» – деген сұрақ қойды. Облыстық Білім басқармасының өкілдері сендіргеніндей, барлық жағдай жасалған. 

Кеңес отырысында қазақ мектептерінің аздығы мәселесі де көтерілді. Петропавл­дағы 36 мектептің тек алтауы ғана мем­ле­кеттік тілде білім береді әрі қазақ мектепте­рінің саны алтаудан артылмай келе жатқа­нына бірнеше жылдың жүзі болды. Қала бойынша барлық сыныптардың 18,7 па­йы­зы ғана – қазақтілді. Биыл 3 мектепте қазақ сыныбы ашылған күннің өзінде, көрсет­кіш 0,2 пайызға ғана артатын көрінеді. 

«AMANAT» партиясы филиалының Сайлауалды бағдарламасына енгізілген «Жайлы мек­теп» жобасы асында ашылатын 4 жаңа мектеп қай тілде білім беретіні сұранысқа байланысты болмақ. Жоспар бойынша олар мемлекеттік тілде деп жоспар­лан­ғанымен, орыс тілінде білім алғысы келетіндер үшін аралас мектеп болуы кетуі де ғажап емес. 

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Жангелді Тәжин: «Төрт жай­лы мектеп – тек қазаққа!» деген ұстаным дұрыс», – дейді. Ұзақ жылдар бойы білім беру ісінің ардагері Петропавлдағы 6 қазақ мектебінің екеуінің ғимараты талапқа сай еместігін айтады. «№18 мектеп – бұрынғы жатақхана ғимараты. Бұл – баяғыда жауып тастайтын мектеп. Себебі ішіне кіріп көр­сеңіз, сыныптары санитарлық нормаға сай емес. Акт залы жоқ. Асханасы да бейім­делген үй-жай. №20 мектеп – 1940-50  жыл­дары салынған дүкеннің ғимараты. Кезінде, жоқшылық заманында жарайды, бұлар мектеп болып ашылды. Ал енді қазір ше? Сондықтан жаңадан салынатын төрт мектептің төртеуі де қазақша болсын»,–  дейді Жангелді Уақпанұлы. 

Қоғамдық кеңес мүшелері Петропавлда орыс мектебіне қаншалықты сұраныс бар екенін анықтауды өтінді. Себебі кейбір деректер бойынша 1 200 орындық орыс мектептерінде 600-800 бала ғана оқып жүрген көрінеді. Кейбір шағын аудан­дарда 2-3 орыс мектебі қатар орналасқан. Ал қазақ мектептерінде керісінше орын тап­шылығы байқалатын көрінеді. Бірақ облыстық Білім басқармасының бас мама­ны Алмагүл Оспанованың айтуынша, сұ­раныс бойынша кез келген білім ордасында қазақ сыныптары ашылып жатыр. Мәсе­лен, 2022-2023 оқу жылында қазақ тілінде оқи­тын балалардың санын арттыру мақса­тында облыстың 5 ауданында 8 мектепте қазақша сыныптар ашылды. Бірақ кейбір елді мекендерде бала санының аздығына байланысты қазақ сыныптары жоқ екендігі де рас. 

Орыс мектептерінде оқытылатын қа­зақ тілі сабағының сапасы да ойлан­ды­ра­ды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің оқытушысы Жа­зира Көк­бастың айтуынша, 11 жыл бойы орыс мек­тебінде оқыған балалар жо­ғары оқу орнына түскен кезде қазақша сөй­лемек түгіл, аты-жөнін де айта ал­май­ды. Сондықтан осы пәнді оқыту сапасын тексеру және қазақ тілі пәнінен мемле­кеттік емтихан енгізу қа­жеттілігі туындап отыр. Бұл мәселені об­лыстық мәслихат депутаты Ербақыт Аман­тай өз бақылауына алып, тиісті бас­қарма мен министрлікке хат жолдайтын болды.

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы