Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу орнының ректоры Дархан Биляловтың авторлығымен «Педагогикалық сынып» жобасы ұйымдастырылды. Жоба оқушыларды педагогикалық мамандыққа ерте бейімдеуді мақсат етеді.
Жасыратыны жоқ, мектеп түлектері арасында әлі де гранттың көп болуын басты фактор санап, педагогикалық мамандықты таңдайтындар бар. Салдарынан қазір мектептерде «кездейсоқ» мұғалімдердің қатары көбейді.
Салада қордаланған мәселелерді шешу тетігін еліміздегі педагогика ғылымының қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұсынды. Оның авторы – университет ректоры Дархан Билялов. «Педагогикалық сынып» деп аталатын пилоттық жоба Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика лицей-интернаты, И.Мандоки атындағы №154 мектеп, №81 мектеп-гимназиясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің арасындағы ынтымақтастық келісімі негізінде жүзеге асырылды. Жобаға 10-11 сынып оқушылары қатысты. Мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге бағытталған бағдарлама арқылы педагогикалық қызметке бейімі бар мектеп оқушыларына ойшылдар мен ағартушылардың өмірі, қызметі, идеялары, тағылымдары негізінде оқушыларды мұғалімдік мамандықтың пайда болу және даму тарихы таныстырылды. «Заманауи идеал мұғалім және оның жетістігінің сыры неде?» деген сұрақтың жауабын іздеді. Гуманизм, жауапкершілік, әдеп сияқты педагогикалық құндылықтарды танып, қарым-қатынас жасаудың жолдарын, негіздерін үйренді. Оқушылар бұл жоба арқылы өздерінің жаңа қырларын ашып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсті. Білім беруден бастап маман даярлау ісіне тікелей әсер ететін жоба оқушылардың педагогикалық мамандықты таңдауына бағытталған.
Алғашқы педагогикалық сынып сабақтарында сөйлеу мәдениетіне ден қойылып, оқушылар ойларын анық, қисынды әсерлі жеткізе алатын болды. Алғаш сахнаға шығып, өнерлерін көрсеткен оқушылардың тың қабілеттері танылып, тұлғалық болмысын қалыптастыратын алғашқы қадамдарын жасады. Оқушылар сабақтың қызықты өтетінін, көп нәрсе үйренгенін айтып жатады. Оқушылардың жылы лебіздері мен жеткен жетістіктері «Педагогикалық сынып» жобасының жоғары нәтижеге қол жеткізгенін көрсетеді. Еліміздің білім беру саласын өркендету, мұғалім мамандығының қадір-қасиетін арттыратын жобаларды ұйымдастыру – жас түлектердің және болашақ педагогтердің идеяларына, ішкі әлеміне, алаңдататын сұрақтарына мән беруден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Барлық сұрақтың жауабын беріп, мұғалім мамандығының проблематикасын ашатын кілт – оқушы. Оқушының күнделікті сабақ барысында туындайтын мәселелеріне назар аудару арқылы, балаға құлақ асу арқылы мұғалімдік қызметті сапалы атқарудың жолын көрсетеді.
Бауыржан САЙДАХМЕТОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Педагогика кафедрасының
қауымдастырылған профессоры,
пилоттық жоба жетекшісі