Бұл жолы жекелей сында еліміздің әр өңірінен келген 54 гимнаст сынға түсті. Ал топтық жаттығуда 12 команда бақ сынады. Бұл қатарда Елжана Таниева, Эрика Жайлауова, Милана Парфилова сияқты халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама өкілдері бар.
Шығыршықпен өнер көрсетуде ұлттық құрама көшбасшылары ешкімге дес берген жоқ. Бас жүлдені Елжана Таниева алса, Милана Парфилова күміс, Айбота Ертайқызы қола медальға қол жеткізді.
Елжана Таниева доппен жаттығуда да чемпион атанса, Айбота Ертайқызы 2-ші, елордалық Эрика Жайлауова 3-орынды иемденді.
Ұршық пен лента жаттығуында Елжана Таниева үздік атанды. Күміс жүлде Милана Парфилованың, қола – Эрика Жайлауованың еншісінде.
Көпсайыста, яғни 4 құралмен өнер көрсетуде әр бағдарламада тұрақты нәтиже көрсеткен Эрика Жайлауова алтыннан алқа тақса (115,450 балл), шымкенттік Милана Парфилова (111,700 балл) мен Баян Қойбақар (102,950 балл) тұғыр биігінің қалған сатысына көтерілді.
Бұл сайыста финалға іріктеліп 15 гимнаст жолдама алған. Ал топтар арасындағы және командалық көпсайыста бірдей нәтиже тіркелді. Екі сында да Шымкент қаласы мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдесе, одан кейінгі орынға Астана мен Алматы қаласының ұжымы жайғасты.